Географ-геоморфолог Серікбол Қондыбай туралы сыр
Серікбол Қондыбай туралы мақалалар

Ол «жазатын нәрсе көп, жазуға отыру керек еді... Әсіресе мені көптен бері қызықтыратын сала – мифология. Ол менің ойымды баурап та, жаулап та алды. Мендегі дағдыға айналған сауал – «неге ол басқада бар, қазақта жоқ?». Жазу керек, жазу үшін отыру керек...» деп жазуға арнайы уақыт бөліп, үстел басына отыруды ойына жиі алғанмен, күнделікті күйкі тірліктің ағынымен үстелге біржолата бет бұра алмады.
Алайда, «сөздің киесі» бар дегенге саямыз ба, әлде қазақ мифологиясына тыңнан сүрлеу салып, ғылыми ізденістер жасауы үшін тағдырдың өзі қалады ма – 27 жасында кездейсоқ оқиғадан соң арбаға таңылып, үстел басына біржола отыруға мәжбүр болды, осылайша өзі көптен айтатын «жазуға отырды». Ақтауда тоғыз жыл өмірін арбада отырып жан-жақтан сұратып алдырған кітаптарды оқып, зерделеп, ізденіп ғылымға арнаған, тек арнап қана қоймай қазақтың мифология ғылымына жол ашқан және әлемдік мифологияға тың пікірлерін қосқан, «арбада отырып әлемді шарлап», 36 жасында өмірден өткен философ, тарихшы, лингвист, этнограф, мифолог, өлкетанушы, публицист ғалымның 50 жылдығына арналып «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Қазақ Ұлттық университетін географ-геоморфолог мамандығы бойынша бітірген Серікбол Қондыбай алдымен мектепте ұстаз болып еңбек жолын бастап, кейін Маңғыстаудың мұражай, қорығында, өңірдің экология және биоресурстар басқармасында жұмысын жалғастырды. Осы жылдары туризм, ландшафт эстетикасы тақырыптарына, шежіре, аңыздар мен ертегілерге, жер-су атаулары мен оларға қатысты аңыздарға, деректерге, сондай-ақ әрбір сөз бен ұғымның этимологиясына қызығып, өз бетінше зерттеу жұмыстарын бастады.
– Серікболдың мүгедек арбасына отыруы менің жұмысымды, жауапкершілігімді арттырды. Ол іздеген, сұраған кітаптарды іздеп, ел асып-жер асып тыным таппайтын едім. Әзер дегенде тауып әкелген бірқатар кітаптарымды бетін ашып қарап, мынау өзгертілген деп, жауып тастайтын. Кейін бауырым өмірден өткен соң, оның мұраларын жинақтап, көздің қарашығындай сақтау менің міндетім болып қалды, – дейді апасы Балсұлу Қондыбай.
Ғалымның әр жылдары жарық көріп, оқырмандардың, ғалымдардың қызығушылығын тудырып, қолдауына ие болған «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Маңғыстау географиясы», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Есен-қазақ», «Маңғыстаунама», «Жауынгерлік рух кітабы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Эстетика ландшафтов Мангистау» сынды ғылыми еңбектері кейін толықтырылып, 16 томдық жинақ болып басылып шықты. Бірнеше рет түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік және теориялық конференциялар өткізіліп, мектеп оқушылары арасында тұрақты насихатталып келе жатқан ғалым мұраларына Шетпе ауылынан арнайы мұражай да ашылды.
Биыл С.Қондыбайдың жарты ғасырлық мерейтойына арналған конференция – бұл бағыттағы шаруалардың заңды жалғасы. Өйткені мифолог ғалым мен оның еңбектері туралы заманымыздың заңғар жазушысы атанған Әбіш Кекілбайұлы «Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақтануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу – осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саңлақ таланттың саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таңғалмасқа шара жоқ. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай» деген болатын.
Тағылымды шара
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Серікбол Қондыбай еңбектері арқылы әлемдік мифологияға арғықазақ (дей-түркі) дүниетанымы енгізген үлесті айшықтау, адамзат дүниетанымындағы дейтүркілік ілкі негізді көрсету арқылы ұлттық сананы жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция кең ауқымда өтті.
