Қарағандыда бір айда 57,2 шаршы метр тұрғын үй үлестірілді

  • 10.02.2020
  • Malim Админ

Әр бала өз үйінен сабаққа барса, әр әке жұмыстан өз үйіне қайтса, әр ана өз үйінің асханасында асын пісіріп, қазанын түсіріп отырса... Бұл бір бақуытты, байыпты тіршіліктің сұлу суреті болар еді-ау. Дегенмен, мұндай бақ жұрттың бәріне бұйыра бермейтіні өкінішті. Оның үстіне, жыл өткен сайын бағасы аспандап, сұраныс артып бара жатқан баспана мәселесі әсіресе қалалық жерлерде ең жиі айтылатын мәселеге айналып тұр. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан да біраз шаруа атқарылуда. Дегенмен, 18 миллион азаматының 11 миллионға жуығы қалада тұратын Қазақстан үшін қаладағы баспана мәселесін шешу оңай болып тұрған жоқ. Әйтсе де, соңғы кездері «баспаналы болыпты» деген сүйінішті хабарды жиірек еститін болып жүрміз. Бір өңірде біреу үй алыпты десе екінші өңірдегілер де қуанады. Бұл тенденция әсіресе әлеуметтік желіде көп байқалады. Бір бірін құттықтап, «жұғысты болсын» айтысып жатады. Бұл да қазақтың баспананың жетіспеушілігін аз тартпағанын көрсетсе керек. Соңғы жылдары әр өңір тұрғынына баспана үлестіру бойынша жарысқа түскендей де әсер етеді. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар айында ғана бірнеше облыста біраз көп қабатты үй пайдалануға берілді. Соның бірі Қарағанды облысы.

Жылды жақсы жаңалықпен бастаған орталық Қазақстан қаңтар айында біраз отбасынан сүйінші сұрады. Облыс бойынша жалпы алғанда 57,2 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді. Облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов берген мәліметке қарағанда, 57,2 шаршы метр былай жіктеледі: 10,3 мың шаршы метр – жеке тұрғын үй; 34,4 мың шаршы метр – коммерциалық баспана; мемлекеттік сектордағы тұрғын үйлердің жалпы аумағы – 13 мың шаршы метрді құрайды.

Қарағандыдағы бұл көрсеткіштерге назар аударсақ, соңғы жылдары көп жұрттың коммерциалық тұрғын үйлерге деген сұранысының артып келе жатқанын, қаржылық сауаттылық пен түрлі бағдарламаларды бақылап отырады және пайдаланады дегенді білдіреді. Мұны ерекше айтып жатқанымыз, жекелеген компанияларға коммерциялық тұрғыда әріптес болып, ақша салып, үй бітпей қалып немесе компания аяқ асты банкрот жариялап, салымшылардың көбі өкініп қалған оқиғалар аз кездеспейтін. Биыл аласың деген үйді араға жылдар салып барып алатын да жағдайлар жиі ұшырасатын. Дегенмен, соңғы жылдары жекеменшік сектордағы салымдарға мемлекеттің өзі кепіл ретінде араласа бастады. Осының арқасында, жұрт желініп қалудан онша қорықпайтын болды. Мемлекет өзі кепіл болған соң, құрылыс компанияларының әрбір қадамын қадағалап отырады. Қарағандыдағы әлгі көрсеткіш осы істің бір нәтижесі деуге болады.

Облыстық Экономика басқармасының бастығы Азамат Мұқанов мырза мемлекет тарапынан биыл да біраз үй пайдалануға берілетінін айтады. Оның сөзінше, негізгі үйлер «Өңірлерді дамыту – 2020», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары негізінде іске қосылады. Ол бір жылдық жоспар жайлы былай дейді:

«Биыл құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштерге біз «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және «Өңірлерді дамыту-2020» есебінен қол жеткіземіз. Биылғы жылы Сәтбаев қаласында бес қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы, облыстық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту, жолдарды күрделі және орташа жөндеу, кешенді құйма зауытының, патрондық зауыттың құрылысы және тағы басқалар жоспарланған», - деп атап өтті Азамат Мұқанов.

