Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек күні кеше Жамбыл облысындағы адам қағу дерегіне байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бақытжан Базарбек Facebook желісіндегі парақшасында тергеу амалдары жалғасып жатқанын атап өтті.
«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалар жүргізілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», деп жазды экс-депутат.
Сондай-ақ аудандық аурухананың дәрігерлеріне алғысын жеткізді.
«Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін. Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рақмет», деді Бақытжан Базарбек.