Олай болатын себебі – көкірегінде көне күннің күмбірі күбірлеп, ескіден сыр аңдып, бүгінгі тірлігіміздің түп бастау, негіз-тірегін іздеген Серікбол еңбегі – шексіз әлем. Серікбол тағылымы – арғы әлемнің тылсым сырына қызықтырған табалдырық, жұмбақ тұңғиыққа ашылған есік. Жоқ іздеген ғалым, арғытекті тануға талпынған жан үшін Серікбол жазбалары баға жетпес байлық. Өйткені Серікбол Қондыбай алғаш рет, арғықазақ (түркі) мифологиясын негіздеу тұғыры ретінде, әлемдік мифологияның кілттік ұғымдарына түркітекті түбір (праформа) тұрғысынан лингвистикалық талдау жасау әдіснамасын қолданысқа енгізіп, мифтанудың сакралды символдық таңбалану жүйесін жасақтады. Ол өзінің ғылыми-танымдық тұжырымдарын одан әрі мифтік-лингвистикалық зерделеуді барша түркітілді ізбасарлары жалғастыратындығына зор сенім артып кеткен болатын. Серікбол сеніміне сай, берері мол конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 мифолог, тарихшы, этнограф ғалым, Америка, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай сынды шет мемлекеттен 14 ғалым қатысты. Бұл Серікбол туындыларының тек отандық емес, шетелдік ғалымдардың да назарына ілігіп, олардың ғылыми қызығушылығын қалыптастырып отырғандығының дәлелі.
– Серікболдың ғалымдар тарапынан «Күн текті қаһарман», «Аңыз құсы» атануы жай болмаса керек. Ол бала жасымыздан жадымызға сіңіп, құлақта жатталған ертегі-аңыздардан қазақтың ілкі дүниетанымын, одан әрі түркінің түп-төркінін түгендеу арқылы әлемдік ғылымға олжа салған ғалым. Төсекте таңылып жатып-ақ әлемді қиялмен кезіп, дебюттік тосын пайымдарымен ғылыми ортаны дүр сілкіндірді. Конференцияда әлемдік ғылымның көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың шеті шығып, толғандырған сауалдардың жауабы табылады деп сенемін. Серікбол әлемі ғаламдық бәйтерек, ол әрі қарай тамыр жаюы үшін облыс әкімдігі тарапынан мынадай жұмыстарды қолға алып, іске асыруды көздеп отырмыз, – деді аймақ басшысы Е.Тоғжанов конференцияның ашылу салтанатында. Шарада ғалым туралы деректі фильм көрсетіліп, С.Қондыбай еңбектерінің жинағы бойынша құрастырылған «Байырғы қазақ дүниетанымының негізі» атты ғылыми энциклопедияның тұсауы кесілді, ақын О.Тұржанның Серікбол шығармалары негізінде жазылған «Мифтің түбі – ақиқат» қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Алуан тақырыптар, ұтымды ұсыныстар
Екі күнге созылып, пленарлық және үш тақырыптық секциялардағы дербес мәжілістер түрінде ұйымдастырылған конференция барысында 50-ге жуық ғылыми баяндама тыңдалды. Конференция жұмысына шетелдер мен республиканың ғылыми институттары және жоғары оқу орындарының танымал ғалымдары, өлкетанушылар, ұстаздар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Конференцияда Назарбаев Университеті Түркітану және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоглу «ХІІІ-ХIV ғасырлардағы Алтын Ордада ислам дінінің келуі жайлы кейбір түсініктер және Маңғыстау түбегінің ықтимал рөлі», Назарбаев Университетінің профессоры Фунда Гүвен «Ергенекон аңызы: өткені мен бүгіні», Гази университетінің (Түркия), доценті Осман Кабадайы «Ескі Түркі мифологиясындағы көк аспан», AMEA Фольклор институтынан, филология ғылымдарының докторы Айнур Джалилова (Әзербайжан) «Аңшылық мифологиядағы аңшылық тәңірісі», еларалық Түркі академиясының профессоры, Кадыралы Қоңқабаев (Қырғызстан) «Түрік жер, су атауларындағы киелілік мәселесі: мифтер, аңыздар, түсініктер, сенімдер», Хаджетепе университетінің профессоры Өзкүл Чобаноғлу (Түркия) «Мәдени семантика контекстіндегі түркі мифологиясындағы албасты феномені», Гази университетінің профессоры, Ибрахим Дилек (Түркия) «С.Қондыбайдың зерттеулері негізінде түркі мифологиясын зерттеу мәселесіндегі проблемаларды шешудің жолдары», А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек «Серікбол Қондыбай және түп-тектүрік ортақтықты паремиологиялық, антропологиялық, мифтік, эпостық, археологиялық, этнографиялық және тілдік деректерді сәйкестендіре қалпына келтіру өзектілігі», филология ғылымдарының докторы, профессор Әнес Ғарифолла «Байырғы қазақ дүниетаным жүйесін реконструкциялау: әдістері мен нәтижесі» тақырыптарында баяндама жасаса, өзге де ғалымдардың маңызды әрі қызықты тақырыптарда баяндамалары тыңдалды. Шетелдік ғалымдар Серікбол талантына, шығармашылығына таңданыстарын жасырған жоқ.
