Автобиографизм мен псевдобиографизмге әуестік өзін ақтай бермес...
– Ағай, шығарманы біреулер теориялық жақтан талдағанды ұнатады. Екіншілері практикалық талдауды қолайлы көреді. Осының қайсы шығарманы тереңірек ашады?
– Сыни мақаланың таза теориялық немесе тек практикалық талдаулардан тұруы шарт емес. Мәселенің мәні басқада. Әдебиет теориясы мен әдебиеттану бір-біріне ықпалдас екі сала, бірақ мақсаты мен міндеттері бөлектеу. Теориялық зерттеулер көбінесе кәсіби дайындығы бар мамандарға арналса, сыни мақаланың оқырманы әр түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болуы мүмкін. Сондықтан қолына қалам алған әрбір сыншы алдымен не туралы, кім үшін, неге, қалай жазамын деген сауалдар төңірегінде терең ойланып алғаны дұрыс. Әдеби мәтінді талдаудың типологиялық, дискурстық, салыстырмалы, поэтикалық, семантикалық, герменевтикалық амал-тәсілдері бар. Оперативтілік, объективтік, әлеуметтік белсенділік, коммуникативтік әлует сияқты көсемсөз қағидаттарын да ескеру керек-ақ. Әдеби сын да осындай негіздерге сүйенгені жөн шығар. Әрине, сыншы тұлғасы, өзіндік тұрғысы мен ұстанымы тек субъективтік ынта-ықыластан тұрмайды ғой. Топтан топысын ерекшелеу үшін ақылгөйсу, ділмәрсу, жеке пікірін оңды-солды тықпалай беру ешкімге абырой әперген емес. Оқырманымен ой бөлісуге, әңгіме-сұхбат құруға, авторға, мәтінге құрметпен қарауға шақыратын сынның орны бөлек. Сонымен бірге дерек пен дәйекке сүйенген объективтік талдауды өзінің орынды субъективтік пікірлерімен байытып отырып, әдеби туындыны жүйелі түрде талдау қажет. Мәтін төңірегінде ауани ойларға орын беру, автордың атына айтылған жөнді-жөнсіз мақтау мен даттауға әуестік абырой әпермесі хақ. Әдеби шығарманың тарихи-әлеуметік, тұлғалық, шығармашылық тамырларын тап басып тану үшін талай болмысқа жүгінуге тура келер, өйткені бүгінгі оқырманның өресі биік, талғамы терең, дайындығы жоғары. Оқырманымен тең дәрежеде, тіпті кейде өзінен биік қоя отырып ой бөліскен сыншының еңбегі еш болмайтынына мысал көп. Теориялық тыңғылықты дайындық дүдәмәл пікірден, сыңаржақ тұжырымнан, екіұдай қорытындыдан сақтандырып тұратыны анық.
Әдеби сын – ғылыми және көркемдік ойлаудың синтезі, бұған сыншының шығармашылық көкейкөзі қосылады. Өйткені ол әрбір елеулі шығарманың автордан оқырманға тартатын жолындағы ақпарат каналы, көпір, делдал. Сыншы мақаласы авторға да, оқырманға да арналады. Автор үшін өз шығармасының қабылдануы мен танылуы маңызды болса, ал оқырман әдеби ағымдағы құбылыстардан хабардар болып отырмақ.
Демек, әрбір сыншынын оқырманы мен теориялық-практикалық дайындыққа жете көңіл бөлгені құба-құп.
– Бізде әдебиет теориясы қаншалықты зерттелді?
– Әдебиеттанудың негізгі салаларының бірі – әдебиет теориясы екенін білсек те, оны дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей жүргеніміз қынжылтады. Арнайы дайындықты, ауқымды кәсіби біліктілікті қажет ететін аталмыш саланың мамандарын дайындауда назар аударатын мәселелер баршылық. Филология факультеттерінде «Әдебиеттануға кіріспе» және «Әдебиет теориясы» пәндеріне бөлінетін оқу сағаттарының саны жеткіліксіз. Бағдарламалары жетілдіруді қажет етіп отыр, жаңа үлгідегі, заманауи талаптарға жауап беретін оқу құралдарын дайындау да кезек күттірмейтін мәселелер қатарында. Қазақстанда «әдебиет теориясы» мамандарын арнайы дайындайтын оқу орны жоқ, себебі бұл сала мамандық ретінде реестрге енгізілмеген. Тек қана магистратурада «әдебиеттану» деген мамандық бар, оған бөлінетін грант саны мардымсыз. Сонымен қатар елімізде бірде-бір арнайы «Әдебиет теориясы мен әдіснамасы» деген кафедра жоқ. Әрқилы оңтайландырулар нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі осындай кафедра және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы бөлім қысқарып кеткен. Арнайы Ғылыми орталықтарды қайта жасақтап, оларды әдебиет теориясының зәру мәселелерін шешуге жұмылдырудың амалдары көп қой. Қоғамдық газет-журналдар теориялық мақалаларды басуға құлықсыз, сондықтан әдеби журналдардың «Әдебиет теориясы мәселелері» деген рубрикалар ашқаны артық болмас. Сонымен қатар арнайы ғылыми конференциялар ұйымдастыру, әдебиет теориясы пәнінің оқытушыларының біліктілігін арттыру жұмысын жандандыру қажет. Түйіп айтсақ, аталмыш ұйымдастыру шараларына қоса докторантура мамандықтарының тізіміне «әдебиет теориясын» арнайы түрде енгізген қисынды. Теориялық зерттеулерге құлшыныс аздау, талапкерлер көбіне жалпыфилологиялық тақырыптарды таңдайды. Оның себептері тереңде. Кем дегенде екі жарым мың жылға жуық тарихы бар бұл саланы меңгерудің қиыншылығы жетерлік. Платон, Аристотель, Гераклиттен басталған классикалық филология негіздерін, орта ғасыр ойшылдарының теориялық зерттеулерін, жаңа заман ғылымындағы теориялық ой-пікірлерді жүйелі игеру көп уақытты, ерік-жігерді, ыждаһаттылықты талап ететіні анық. Яғни, бакалавриат-манистатура-докторантурада үздіксіз дайындықтан өту әдебиет теориясының білікті мамандарын дайындауға мүмкіндік берер. Заманауи оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға конкурс жариялаған дұрыс болар еді. Еліміздегі оқу орындарында бірер оқу құралдары ғана қолданылып жүр. Олар өткен ғасырдың 70-80 жылдары жазылған, ертеректе өзін ақтаған басылымдар. Әдебиет теориясы жаңа терминдермен, тың ұғымдармен, соны көзқарастармен толығуда, осындай ғылыми ақпараттарды қамтитын басылымдар дайындалуы өзекті. Көршілес Ресейде соңғы 20 жылда бір-бірін қайталамайтын ондаған оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрген, оларды «Академия» орталығы сараптамадан өткізіп, арнайы серия етіп басып шығарып жатыр. Осындай үрдіс бізге де тиімді болар еді-ау. Глоссарийлер, практикумдар, сөздіктер, соны әдістемелік құралдар дайындаудың мезгілі жеткендей.
– Кеңес кезіндегі теориялық кітаптар ескірді дейсіз ғой...
– Сөз өнеріне қатысты теорияларды жалпы, жеке және арнайы деп бөлу қалыптасқан. Өнер атаулығы ортақ сипаттарды, көркем әдебиеттің тарихи дамуының үдерісін, көркем мазмұн мен пішіннің байланыстарын, әдеби танымның сипаттарын, коркем әдебиеттің рухани дүниенің ерекше түрі екендігін ауқымды материалдар негізінде зерттеген еңбектер құнын жойған жоқ. Ерекше өнер түрі ретінде оның қай қоғамда болсын өмір сүруін қамтамасыз етіп келе жатқан синергетикалық заңдары бар, әрбір әдеби орта, шығармашылық тұлға оларды мойындайды. Сонымен қатар әдебиетке әсер ете алатын белсенді ішкі және сыртқы факторлар бар. Әрбір қоғамдық формация, әлеуметтік құрылым сөз өнерінің