«Матрица», «Алма» һәм «Өсек» жайында
Иә, кез келген туындының өз сүрлеуі /тарихы/ бар. Ол сүрлеу кейде бізге мәлім, көбіне беймәлім. Біз деп отырғаным – оқырман. Шығарма дүниеге келмес бұрын біз туындыгердің қиялында ғұмыр кешеміз. Туынгер қаласа да қаламаса да арамыздағы диалогқа ешнәрсе тосқауыл бола алмайды. Демек, автор мен оқырман диалогы кез келген өнер туындысының маңдайына жазылған. Ол диалог туынды бітпей тұрып та толастамайды. Ал біткен соң екібастан тоқтау жоқ. Ал енді әңгіме /роман, повесть, сценарий, поэзия т.б./ бітті. Осы тұстан әлгі қиялдағы оқырман, шын оқырманға орнын береді. Шын оқырман әлеуметтік желіден, кітап сөрелерінен, өзара шүйіркелесуден, әдеби пікірлесуден, өзіндік ізденістен, монологтардан тұрады. Осы тірі оқырман көбіне туындының тағдырын айқындайды. Әлгі сүрлеудің ғұмырын осы белгілейді. Кейде мұны тарихи сүзгі деп жатамыз, кейде шығарманы бағалау деп жатамыз. Қалай болғанда да тірі оқырманның пікірі әлгі сүрлеудің желдірмесін айқындап береді. Сондай тірі оқырманның бірі ретінде әлеуметтік желіден осы үш әңгімені оқып шықтым. Әңгіме болар, новелла, повесть болар, кім болса да бастысы сөз өнері ауылының тұрғындары. Осы заманның оқырманы деген жауапкершілікті арқаланып ойыммен бөліссем дедім. Үш туындыға да жеке тоқталып, талдап, арнайы пікір білдіруге талпынбадым. Себебі, ол кәсіби сынның нысаны. Оның өз мамандары бар. Ал мұны тірі оқырмандар арасындағы пікіралмасу деген дұрыс шығар.
Оқырман рөлінде болғандықтан өзімнің оң жамбасыма келетін «ынтықтырды ма?», «сендіре алды ма?» «жалықпадым ба?», «өрем өсті ме?» деген сауалдардың аясында талдадым. Көпке қызықсыз, газет, журнал, монографияларға өтімді етіп жазуды мұрат тұтпадым.
«Алмадан» бастайын. Бас аяғы жұп жұмыр. Сендірді, жалықтырмады. Қалай басталса, солай аяқталады. Бастысы шынайы, әрі сол шынайылықты ұстап тұра алған. Жасандылық жоқ. Баяндаудың ішінен әңгімелеуді сәтті алып шыққан. Әлбетте, басты кейіпкердің ішкі комплексіне қатысты тұсын тереңдетсе екен деп отырдым. Бірақ, шағын детальда оқырман өресімен айналысып отырғаннан гөрі, сол детальды қаз-қалпында бере білу әлдеқайда үлкен жетістік қой деп топшыладым. Сонымен «Алма», көтерген жүгімен жетене таныс сүйкімі бар әңгіме көрінді.
Оқи отырыңыз: Есбол Нұрахметтің «Алма» новелласы.
«Өсек». Әңгіме, өсектің өзін де, таратушыларын да, құрбанын да бірге баяндауды жөн көріпті. Онысы нәтижесіз деуге келмейді. Өсектің дамылдаған жері ауыл шетіндегі тоқал там. Оны да қажет жерінде тиімді қолданған. Заттық әлемнің шығармадағы қызметі дейміз бе мұны? Кейде осындай тәсілдер кейіпкерден артық күшке ие болып жатса несі айып?! Өзіміз көп айтатын Гюгоның әйгілі туындысындағы материалдық «кейіпкерлердің» өмірі шын кейіпкеріңді жолда қалдырмап па еді?!«Париж әулие ана шіркеуінде» романның бар қызығы заттық әлемнің, көбіне көп шіркеудің маңынан өрбімеп пе еді... Тоқал там ондай батырлық көрсете алмады, әрине.. Әттеген-ай. Көрсетіп кеп жіберсе, шәпкемізді шиіре лақтырар ма едік. Жалпы өсектің ауқымы кең. Табиғаты тым терең. Тылсым. Өнермен де туыстығы бар.
Ал әңгіме «Өсек» те сол ауқымды алқапты игеруге тырысқан. Тақырыпты оқырманға таныс жерде таныстыруды мақсат еткен. Қазіргі қоғамның ұсақталуын мұртты жігіттің өсекке старт бергенімен сәтті келтірген! Еркектен құт кетті деген осы.
Шығарманың финалында дүдәмәл күй кештім. Дүдәмалдық сенімсіздіктен бе!?Ол жағын білмедім. Жалпы финалға бөлек пәтуа жүрмейді. Себебі, туындының қай кезде де бас аяғы бір бүтін. Бастағы жара аяққа, аяқтағы жара басқа органдарға шаба береді...Жара дегенде еске түсті, әңгімеде сиырдың «бақырып», жараланған желінінен «сүт» аққан тұсы бар... Ұсақ тіркестерге бармайықшы дедік қой. Ал әңгіме бойында әдейілеп таңылған мотивтерден сырт айналып кете алмаймыз. Сиырдың оқиғасын өзім солай қабылдадым. Әңгіме тақырыбында небір маневр жасауға болатын кеңістік бар еді. Соларды әлі талай айналдыруға болады... Әңгіме осымен бітпейтін де шығар... Қазірдің өзінде көп жетістігі бар. «Алма» тәрізді «Өсек» те баяндауда еркін желдіртеді екен. Осы халінде де «Өсектің» оқырманы аз болмас.