– Мен Серікбол еңбектерін оқып таңғалдым. Мен оның түркі дүниесінің мифологиясында қалдырған ізін аса құнды мұра, үлкен сый деп бағалаймын. Қазақстанда жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Серікбол шығармашылығымен ұштасып жатыр, – деді америкалық профессор Ф. Гүвен.
Конференция соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне С.Қондыбайдың азаматтық үлгісі және шығармашылығын насихаттауды одан әрі жандандыру мақсатында жас ұрпаққа арналған көркем шығармалар мен туындылардың жазылуына бәйге жариялауға, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне Ұлттық білім беру жүйесінің барлық деңгейінде С.Қондыбайдың өмір жолы мен ғылыми мұрасын оқыту және оны жастарға отансүйгіштік тәрбие беру ісінде пайдалануға, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының Серікбол Қондыбай шығармашылығы және ұлттық рухани мұраларды жаңаша пайымдау мәселелері бойынша бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуін үйлестіруді, С.Қондыбайдың іргелі еңбегі, 4 томдық «Арғықазақ мифологиясын» ЮНЕСКО тілдеріне аудару жұмыстарын қолға алуды, Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға жарияланатын ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының С.Қондыбай шығармашылығының әр саласы бойынша ғылыми жобалар ұсыну мүмкіндігін қамтуға ықпал етуге, мектепке дейінгі білім беру тәрбиеленушілерінің, оқушылар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктері мен дамып-жетілу сатыларына сәйкес мифтану оқулықтарын («Суретті мифология», «Қазақ мифологиясының хрестоматиясы» т.с.с.) жазуды қолға алуға, Маңғыстау облысы әкімдігіне Ш.Есенов атындағы КМТжИУ жанынан «С.Қондыбай мұраларын зерттеу және насихаттау орталығын» ашу мәселесін қарастыруды, Шетпе ауылында ғалым тұрған үйді музей экспозициясы ретінде ашуға ықпал жасауды, С.Қондыбай шығармашылығы бойынша екі жыл сайын республикалық және халықаралық симпозиум, конференцияны кезектестіріп өткізуге ықпал етуді және оның шығармашылығына негізделген облыстық мемориалдық музейге С.Қондыбай есімін беруді ұсынуды, облыстық мемориалдық музейді заманауи талаптарға сай экспозициялауды қаржыландыру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Конференциядан соң Серікбол Қондыбай зиратына арнайы барған конференция қонақтары одан әрі Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата қауымдарын аралап, өлілер рухына Құран бағыштады.
Ғалым С.Қондыбайдың 50 жылдық мерейтойына арналған конференцияның өтуі қандай маңызды, жауапты болса, оның соңында қалар тағылымы да маңызды, яғни ғылыми конференциядан қазақ, түркі, тіпті әлем ғылымына үлес қосар жаңалықтар күтіледі. Серікболдың сенімі мен үміті де осы – соңында қалған бауырларының мифология ғылымын дендеп зерттеуі, өз түбіміз бен тегімізді, тарихымызды жаңаша тануға мықты ғылыми дерек-дәйектермен қаруланып, батыл қадам жасауы болатын.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,