тәрбиелік, тағылымдық, коммуникативтік, компенсаторлық әлеуетін пайдалануға тырысатыны жасырын емес. Белгілі бір топ, тап, саяси күштердің өз мүддесіне сай әдебиет жасау үшін ойлап тапқан теориясымақтары бар, олар тек бір шектеулі кезеңнің, санаулы шығарманың шеңберінде ғана қолданылады. Ғылыми ойдың дамуы объективтік негіздерге сүйенеді, ал әрқилы даурықпа саяси мақсат-мүддеге қызмет ету үшін қолданылған көзқарастарды сын көзімен бағалап отырған орынды. Бірақ оларды мансұқтағаннан гөрі, пайда болуының себептері мен алғышарттарын, салдарларын тиянақты біліп отырған орта ұтылмас. Соцреализмнің методологиялық негіздерінің қалыптасу тарихын жақсы білген адам «Абай жолы», «Қан мен тер», «Көшпенділер» сияқты шығармалардың сол кезеңде қалай жазылғанының себептерін талдай алады. Жекелеген теориялық тұжырымдарға қатысты әр кезеңде әрқилы бағалар беріледі, бірақ осы кереғарлықты түсіну нақты талдау мен жүйелі зерттеу негізінде жасалғаны орынды. Өткен тарихи-әдеби сабақ пен нақты тәжірибеге жүгінгенде тиімді шешім шығар. Әр шығарманың бойында оны түсіну мен танудың ереже-қисындары, амал-тәсілдері бірге өмір сүре береді деген пікірге де ойлана қараған жөн болар. Өзінің құндылығы ескірген әдеби туындылар негізінде туған теориялар да ескіреді-мыс атты пікірлерге қосыла салу қиын. Өше жаздап барып қайта жаңғырған, тез жетілген, әмбебап сапаға жеткен теорияларды қайда қоясыз. Өткенге түсіністікпен, құрметпен қарау теориялық өсіп-жетілудің алғышарттары екенін ұмытпайық. Идеалистер мен формалистер арасындағы дау-дамайдың жуық арада біте қоймасы белгілі. Сөз өнерінің табиғатынан туындайтын ғылыми заңдылықтар айналымда жүре берер, ал әркилы кезеңдік, саяси, дарашыл пікірлер заманымен ғана қызықты болып қалатындай.
– Модернистік, постмодернистік шығармалардың ара-жігін қалай ажыратамыз?
– Модернизм – ХІХ ғасыр аяғында басталып, ХХ ғасыр басында қалыптасқан көркемдік-эстетикалық концепция. Мазмұны күрделі, мағынасы көп қабатты, қызметі сан алуан. Сол кезде ХІХ ғасыр әдебиеті қалыптастырған либералдық-гуманистік көзқарас әлеуметтік сергелдеңге түсті. Қоғам мен өмірде болып жатқан өзгерістерді бұрынғы реалистік баяндаумен, қасаңдау сюжеттермен, ақылгөй автор көзімен бейнелеу қиын болды. Сонымен қатар қоғам тек үздіксіз ілгерілеп дами береді деген позитивтік дүниетаным тоқырауға ұшырай бастады. Енді қоғамдық сананы тек тарихи-мәдени идея, әлеуметтік нормалар, мораль қажет бағытқа бастап отырады деген сенім жоғалған еді. Адамды билеп-төстейтін жасырын тылсым күштер, оны түсініп болмайтын іс-әрекетке итермелейтін құпия негіздердің бар екенін тәжірибе жүзінде дәлелдеп берген басқа ғылымдар ұсынған идеяларға сөз өнері де назар аударған. Сана, түпсана, көкейкоз, ішкі «Мен», ұжымдық сана көріністері, хайуандық кезең қалдықтары сияқты негіздер көркем адамтануда да қолданыла бастаған еді. П. Верлен, А. Рембо, Ш. Бодлер сияқты қоғамнан «қарғыс» естіген қаламгерлер адам жанының қалтарыстарына үңілді, оның қисынсыз, түсініксіз іс-әрекеттерінің себебін сырттан емес, ішкі дүниесінен іздеді. Олар өзіне дейінгі әдебиетті қатаң сынап, өнердің пәлсапалық негіздерін қайта құруға үндеді, бұл көзқарас әдеби ортада кең қолдау тапты. Нәтижесінде символизм, импрессионизм, кубизм, футуризм, имажизм сияқты әдеби ағымдар мен мектептер қалыптасқаны тарихтан белгілі. Олардын бәрін біріктірген ортақ идея мынадай еді: ол – өткенді құрдымға жіберу арқылы жаңа тарихи өзгерістерге апаратын тәжірибе алаңын жасақтау болатын. Бұған сол кезеңде Европа елдерінде белең алған тарихи-әлеуметтік дағдарыстар мен тоқыраулар да өз үлесін қосқаны анық. Модернистер нақты өмірлік құбылыстар мен оқиғаларды бейнелеу арқылы адамды танып бейнелеуге күмәнмен қарады, өмірлік шындықты елемеді. Олардың орнына қиялдан туған