Көрнекті ғалым Зардыхан Қинаятұлы
Зардыхан Қинаятұлы – (30.12.1940, Моңғолияның Қобда өлкесі – 23.11.2016, Қазақстан, Алматы қ.) – көрнекті тарихшы, медиевист, саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Өзінің саналы ғұмырын басшылық қызметтерге, ғылымға арнаған ғалым.

Қазақ, моңғол, орыс, тунгус тілдерін меңгерген. Өмірдің талай тауқыметін басынан кешірген азамат. Бөгде ортада туып өскен ол бес жасында анасынан, 14 жасында әкесінен айрылып, жетім өскендігіне қарамастан өте қабілетті де қағылез болып қалыптасады. Еңбекке ерте араласады. Саналы ғұмырының 50 жылын Моңғолияда өткізген ол сол елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласса, соңғы ширек ғасырға жуық өмірін атажұртында өткізіп, тәуелсіздік жылдарындағы отандық тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Сондықтан оның өміpi мен еңбек жолы «моңғолдық» және «қазақстандық» деп екі кезеңнен тұрады. Зардыхан Қинаятұлы ерте еңбекке араласа жүріп, орта мектепті үздік бітіріп, 1965 жылы Моңғолияның мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тарих бөлімін «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша Д. Сухэбатор атындағы стипендиямен үздік бітіріп, Орталық партия ұйымдарына қызметке жолдама алады. Ол Моңғолиядағы қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы стипендиат және философия ғылымынан кандидаттық диссертеция қорғаған алғашқы қазақ. 1972-75 жылдары КОКП ОК-тінің жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітіріп, «Ұлттық сананың қалыптасуының келелі мәселелері» тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты, ал 1987 ж. осы академияда «Моңғол халқының патриоттық және интернационалшылдық санасының қалыптасуы (1921-1960 жж.)» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғайды. Ұзақ жылдар Моңғолияда ғылыми, көпшілік және Үкімет органдарында қызмет жасады. 1965-72 ж., 1987-91 ж. МХРП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар институтында бөлім меңгерушісі, 1975-87 ж. Моңғолия кәсіподақтары Орталық Кеңесінің хатшысы, 1991-92 ж. Моңғолияның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1992-93 ж. Моңғолияның тұрақты Парламентінің Вице-спикері, екі мәрте Моңғолдың Халық Ұлы хуралының депутаты, 1993-94 ж. Моңғолияның Ташкенттегі Бас қонсулы, 1994-97 ж. Алматыдағы Моңғолия елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарады. 1997-2016 ж. қарашасына дейін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келген. Моңғолияның саяси және қоғам қайраткері болған ол 1990-91 ж. сонда болған мамық төңкерісінің саяси жетекшілерінің бірі, 1992 ж. демократиялық жаңа Конституциясының авторларының бірі ретінде кеңінен танылды. Ол Моңғолия президенті бастаған Жаңа Конституцияны дайындау комиссиясының орынбасары болды. Қоғамдық және мемлекеттік жұмыстармен қатар ғылыми ізденістерін жалғастырған қайраткер-ғалымның 1990-92 жж. жазған кейбір мақалалары АҚШ, Ресей, Жапония, ҚХР-да жарық көрген. Моңғолиядан ата жұртына біржола оралғаннан кейін ТЭИ қабырғасында ғылыми зерттеу жұмысына түбегейлі бет бұрып, отандық орта ғасыр тарихының күрделі мәселелері, оның ішінде Қазақ мемлекеттігі тарихынан ірі-ірі іргелі зерттеулер жүргізіп, көптеген тарихи кітаптар жазып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты.