Нәтиже жоқ
Барлығын көру
  • Саясат
  • Сараптама
  • Сұхбат
  • Білім және Ғылым
  • Әлеумет
  • Руханият
    • Ертегі
  • Абай-175
Malim.kz
Malim.kz
Нәтиже жоқ
Барлығын көру
Басты бет Басты

Пандемиядан кейінгі барахолка: Жылы офисте отырсам ғой

Алматы барахолкасын былтыр пандемия келіп жылан жалағандай етті. Бәрі бір сәтте ұзақ мерзімге жабылып қалды.

Айшолпан КЕРІМ Авторы: Айшолпан КЕРІМ
23.02.2021
Барахолка саудагері

Барахолка саудагері

Share on FacebookShare on Twitter

Араның ұясындай құжынап жататын Алматы барахолкасын былтыр пандемия келіп жылан жалағандай етті. Бәрі бір сәтте ұзақ мерзімге жабылып қалды. Азық-түлік саудагерлері үшін пандемия сауда айналымын құлатпай ұстап тұру болса, киім-кешек, тұрмыстық бұйым сатушылар мен базардағы түрлі  жұмысшылар үшін қып-қызыл шығынға батырған кесел болды. Ресми статистика пандемияда қанша саудагер, кәсіпкер шығынға батқанын айтпайды. Өйткені барахолкадағы қаржы айналымы мен адам еңбегі ресми мәліметте әлі күнге дейін нақты емес. Дегенмен, әлсіздері кетіп, үміті үзілмегендері тырмысып жатқан барахолкада пандемиядан да кейінгі өмір бар екен. Malim.kz  сайтының тілшісі барахолка саудагерімен сөйлесіп, пандемиядан кейінгі жағдай, бір контейнер құны мен тауардың қайдан келетіні жайлы, базардағы рэкетирлер туралы сөйлесіп қайтты.

 Қайдан келдім?

Есімім Баршын, жасым қырықтан асты, саудада жүргеніме он жылдан асты. Бұған дейін мейрамханаларда жұмыс істеп ақша жинадым, базарға шығатын жоспарым болмады. Құрбым қаражатымды саудаға салып, бастап көруге кеңес берді. Базар десе, банкрот бірге жүреді ойлайтынмын, тақырға отырып, дымсыз қалудан қорықтым. Құрбым «Сенің қазір бастап кетуге жетерлік ақшаң бар ғой, шығынға кіріп кететіндер қарызға алып-сататындар, ал сенің жағдайыңда ондай үлкен қауіп жоқ. Базар – жақсы» деп көндірді. Сонымен, 2005 жылы жинаған мың долларымды алып, балалар киімдерін сата бастадым. Қазір балалар киімдерінен бөлек, әйелдер киіміне бөлек контейнер жалдаймын. Шынын айтқанда, балалар киімінде табыс көбірек (күліп). Бала күн санап өсетіндіктен, күзде алған киімі көктемде сыймай қалып жатады ғой. Пандемиядан кейін байқап қарасақ, жұрт балаларына ғана киім алып жатыр. Үлкендер, жастар бұрынғыдай емес, киімге ақша шығарғысы келмейді. Бәлкім ол көп жерде жұмыс үйде, онлайнға ауысқаннан, интернеттен оқуға көшкеннен де шығар. Ал, әйелдер киімі тек мерекелерде жақсы өтеді. Олар алдымен бір көйлек сатып алып, кейін тозған соң, үйге киеді, үйге кимесе лақтырып тастамай, ауылға жібереді ғой.

барахолка көріністері
барахолка көріністері

Барахолка бағынатын ережелер

 Пандемияда саудаға шығу қауіпті екенін түсіндік. Бірақ, ойлап қарасақ, Қазақстанда басқа кәсіп те жоқ қой. Мәселен, зауыт-фабрика жұмыс істеп тұрса, осындағы жарты базар босап қалар еді. Әйелдер өз мүмкіндіктерін сол зауыт-фабрикаларда көрсетіп, ақыл-ой, еңбек білігін шыңдап, толымды, сапалы өмір сүрер еді. Ондай жағдай жоқ, базар жағаламай не істейміз? Кеңсе, мектеп, жұмыс орындары шектеулі. Қазақстанда мемлекетке қарамаған адамды аштан өлтірмейтін жалғыз кәсіп –  сауда. Ал оны бастаудың бірнеше жолы бар. Қазір бәрі заңды әрі қарапайым: контейнер жалдау үшін базар әкімшілігіне жолығып, келісімшартқа отырамыз, салықты бөлек төлейміз. Базар аралап, орын іздеуге де болады, бұл нұсқа қиындау.

