Волонтерлік оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс
Құқықтық мемлекетте кез келген қарым-қатынас пен амал-әрекеттің арнайы заңнама шеңберінде реттелуі қалыпты жағдай. Тіпті біреуге қолдау көрсету, қайырымдылық жасау да заңмен дәйектелуі тиіс.

Мәселен, қазір халық көп жүретін орындарда қолына әйнек қобдишаны ұстап алып, кішкентай балалардың еміне ақша, көмек жинап жүргендерді жиі кездестіреміз. Олардың көбі – жастар. Баланың еміне деген сөзді естіген соң жүрегі нәзік, қайырымдылық жасауға құмар жандардың бәрі мүмкіндігінше сауапты іске үлес қосуға тырысып жатады. Алайда, қайырымдылық шарасын жастар жүргізіп жүргендіктен болар, азаматтардың көбі бұл жинаудың шынайы немесе жеке пайда үшін жасалғанына көз жеткізе бермейді. Өйткені, көпшілігі жастар алдамайды, біреудің қайғысынан ақша жасамайды деп түсінеді. Дегенмен, алаяқтық адам талғамайды. Полиция жариялаған статистикаға сенсек, керісінше осындай алдау жолымен табыс табуға әйелдер мен балалар бейім. Осы ретте елімізде «Волонтерлік қызмет» туралы заң бар екенін, кез келген ерікті жұмыс осы құжат аясында жүргізілуі керектігін еске салған артық болмас. «Волонтерлік қызмет» туралы заң 2016 жылғы 30 желтоқсанда қабылданып, 2017 жылдан бері қолданыста. Бұл құқықтық құжатта волонтерлік қызметтің құқықтық негіздері, мақсаты мен міндеттері, сонымен қатар оны қолдау шаралары дәйектелген. Осы заңның 4-бабына сай волонтерлік қызметтің міндеті қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектес. Соның ішінде саяси партияларды және діни бірлестіктерді қолдаған, кез келген нысан мен көріністегі терроризмді, экстремизмді көздейтін волонтерлік қызметке тыйым салынатынын қаперде ұстау қажет. Заңның 3-тарауында айқындалғандай, он сегіз жасқа толған жеке тұлғалар ғана волонтер бола алады. Әрине, мектеп оқушыларының волонтерлікпен айналысуына заңда шектеу қойылмаған. Дегенмен, бұл жерде ескеруге тиіс бірнеше тетік бар. 12-баптың 2-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың да волонтерлік қызметпен айналысуына рұқсат етіледі. Бірақ, бұл ерікті қызмет жасөспірімнің денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтірмеуі, сонымен қатар оқу процесін бұзбауы тиіс. Бұған қоса, он төрт жасқа толмаған балалар волонтер болған кезде ата-анасының (немесе өзге де заңды өкілдерінің) жазбаша келісімі керек. Немесе олармен жасөспірімнің волонтерлік қызметі кезінде бірге ілесіп жүруі шарт. Сондықтан, көшеде жәшік ұстап, қаржы жинап жүрген оқушыларды көрген жағдайда ақшалай қолдау көрсетпес бұрын, оның жеке басының деректерін сұрап, ата-анасынан рұқсаттың барына көз жеткізу керек. Бұл олардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Себебі, баланың сауапты іске жинап жүрген ақшасы қылмыскерлердің нысанына айналуы әбден мүмкін. Сонымен бірге, балаларға өз бетінше волонтерлікпен айналысып, айналасындағы көмекке зәру адамдарға да ақша жинауға болмайтынын, оның заңдық тетігі барын түсіндіру кезек күттірмейді. Заңда он сегіз жасқа толмаған волонтерлерді зілзала, апат, әлеуметтік жанжал, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен адамдарға көмек беру ісіне қатыстыруға болмайтыны анық жазылған. Сондай-ақ, жасөспірімдердің орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдай кезінде де жәрдемдесуіне жол берілмейді. Мұндай қатер кезінде жасөспірімдерді еріктілер қатарына қосу – жастарды өлімге итерумен тең. Осы бапта жастарды ауыр жұмыстарға, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстарға тартуға болмайтыны да нақтыланған. Бұл заңнаманың дұрыс орындалуын қадағалау құзырлы орындардан бөлек, жасөспірімдердің ата-анасы мен заңды өкілдеріне міндет.