шартты суреттерді ұсынды. Адами болмысты тек алогизм, түпсанадағы жасырын билеу орталықтары, санадағы деформация, жалған мағына тудырушылық арқылы танып білуге ұмтылды. Америка психологы У. Джеймс, француз ғалымы А. Бергсон, З. Фрейд пен К. Юнгтың еңбектеріндегі теориялық негіздерге сүйенді. Адамнын ерік-жігерін, ой-сезімін, ниетін бақылап-басқарып тұратын, оны ырқына көндіретін, дегенін істететін жасырын күштер, құпия ақпарат, танылмайтын сырлар адамның ішкі әлемінде ылғи өмір сүретініне сенім артты, енді бұрынғы қалыптасқан қоғамдық ой, мораль, рухани құндылықтар қауқарсыз деп саналды. Адам санасындағы «либидо», кумир, авторитет, нарциссизм, эдип комплексі, «зомби», «нирвана», суггестивтілік сияқты құбылыстар оқиға арқауына айналып, болмыс – абсурд пен хаостың мекеніне айналды. Ал қоғамдық тәртіпке, әлеуметтік заңға бағынған ескінің адамы енді рухани, моральдық жансынуларға ұшырайды екен. Өйткені бұл социум иррационалдыққа, бейсаналылыққа, ессіздікке, шешуі жоқ жұмбақтарға, түсініксіз сырларға толы екен. Өмір мен өлім жайындағы классикалық көзқарастар мазаққа ұшырады. Әрине, мұндай ойлар қарсылыққа да тап болып отырған, осындай
постмодернистік теорияларды француз Ж. Лиотар, америкалықтар И. Хассан мен Ф. Джеймсон, ағылшындар Д. Бойлер, Дж. Лодж және Д. Фоккема, Т. Дан сияқты европалықтар ұсынған. Олар постмодернистік менталитет қана заманауи тауқыметтерді бейнелей алатынын дәлелдеуге тырысқан болатын, алайда көбі Р. Барттың, Ж. Дерриданың, М. Фуконың пікірлерін дамытумен болды. У. Эко мен Д. Лодж постмодернизмнің пайда болуын мәдени кезеңдер ауысуда пайда болатын заңды құбылыс деп есептеген. Бір мәдени парадигма «сынып», оның бөлшектерінің жиынтығы басқаша дамуға негіз болады-мыс. Постмодернистер баяндау техникасына ерекше мән берді, әртүрлі қитұрқылыктар қолдануға әуес болып, автор мен кейіпкердің рөлін төмендетті. Осының арқасында, олардың ойынша, көркем мәтінде фрагменттік дискурстің мәні артады-мыс. Бастысы, постмодернистік бағыттағы қаламгерлер белгілі амал-әдістерді «жалаңаштауға», оқиғаларды «шешіндіруге» құмар болып, олар әдеби шығармашылықты тек субъективтіліктен, шарттылықтардан тұрады деп есептеген. Ақын-жазушы еңбегін бағалауда олардың «жазу беделі» маңызды еді, өйткені осы негіздің ғана танымдық сипаты мол екен. Дәстүрді мойындамау, беделдерді мазақ қылу, өмірді фарс пен иронияға, жалғыздық пен жатсынуға, невротик персонаждарға толы болмыс ретінде бейнелерге тырысу – аталмыш бағыт өкілдері үшін ортақ белгілер. Мұндай мәтіндерде әдебиетші-функционал, райтер, текстер, мәтінші, културал, орындаушы, кәсіпкер, ұжымдық авторлар пайда болды. Әрине, әлем әдебиетіндегі ізденістерге сергек қараған қазақ ақын-жазушыларының модернистік және постмодернистік үрдістерге өз көзқарастары болған, кейде аздаған ауыс-түйіс, бейімдеу, репродуктивтік сәттер байқалатынын зерттеушілер айтқан. С. Санбаев, О. Бөкеев, Т. Әбдіков, А. Жақсылықов, Р. Сейсенбаев және тағы басқа қаламгерлер туындыларында мифологемаларды көптеп қолдану байқалса, Д. Амантай «Түнгі жарық» романында «өлген авторды», А. Кемелбаева «Мұнара» әңгімесінде авторды кітаптар теңізін кезіп жүрген дәруіш етіп бейнелейді. Дәстүрлі автордың орнын скриптор, актор, актант, симулякр, бенефицарий, ауктор, нарратор, регистратор, атаусыз адамдар басқанына да куә болып жүрміз. Қазіргі кездегі ақындарда нарциссизмге мән беру, жалғыздықты жарнамалау, «өзгенің» көзімен, «бөгденің» сөзімен мағына үстемелеуге тырысу, мифодизайнға әуестену, манипуляцияға бой ұру, трикстер кейіпкерді суреттеу, авторлық масканы кию, әдеби ертегіге, гипер ақпараттылыққа, әдеби ойынға әуестік белгілері байқалатындай. Ал психоанализге сүйену жас жазушыларда жиі көрінетін жайттар, тіпті кейде шизоанализге бару да көрініс береді.