Контейнерлердің бекітілген бағасы жоқ, қожайындар әркезде әрқалай айтуы мүмкін. Кім көп берсе, сол жақсы жерді алады. Мен әзірге жалдап отырамын, осы отырған 15 шаршыметр үшін ай сайын жүз мың теңге төлеймін.

Одан бөлек, сауда жақсырақ жүретін қатарлар да бар. Мұны түсінетіндер, қожайындар өз тілдерінде «Бриллиант» аймақ деп бөледі екен. Менің орным сол аймаққа жақын, бірақ меніңше, базарға келіп тұрған адам аяғына дейін аралайды. Ол бір психология –  басын көрген соң, ары қарай тағы не бар екен деп қызығасың ғой.

Табыс қандай?

барахолка көрінісі
Барахолка көрінісі

Ай сайынғы кірісті санамайды екенмін. Жалдау құны 100 мың, мемлекеттік жалдау құны 80 мың, одан бөлек салық бар, күн сайын шай ішіп, самса жейсің, жолақың мен пәтерақысын қосқанда ай сайынғы таза шығын 250 мың теңге. Біз 26 күн жұмыс істейміз, осы соманы сол жұмыс күніне бөлсек, күніне кем дегенде 10 мың теңгеге сауда жасауымыз керек. Әрине, сауда қызатын күндер, маусым бар. Балалар киімі тамыз айында жақсы өтеді. Кейін қыстық киімдер алуға келіп, қуантып кетеді. Апта күндеріне келсек, бейсенбі –  көтерме сауда күні, ал бөлшек сауда жасау үшін демалыс күндері келетіндер көп.

Тауар қайдан келеді?

Мендегі тауар түгел Бішкектен. Матасы түріктікі, Бішкектің цехтарында тігіледі. Жұрт осыны түсінбейді, «Ой, Бішкек па?» деп мұрнын шүйіреді. Бірақ қазір бәрі сол жақтан, оның үстіне түбірі бәрібір түріктікі ғой. Қырғызда тұратын туыстарым арқылы тауар алдыртамын, баға қою жағынан да тиімді. Қойма жұмысы басқаша, ол бойынша бір жеткізушімен жұмыс істеу туралы келісімшарт болған соң, бұл бағаға да әсер етеді. Қазір шекаралар қайта ашылып, тауар жетуі жеңілдеді. Пойызбен, автобуспен жіберіліп, кейін жүк тасушылар тауарымызды базарға, контейнеріміздің алдына әкеліп тастайды. Қазір барахолкада 1990 жылдардағы рэкетир, түскен пайданың 20-30 пайызын беру деген әңгіме жоқ. Базардың көрінісі бұрынғыдай емес: бақылау камералары бар, бірдеңе бола қалса, күзетшілерді шақырсақ, дереу жетеді.

Келушілер кімдер?

Барахолка көрінісі
Барахолка көрінісі

Базарда жүріп, адам тани бастайсың. Келушілердің де түр-түрі болады. Тауарды ұнатпағаны үшін ғана ұрыс шығарғысы кеп тұратындар да бар. Оған ұнамаса, басқасына ұнайды. Алғашқы жылдары «жоқ, олай емес» деп, әйтеуір бірдеңені дәлелдегім кеп тұратын, жас едім. Қазір дауға жеткізбей, үндемей құтыламын. Негізі жоғары білімді мұғаліммін. «Сауда, ақша» деп, не оқып, не үйренгенімді қазір ұмытып қалдым ғой. Кейде қыстыгүні базарда жаурап отырып, «Тоқылдаған аяқ киім киіп, жылы офисте отырсам ғой» деп армандап қоямын. Бірақ жаздыгүні бұл арманды тіпті ұмытып кетесің (күліп). Жаз кезінде кез-келген мықты кәсіпкер табатын табысты мен де қиналмай таба аламын. Бірақ, оның бәрі бір пендешілік арман. Әлі де сауда-саттықты жалғастырсам деген ой бар, тек жақын күндері қаражат жинап, аяқ тоңбайтын жылылау бутикке көшсем деймін.

Барахолка ­­­­­– алматылықтар үшін Солтүстік сақинада тізіле орын тепкен базарлардың жалпы атауы. Бұл маңнан бәрін: киім-кешек пен көрпе-төсектен жасанды шаш пен қолданылған ескі жиһазға дейін табуға болады. Қазір барахолка аймағында «Байсат», «Ялян», «Алатау», «Ақ-бұлақ», « Батыр» сынды түрлі базар бар.

Базар саудагерлері тілшілерге көп ашылып сөйлей қоймайды. Сауда жасамаған соң уақыттарын шығындағысы келмейтіндей. Немесе тілшінің жазғаны өмірін еш өзгертпесін біліп алғандай. Дегенмен, әлеуметтік желі мен Youtube –ке телмірген саудагерлер ел ішіндегі алып-қашпа әңгімеден де хабардар екен. Мәселен, тілші екенімді білген 4-5 саудагер ақын Ринат Зайтовқа сәлем айтшы деді. Олардың айтуынша, базар саудагерлері сапылдап бос отырған жоқ. Адал еңбек етіп, бала-шағасын адал ақшамен бағып отыр. Ал Youtube батыр атанған Ринат сияқты сапылдап сөйлеп, жүйесіз ананы-мынаны айта беретіндерден шынымен шаршаған екен.Олардың бұлай сөйлеуінің себебі айтыскер Ринат Зайытов сұхбат алушыға берген толғанысында партия құруға қатысты былай деген еді:  Партия құрам, мүмкіндік берген, болған кезде. Оған дейін еңбек ету керек, бос жүрмей бірдеңе істеуің керек қой. Сапылдап жүре бермей, базардың әйелі құсап, отырып алып, мынау-мынау деп айғайлай бермей. Бірдеңе істеуің керек қой.

Tags: Базарбарахолкабарахолка сатушысыпандемиядан кейінгі базарпандемиядан кейінгі барахолка

Ұқсас жазбалар

Солдан оңға қарай: Қазбек Бейсебаев, Айдос Сарым және Айдар Әлібаев

“Әділ сайлау өтсе, бірде-бір әкім орнында қалмайды”

Авторы: malim
26.02.2021
0

Бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында президент Тоқаев 2024 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланатынын мәлімдеді.  Сарапшылардың бірі бұл  бастама...

Ит ату – шенеунікке тиімді

Авторы: Айшолпан КЕРІМ
25.02.2021
0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  таныстырғанда осы мәселе басты...

Садыр Жапаров. Фото: ria.ru

Қазақстанға келмек Қырғызстан президенті Ресейде жүр

Авторы: malim
25.02.2021
0

Әуелде сыртқы сапарын Қазақстаннан бастайды деп хабарланған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров екі күннен бері Мәскеуде жүр. Ресми сипатқа ие емес...

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Төлесова бізді ұрып, қорлады” деген полицейлер сотта әбден шатасты

07.08.2020
фото azattyq.org сайтынан

Амнистия: Талғат Ермегияев пен жемқорлар түрмеден ерте босап шыға ма?

02.02.2021

Қырымбек Көшербаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті

04.09.2020

Несіпбек Айтұлы енді Берік Уәлиге өлең арнады

09.04.2020

Бұл Лондон емес, Ақтау

04.12.2020
  • Біз туралы
  • Жарнама
Байланыс: +7 702 109 72 25

© 2020 Malim.kz - Қоғамдық-саяси сайт! Туған күн тілек, құттықтау!

Нәтиже жоқ
Барлығын көру
  • Сараптама
  • Сұхбат
  • Білім және Ғылым
  • Әлеумет

© 2020 Malim.kz - Қоғамдық-саяси сайт! Туған күн тілек, құттықтау!