Жас балалар үшін волонтерлар ұйымына мүше болып, жақсы істердің ортасында жүру зор мақтаныш. Содан болар, қазір жоғары оқу орындары мен колледждерді былай қойғанда, кез келген мектеп, гимназия, лицейлердің өз волонтерлік командасы бар. Десек те олардың «Волонтерлік қызмет» туралы заңды басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізіп жатқанын сараптап, таразылап, бақылап отырған құзырлы органдар жоққа тән. Соның әсерінен волонтерлар ұйымдары арасында бірлік жоқ. Егер осы ұсақ ұйымдарды бір жерге топтастырып, ынтымағын арттырғанда жастарға қатысты талай толғақты мәселе әлдеқашан шешімін табар еді. Мәселен қазір жастар арасындағы буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлімжеттік, суицид мәселесі қоғамда жиі көтеріледі. Және бұл тақырыптарды тек үлкендер сөз етеді. Ал бала мәселесіне балалар үңіліп, балалар бір-біріне өзара көмек көрсеткенде бұл түйткілдерді тарқатуға бір табан жақындар едік.
Сонымен бірге, волонтерлік қызметпен айналысып жүрген жастардың игі істерін насихаттау, көтермелеу жағы да кемшін болып тұр. Айталық, жоғарыдағы заңның 3-тарауы тұтастай волонтерлік қызметті ұйымдастыру және қолдауға бағытталған. Осындағы 12-баптың 10-бөлімінде көрсетілгендей, волонтер еліміздің заңдарында белгіленген тәртіппен білім беру грантын алуға, сондай-ақ балы өзге үміткерлермен тең болған жағдайда басымдыққа ие болуға, және патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін артықшылық иеленуге құқылы. Ал заңның дәл осы бабын волонтерлер пайдалана бермейді. Себебі, олар құжаттағы мұндай басымдықтан бейхабар. Әрі көпшілігі өзінің атқарған ісінің есебін жүргізбейді. Байқап тұрсақ, волонтерлік қызметті жүзеге асырып отырған ұйымдар да құжаттау ісіне, жастардың марапаттауға аса ынталы емес. Жастарды мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелегіміз келсе, жақсы іс жасаған балаларды көтермелеуден, марапаттаудан, халыққа насихаттаудан шаршамауымыз керек.
Бұл кемшіліктер өз кезегінде волонтерлер қызметін үйлестіру ісінің әлі де ақсап тұрғанын айғақтайды. Заңның 13-бабында волонтерлерді үйлестірушінің қызметі дәйектелген. Соған сәйкес, волонтерлер жұмысын ұйымдастыру, қауіпсіздігін қорғау, киіммен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету – үйлестірушілердің жауапты жұмысы. Бұл жұмысты мойнына алғандар сонымен бірге, ерікті қызметті орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне және жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге волонтерлерді оқытуы, жол көрсетуі тиіс. Қарап отырсақ, бұл мәселеде де ақтаңдақтар жетерлік. Жалпы, волонтерлік ұйымның волонтерлерді арнайы семинар, тыңдау, жұмыс кездесулерін, волонтерлердің слеттерін өткізу ісіне білім беру ұйымдарын тарта алады. Бұған қоса, волонтерлік ұйым өзі белгілеген тәртіппен волонтерлерді көтермелеуді жүзеге асырып, ел заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу және наградтау үшін топ алдында жүрген белсенді волонтерлердің кандидатураларын волонтерлік қызметті ұйымдастырушыға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ұсынуы тиіс. Дәл осы ынталандыру тетігін алдағы уақытта ширатып, жиі қолдану керек. Бұл жастар тәрбиесіне, қайырымдылықпен айналысатын ізгі тілекті жастар қатарын көбейтуге оң ықпал етеді.