Ұлттық әдебиет өкілдерінің осындай ізденістері азды-көпті зерттеліп жүр, біршама ғылыми ақапарат жинақталған. Модернистік, постмодернистік ізденістерді байыпты талдау, орнықты бағалау қажет. Өмірді автордың өзі танып-түсінуі бар, ал оқырманына соны ұқтыру жолындағы шығармашылық іс-әрекеттің дәстүрлі құндылықтарға сүйенгені де орынды болар. Нақтылық пен шарттылық арасындағы аражікті, сана мен түйсік арасындағы нәзік байланысты байқап-бақылап отырған сарабдал қаламгер еңбегі орынды бағаланар. Сана дағдарысы, танымдағы тоқырау, сезімнің сергелдеңге түсуінің себептерінің объективтік және субъективтік негіздері бар екенін ұмытпаған жөн сияқты. Өзінің, өзгенің ішкі жан дүниесіне үңіле бергеннен гөрі анда- санда болса да айналаға, әлеуметтік ортаға, замандас тұлғасына да назар аударған дұрыс болар.
Модернизмге тән нақты ортаны адамға жау санау, әлеуметтік және рухани дағдарыстан қашу, қоғамның қатігез заңдарының алдындағы пенденің мүсәпірлігін корсету, басқа бір ауани әлем іздеу, өмірдің болмысын танудан бас тарту, айтылмайтын ақиқаттарды дәріптеу, ерекше сезімталдықты әспеттеу, мистикалық мазмұнға ұмтылу, ассоциациялар мен аллюзияларға толы елес әлем, шартты дүниеге басты орын беру сияқты үрдістер мен амал-тәсілдерді біле жүргеннің артықтығы жоқ. Авторлық эпатаж, өзін-өзі жоққа шығару, пішін маңайындағы қисынсыз, парықсыз тәжірибелер ешбір суреткерді өрге шығарған емес. Модернистер «ұсынған «метафоралар диалогы», «сезімдік кентаврлар», «коннотациялар», «сезім мәтіні» ойлана қарауды қажет етеді. Ал әртүрлі инсайттар (жарқ ету) мен клайп-шешімдер (klap – найзағай соққысы) қолдануда абай болған жөн.