Оқи отырыңыз: Темірлан Қылышбектің «Өсек» әңгімесі.
«Матрица». Әңгіме басында оқырман ретінде нені басымдыққа аламыз дегенді айттық. Соның ішінде «Өрем өсе ме? дегені бар еді. Бәрекелді! «Матрица» танымды іске қосты. «Матрицаның» «Алма» мен «Өсекке» қарағанда маневр жасайтын кеңістігі әлдеқайда кең. Тіпті, салыстыруға келмес. Қалай құбылтам десе де – өз еркі. Бұл пікір-мақаламда автордың орнын туынды алмастырғанын байқаған шығарсыздар. «Матрица» бізге өзіндегі түрлі сценарийлерінің бірінен ғана дәм татқызғандай көрінді. Дәмін сезіне білдік пе? Сездірте білді ме? Гәп осында.
Бұл әңгімеге мұқату да, мадақ та қажет емес. Мұнымен біртүрлі монолог түстес диалог керек. Өзім солай пайымдадым. Бірақ әлгі артымыздан бір елі қалмайтын көркемдік бүтіндік деген ханшайым бар ғой. Ол бөлек тақырып. Иә, одан қашпаймыз. Сыпайы қатынасқа көшеміз. Себебі, танымдық баян алға шыққанда шығарманың басқа көркемдік тіректері аяқ тартатыны бар. Ол енді басқа әңгіме. Біз сол танымнан тартайық.
«Матрицада» таным тайталасы бар. Бірақ жүйесіздеу көрінді. Бұл «Матрицаның» «әдептілігінен-ау». Бұл «Матрицада» замандастарына да тән көңілжылпастық бар. (Жалпы кейде біз өнер әлемінде бүгінгі күннің өзектілігі дегеннің де шарттылық екенін ұмыта береміз. Өнерге бағдарламаның, авторға журналистің міндетін тықпалай береміз. Өнердің энциклопедия, не әлеуметтану сөздігі емес екенін назарға ала бермейміз) Әдептілік дегенде біз әңгімедегі бүгінгі күн шындығын көрсететін тұстарын айтып отырмыз. Қағазбастылық, қазіргі ғылымның жағдайы, әкімнің жылда берілетін шәкіртақысы, кредит төлеу, ғылыми грант әуресі, бәрі-бәрі «Матрицаға» қосымша міндет жүктейді, оқырманға да. Бұл бәлкім әңгіменің түпсанасында, бейсаналы жатқан жауапкершілік те болар, ол жағы бізге беймәлім. Аталған жайттардан өзге әңгіменің арқалаған жүгі, идеялық тереңдігі де бір әңгімеге, тіпті ондаған әңгімеге жүк боларлықтай еді. Танымдық проза сүрлеуіне түскен соң, соны тереңдете түссе екен дейсің. Досжанның ішкі әлеміндегі жаратқан мен жаратылған диалогынан байлам тапса дейсің.
Әлбетте, «Матрицада» әлеуметтік мәселені бірге өре отырып, өзі де негізгі пәлсафалық тұжырымын бере білген. Бұл туындының мықтылығы. Әңгіме, сол диалогпен аяқталады. Оған дау жоқ.
«– Адам миы мен компьютер арасындағы тылсым күш? Ол не тағы? – деп бастық ойлана қалды да қазақы қария көрген көкірегі күкіртше лап етіп: «Астапралла! Астапралла!» – деп маңдайындағы терін сүртті.
– «Не» емес, «кім?» шығар. Иә, кім?..»
Бұл «Матрицаның» Вачовскилерге берген соққысы. Өзіндік соққы. Ұлттық таным соққысы. Бірақ, сол соққының жолы ауырлау болғандай. Әңгіме басында кейіпкерді капсула ішіндегі адам деп суреттеуін есепке алмағанда, әйелімен, бастығымен болған диалогтардың көбі нағыз матрицалық таным тайталасына тұсау. Сол себепті, өзім қалай болар екен деп, 32 беттік «Матрицаның» бел ортасынан бөліп тастап, матрицалық бөлігін оқып көрдім. Жалпы түсінікті. Мұндағы айтпағым, бұдан былай «Матрица» еркін көсілсе екен деген ой. Егер тірі оқырманның танымдық тағатсыздығын /тойымсыздығын/ есепке алмағанда «Матрица» өз биігін бағындыра білген. Әңгіменің мағыналық әлемі, баяндау шеберлігіне сүйсінесің. Ал құрылымдық жағына ізденіс қажет.
Оқи отырыңыз: Досхан Жылқыбайдың «Матрица» әңгімесі.
Осымен «Алма», «Өсек», «Матрица» жайлы оқырман пікірі тәмам. Айту қажет пе, білмедім. Осы әңгімелермен туыстас туындылармен таныс емеспін. Бұған дейін талданса, бағаланса, олармен де танысу реті келмеді. Сәйкесінше авторлар жайлы да мағлұматым аз. Жалғыз білерім, үш туынды да – қазақтың қазіргі прозасы. Сол прозадан карантин кезінде дәм бұйырды. Бір тілек бар, авторлар өздерінің ішкі әлеміне тереңдесе екен. Сананың азаттығы жайлы ойланса екен...
Құрметпен,
тірі оқырман болуға талпынып жүрген Ұлан Еркінбай
(Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы – редакция)