Сонымен қатар, биыл облыста 300 медицина қызметкерлеріне жеке баспана беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жыл басында мәлімдеді. Ол қаңтар айында сегіз дәрігерге баспана кілтін табыстады.  Және:

«Сіздердің жұмыстарыңыз өте күрделі және маңызды. Күндіз-түні дәрігерлер жүздеген адамның өмірін құтқарады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан пәтер мәселесін шешуде көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деді облыс әкімі.

Қызметтік пәтер беру – облыстағы медицина саласының мамандарының тапшылығын жою үшін жасалған бір қадам. Қызметтік пәтер – сырттан маман тартуға ғана емес, олардың өз пәтерлерін сатып алуына да жасалған мүмкіндік екенін айта кету керек. Оның сыртында, облыстың денсаулық сақтау саласына еңбегі жеткілікті сіңген кезде бұл үйлерді жекешелендіруге де мүмкіндіктер болады.

«Медицина университетін бітіргеннен кейін мен өзімнің туған жерім Жезқазғанға оралдым. Қалалық ауруханада жұмыс істей бастадым. Бұрын күйеуім екеуіміз пәтер жалдап тұруға мәжбүр болдық, ал енді бізде өз баспанамыз бар. Бұл ведомстволық пәтер болса да, бәрібіз біздің үйіміз деп санаймыз. Жас мамандарға осындай қолдау көрсетіліп жатқаны үшін үлкен рахмет, - дейді Жезқазған қалалық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Әйгерім Мамина.

Расында, күнде келіп тексеріп, ай сайын келіп пәтерақы сұрап тұратын «қожайын» болмаған соң, кім де болса өз үйінде тұрғандай сезінбей ме. Оның үстіне бұл үй һз атыңда болмаса да, қызметкер ретінде уақытша болса да өз меншігің саналады. Пәтер алған тағы бір дәрігер Ақпар Зайнуллаев бұрын пәтерге кеткен ақшаны отбасының игілігіне пайдаланатынына қуанады.

Мен диплом алғаннан кейін Жезқазғанға жұмыс істеуге келдім. Енді менің тұрғын үйім бар екеніне өте қуаныштымын. Бұрын пәтер жалдаған ақшаны қазір мен өз отбасыма жұмсай аламын. Бұл бізге, жас отбасыларға пәтер мәселесін шешуге көмектесетіні өте жақсы, - дейді ол.

Қызметтік пәтерлер Жезқазғанда ғана емес, облыс көлемінде жүргізіледі. Биылғы меже 300 медицина қызметкері деп күтілуде. Вндомстволық үйлер 300 дәрігерге жыл соңына дейін кезең-кезеңімен беріледі. Мәселен, күзге қарай 50 дәрігер қызметтік пәтердің кілтіне ие болады. Облыс басшылығы мұны бұрын салынған пәтерді сатып алу және күрделі жөндеу жұмыстары арқылы да іске асыратын болады.

Одан бөлек, облыста бірқатар ескірген тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, биыл бұл өңірде де жалдамалы пәтерлер салынады. Әсіресе жастарға үлкен мүмкіндік беретін бұл бағдарлама республика көлемінде жаппай қолға алынып жатыр. Жас отбасылардың жеке пәтер сатып алу үшін ақша жинауына зор мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама біраз пәтер жалдап жүргендерге үміт сыйлағаны шындық. Еске сала кетсек, 2018  жылы 2020 жылға қарай облыста сатып алу құқығысыз барлығы 2417 жалдамалы пәтер салынатыны туралы айтылған.

Байланысты жаналықтар

Үкімет азық-түлік қымбаттамау үшін не істеп жатыр?

16.09.2020

Курьер-студент: Айына 450 мыңды қиналмай табамын

31.08.2020

Жаңаөзен қырғынына ұласқан ереуілге тоғыз жыл толды

27.05.2020

Автомобиль жолдары саласы білікті маманға зәру

30.09.2020

Сарапшы: Айырбастау орындарына жүгірудің қажеті жоқ

09.03.2020

Президент тапсырмасымен Ақтөбедегі Үсеновтер отбасының баспана мәселесі оң шешімін тапты

02.12.2020