Модернистер бейнелеген әлемде «бақытсыз сана» иелері және «жалғыздар тобырынан тұратын қоғам өмір сүріп жатады, онда диалог жоққа тән, әркім өзімен-өзі. Шығармалар үзік-үзік суреттерден, қисынсыз фрагменттерден құралады. «Қара юморға» әуестік, нақты өмірді трагифарсқа айналдыру, одан транцендеттік мағыналар тудыру, жақсы мен жаманның аражігін айырмауға тырысу басым. Ф. Кафка, М. Пруст, Д. Джойс, Т. Элиот туындыларындағы тұлғалар өзі сүрген қоғамдағы абсурдизмге тәуелді болып бейнеленген. Инстроспекция, әрқилы архетиптер, ілкі модельдер, мифтік образдар, ойын, травести, ессіз сәттер болмысты шартты түрде түсіндіруге қолайлы саналды. Қоғам мүшесі осындай абсурдқа толы ортада герметикалық күйге түсіп, өз ахуалына баға бере алмай қалады. Енді әрбір социум мүшесі «модернистік сананы» бойына сіңіріп, «модернистік уақытта» өмір сүруге тиіс болатын. Көркем әдебиеттегі автор тұлғасының шығармашылық қарымы, қабылеті, қызметіне назар аударылмады, оқырман алдындағы қадыр-қасиеті әдейі төмендетілді, сөз өнерінде қаһармандарға орын жоқ болды. Өнер атаулы модернистик және модернистік емес деп екіге жарылды, екі тарап арасында күрес жүріп жатыр. Гуманитарлық көзқарастық беделі қайтадан жоғарылай бастады, сөйтіп ХХ ғасырдың соңғы ширегінде басқа постмодернистік идеялар күш ала бастағаны мәлім. Постструктурализм мен деконструктивтік көзқарастарға сүйенгендер саны артты. Мұнда да бұрынғы модернистік «беделдерді күйрету» басты мақсат болды. Дүниетаным енді түйсік, сезімдік елестер арқылы жаңа сапада суреттелді. Постмодернистер үшін «әлем – хаос», «дүние – мәтін», «сана – мәтін» сияқты дихотомиялық ұғымдар төңірегіндегі ізденістер қызық еді. Жаңа заманда «ескіше» жазуға жол жоқ деп санаған олардың өздері постмодернистік сана мен сезімталдықты дамытуға күш салды. Ағартушылық және реалистік әдебиет «алдамшы сана» қалыптастырады-мыс деп, «европалық дәстүрге» қарсы шықты. «Поэтикалық ойлау», «поэтикалық тіл», «сарабдал суреткер» сияқты ұғымдарға ерекше мән беріле бастаған болатын. Сонымен бірге «эпистемиологиялық абдырау», «авторлық маска», «қосарланған код», пастиш, интер мәтінге әуестік, дисреттілік, нонселекция, метаәңгіме тәріздес ұғымдар шығармашылық үшін басты болып санала бастады. Постмодернистердің дені өнер мен әдебиетте адам моделін бейнелеудің ешқандай мағынасы жоқ деген пікірді жақтауда. Тек «тілдік ойындар саясаты» ғана «тілдік сананың» өтірігін әшкерелеуге қабілетті екен. Реализм тәрбиелеген аңқау, сюжетке сенгіш, авторға ергіш оқырманға постмодернистік әдебиетте орын жоқ еді, өйткені олар реализмді мансұқтап, авангардтық бағыттағы шығармаларды қолдауда.
– «Ағым деген – дүниетаным», «Стиль деген – адам» дейді. Қазақ әдебиетіндегі стиль туралы не айтасыз?
– Стиль – ауқымы кең термин, оны қалыптастыратын ұғымдар қатарында мәнер, машық, дағды, ерекшелік, даралық, үйлесімділік, әдеби тіл, поэтикалық фигура, поэтикалық синтаксис, стилистика, жеке, жалпы, ортақ стильдер аталады. Әрбір белгілі суреткердін, әр әдеби бағыт пен ағымның, тіпті белгілі бір кезеңге тән стильдер анықталған, мұндай үрдіс ұлттық әдебиетімізге де тән. М. Әуезовтың қаламгерлік мәнері, Ғ. Мүсіреповтің суреткерлік ерекшелігі, О. Бөкеевтің стилистикасы, Қ. Мырзалиевтің шығармашылық дағдылары туралы қызықты зерттеулер бар. Әдебиетіміздің жаңа буыны өз стилін анықтау үстінде, ондағы ізденістер әркімнің дара қолтаңбасын қалыптастыруға бағытталғаны маңызды. «Стиль дегеніміз – адам» деген пікірді француз жаратылыстанушы ғалымы Ж.Бюффон колданысқа енгізген екен, бірақ әңгіме адам қабілеттері мен мінез-құлқы төңірегінде болған. Ал әдебиетшілер сол ойды көбінесе сөйлеу стилистикасына қатысты қолдануда. Қаламгердің өзін-өзіне және өзгеге таныту үшін жасалған эстетикалық ізденістер жиынтығы стиль құрайды деген пікір бар. Ал көпшілік қаламгердің жазу мәнері мен машығын, әдеби модаға қатысын тілді қолданудағы өзіндік ізденістерін стиль құраушы компоненттерге жатқызып жүр. Суреткердің көңілі қалаған, көкірегі ұйып, жүрегі иланған тақырыбын жазудағы ой иірімі, толғақты тебіренісі, сезім серпілтуі де стиліне әсер ететіні дау туғызбас. Стильді «айтылым типі», «идеялық – тақырыптық негіздер көрінісі» деп бағалау кездеседі. Көркем туындыларда әдеби стильден гөрі публицистикалық стильдік басым болып бара жатқандығы алаңдатады. Жоғары, орта, төмен стильдерді араластыра қолдану өзін-өзі ақтай бермес, Дара ой дара стильді талап етеді деген көзқарасты қабылдауға болар. Қазіргі қазақ прозасында таптаурын тақырып көбейгендей, шығармашылық амал-тәсілдердің дені өз дәрежесіне, мүмкіндігіне сай тиімді қызмет ете алмай отырғандай. Ойды орнымен қолдану, керек сөзді дір еткізіп өз орнына қою сиректеу. Ұзақ-сонар баяндау, сылдыр суреттеу, бедерсіз бейнелеу, орынсыз әуезе,дидактикалық сентенциялар көп кездесуде. Оралымды стиль оқырман үшін ойлап табылады ғой, сондықтан стилизацияға жиі баруды рецептор қауым қабылдай бермейтіні мәлім болар.
– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ізденістерді бақылай алып жүрсіз бе?
– Қоғамдағы іргелі өзгерістер тұсында, өтпелі кезеңде өнер атаулы әуелі абдырап қалып, артынан өткенді ақылмен шолып, ертеңге үмітпен қарай бастайды. Қазақ әдебиеті де осындай күйді бастан кешіріп отырғандай. Постиндустриалдық дамудың адам мен қоғамға әсері әрқилы. Сөз өнеріне деген оқырмандық сұраныс азайғанының да шығармашылыққа әсер-ықпалы белгілі ғой. Осындай уақытта ұлттық әдебиет өз миссиясын атқару үшін іштей дайындық үстінде сияқты, алдағы уақытта осындай шығармашылық ширығудың нәтижесін көрерміз.
– Сіз бір кезде «Шолпанның күнәсін» бізге басқаша талдап бергенсіз. Қазақ әдебиеті осы жиырмасыншы ғасырдың басындағы алғашқы үлгілермен даму керек еді деген пікір көп айтылады. Біз социалистік реализмді жазу арқылы қаншалықты ұтылдық? Неден айырылдық?
– Өркениет заңдары өткенген ойлана қарауды діттейді. Соцреализмді әдебиет тарихынан сызып тастау оңай, ал сол ыңғайда жазылған «Абай жолын», «Қан мен терді», «Махаббат қызық, мол жылдар» сияқты оқырманның қызыға оқыған жүздеген шығармаларын қайда қоясыз. М. Мақатаевтың, Қ. Мырзалиевтің, Т. Молдағалиевтың қазіргі күнде ерекше ықыласқа бөленіп отырған туындылары да сол кезеңнің жемісі ғой. Әрине, қабілеті кем қаламгердің билікке жақын болу үшін жазғандары бар. Ал шын дарын иесі қай кезде болсын, қандай шығармашылық әдіс қолданса да өз ой-арманын оқушысына жеткізе алған. Саяси сұранысқа сай тапсырыспен жазылған, жаттанды ұрандарға толы шығармалар өзі-ақ айналымнан шығып қалар. Соцреализмге бар пәлені үйіп тастаудан гөрі, оның жетістік-кемшілігін жас буынның жете білгені орынды болар. Алаш ұранды әдебиет пен теңдік ұранды әдебиет арасындағы қым-қиғаш тартыстарды байсалды бағалау керек. Алаш арыстары ұсынған балама ұлттық шығармашылық бағыт-бағдарды соцреализм түбірімен жоя алмады. Ғ.Мүсірепов сияқты тұлғаның бертінірек уақытта өз ұстазы Ж.Аймауытовты өмір бойы үлгі тұтқанын айтқаны мәлім, сырттай кеңестік жазушы болып көрінген талай аға буын өкілдерінің алаш арыстарына деген ішкі құрметін өзімен бірге ала кеткені жасырын емес. Соцреазизмді қазіргі күнде ешкім жарнамалай қоймас, ол тарих еншісінде. Алайда сол кезеңде ұлттық әдебиетте әлемдік сөз өнеріне тән барлық жанрлардың қалыптасқанын, ақын-жазушыларымыздың әлемге танылғанын, көркем аударманың өсіп-өнгенін ұмытпаған дұрыс болар. Реализм көркем ойлаудың өзіендік әдісі екені анық, сондықтан соцреализм-көркем сана мен танымның кезеңдік көрінісі. Оның шинелінен шыққан қаламгерлер әлі де ортамызда, ал сана мен түпсананы өзгерту оңай емес. Типтік характерді типтік ортада көрсетуге деген талаптын нормативизмге ауысып кеткені аталмыш әдістің дағдарысқа ұшырауына себеп болған.
Шолақ белсенділік, әдеби желік, айтқанға көне сал, жұмсағанға бара сал деген бағдарды алдымен түсінген, қапысыз меңгергендер болған. Жарытып мақтап, батырып даттауды кәсіп қылған графомандар табылып жатты. Әлеуметтік әбжілдік пен дүрмек, саяси қақпақыл, жиі өзгерген ресми уағыз әдеби алаңғасырлыққа, желөкпе желіпіністерге, рухани бойкүйездікке, кейде әумесерлікке ұрындырғаны жасырын емес. Сонымен қатар таразы талғам, ұшқыр қиял, әлеуметтік байыптылық, рухани байсалдылық та осы кезеңде аз байқалған жоқ. Даңқ қуған даңғазалық пен кәсіби бақастық, алауыздық пен арызқойлықтың сілемдері де шығармаларда жатыр ғой. Осының бәрін қазақ авторларының деніне тән деп айтқан дұрыс емес шығар, бірақ жоқ деген де жараспас.
Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Оралхандардың туындыларын тек қана заман ыңғайы, қоғам сыңайы, дәстүр аужайына тәуелді ете бермей, ондағы тарихи жауапкершілікті, әлеуметтік ашықтықты, рухани оралымдылықты, ұлтына деген алаң көңіл мен жанашырлықты таныған абзал.
– Қазіргі романдар жанр табиғатына жауап бере ала ма?
– Роман жазу үшін алдымен қабілет, дарын, шығармашылық қуат керек. Тақырып төңірегінде толымды ақпарат, оны игеретін білім-білік пен зерде, осының бәрін шығармашылық ұстанымға сәйкес қолдана алатын шеберлік те қажет. Өмірбаяны бар, бірақ романы жоқ қаламгерлер де бар ғой. Роман жазу әркім үшін міндет емес. А.Чехов әңгіме шебері ретінде тарихта қалды ғой. Минироманға деген әуестік әлем әдебиеттерінің көбінде байқалады, оған қойылатын талап қатаң. «Теңіз сыры – тамшыдан» деген нақылды ұмытпайық. Мәселе қампиған көлемде емес, мазмұнды пішінде және пішінді мазмұнда. Автобиографизм мен псевдобиографизмге әуестік өзін ақтай бермес.
– Жалпы көркемдік деген не сіз үшін?
– Осындайда бір ойшылдың айтқаны еске түседі. Ол әрбір сөзде кем дегенде екі мағына болатын мәтінді көркем шығарма деп есептеген. Айтылған (эксплициттік) гөйден гөрі айтылмаған (имплицитті) ойы көбірек шығарманы көркем дейтіндердің уәжі тереңде. Көркемдік – қасиет емес, ол сапа деңгейі дегенмен келіспей көріңіз. Әрине, көркемдіктің қабылдау мәдениетіне, түсіну деңгейіне, бағалау парқына тығыз байланысты екенін ұмытпаған дұрыс. Образды ойлау, «буулы сөзің, буынсыз тілің» (Абай) жоқ жерде көркемдік туралы ой айтуға болар ма екен
– Дүниежүзі әдебиетінен қазақ әдебиеті кем емес деген пікір көп айтылады...
– Әлемдік әдебиет деген шартты ұғым, ол ұлттық әдебиеттерден тұрады ғой, ендеше қазақ әдебиеті де осы санатқа кіреді, ал әдебиеттер арасындағы ықпалдастық, сабақтастық олардың дамуына оң әсер етіп отыр. М. Әуезовтей, Ш. Айтматовтай суреткерлері бар ұлттық әдебиеттер артта қалды деп кім айта алар. Тағы да осындай тұлғалар тәрбиелеуге негіз бар ғой. Тек ізденіс пен ынта-ықылас, күш-жігерді қамшыласақ болар. Әдебиеттер арасындағы иерархия салыстырмалы екенін ұмытпаған абзал.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бағашар Тұрсынбайұлы