Қазақстанға келмек Қырғызстан президенті Ресейде жүр

Malim Админ

  • 25.02.2021

Әуелде сыртқы сапарын Қазақстаннан бастайды деп хабарланған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров екі күннен бері Мәскеуде жүр. Ресми сипатқа ие емес бұл сапарда ресми тұлғалармен кездесу өтіп жатыр. Бірақ ешқандай құжатқа қол қойылмайды.

24 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ресейге сапары басталды. Жұмыс сапарының алғашқы күнінде ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұған қоса Жапаровтың Ресей премьер-министрімен және парламент басшыларымен кездесуі жоспарланған.

ПУТИН ЕКІ РЕТ ТІЛ МӘСЕЛЕСІН ЕСКЕ САЛДЫ

Қырғызстан басшысы Ресей президентімен кездесуде өзінің шетел сапарын Мәскеуден бастағанына маңыз берген. Бұл сапарда ешқандай құжатқа қол қойылмаса да, Жапаров бұрынғы келісімдердің күшінде қалатындығын айтқан.

Оның айтуынша, қырғыз тарапы Еуразия экономикалық одағы, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және ШЫҰ аясында Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыра береді. Бұл мәселе Қырғызстан сыртқы саясатында басымдыққа ие. Ол Ресей президентін Қырғызстанға ресми сапармен келіп кетуге шақырды.

Владимир Путин де Қырғызстанда қабылданбақ жаңа конституцияға меңзеп, орыс тілінің ресми тіл мәртебесіне ерекше мән берген. Ол өз сөзінде «Сіз орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалдыңыз. Бұл біз үшін өте маңызды» деген. Путин қысқа кездесуде тіл мәселесінің маңызды екенін екі рет қайталап айтқан. Ол Ресейдің пандемия кезінде Қырғызстанға көмектескенін атап көрсеткен.

Қырғызстан президенті сапарының алғашқы күнінде Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездескен. Ол Мәскеуде Ресейде тұратын қырғыз диаспорасы өкілдері және Қырғызстан студенттерімен де жүздесті.

Мәскеуге барар алдында Садыр Жапаров Ресейдің «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында сапарда Ресейден инвестиция тарту мәселесін талқыланатынын айтқан. Бұған қоса сапар алдында Бішкекте шығатын ресми басылым «Слово Кыргызстана» газетінде Жапаровтың «Одақтастық торабы» деп аталатын мақаласы жарық көрген.

Ресей президенті бұдан алдын Қырғызстанда өткен жылғы қазан айында сәтсіздікке ұрынған парламент сайлауы мен одан кейінгі өзгерістерді «қырғыз халқының соры» деп атаған. Парламент сайлауы нәтижесіне наразылық кезінде Садыр Жапаров түрмеден босап шығып, президент Сооранбай Жээнбековті мерзімінен бұрын биліктен тайдырған. Содан бері Мәскеуге қырғыз сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев та сапарлап қайтқан. Ол ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, қаржылай көмекке мүдделілік танытқан.

АҚОРДА МЕН АҚ ҮЙДІҢ ТЕЛЕФОНМЕН ТОҚТАМҒА КЕЛУІ

Қырғызстанда 10 қаңтардағы кезектен тыс президент сайлауында Садыр Жапаровтың 79 пайыз дауыс жинағаны хабарланған. Алайда бұл сайлауға дауыс берушілердің 39 пайыздан астамы ғана қатысқан. Дауыс санау толық аяқталмай жатып Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты телефон арқылы бірінші болып құттықтаған. Осы сөйлесуден соң Садыр Жапаров президент ретіндегі өзінің алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтындығын мәлімдеген.

Алайда қаңтар айының соңында Садыр Жапаровтың Ресейге сапарлайтыны туралы хабарланды. Сол кезде Мәскеу сапарының сипаты туралы айтылмаған.

Қазір анықталғаны – Садыр Жапаров президент ретіндегі өзінің алғашқы шетел сапарын Қазақстаннан емес, Ресейден бастап отыр. Алайда бұл ресми емес, тек жұмыс сапары.

Ал Садыр Жапаровтың инаугурациясынан кейін Қазақстан президенті мен Қырғызстан басшысы екінші рет телефон арқылы тағы да сөйлескен. Онда Қазақстанға ресми сапардың барысы талқыланғаны айтылды.

МӘСКЕУДЕН БАСТАЛЫП, МӘСКЕУДЕН АЯҚТАЛАТЫН САПАР

Президент Жапаровтың Мәскеуге барар алдында ресейлік ақпарат құралына сұхбат беріп, жергілікті басылымда арнайы мақала жариялауы оның Ресеймен қатынасқа баса мән беріп отырғанын көрсетеді. Алайда бұл сапардың Мәскеу тарапынан ресми сипатқа ие болмауы екі жақтың бір-біріне ықылас деңгейін де байқатады.

Әдетте, Қырғызстан президенттерінің алғашқы және соңғы сапарының Мәскеуге бағытталуы бұл күні жаңалық болудан қалған. Экс-президент мәртебесінен айрылып, ұсталып, қамалар алдында Алмазбек Атамбаев та Ресейге барып қайтқан. Былтырғы қазан айындағы билік алмасуға себеп болған парламент сайлауы қарсаңында Сооранбай Жээнбеков те Мәскеуге барған және бұл оның президент ретіндегі соңғы шетел сапары болды.

2005 жылғы халық наразылығынан туындаған «қызғалдақ революциясы» кезінде Қырғызстаннан қуылған бұрынғы президент Асқар Ақаев қазір Мәскеуде тұрады.

Жиен ШОРА

Байланысты жаналықтар

Садыр Жапаров Қазақстанға келе жатыр

09.04.2024

Ресей министрі қырғыз тіліне қарсылық көрсетті

24.07.2023

"Ханституция" vs Конституция: Жапаров Ақаев пен Бакиевтің ізін жалғай ма?

13.04.2021

Қырғызстан экс-премьерін тергеу тоқтатылды

24.03.2021

Экс-президент тергеуге шақырылды

29.01.2021

Қырғызстанның уақытша президенті отставкаға кетеді

26.10.2020
MalimBlocks
Садыр Жапаров Қазақстанға келе жатыр

Ресми сапар 18-19 сәуірге жоспарланғаны белгілі болды.

Ресей министрі қырғыз тіліне қарсылық көрсетті

Ресейдің сыртқы істер министрі: «достарымызға қырғыз тілін міндеттеу демократияға сай еместігін» ескерткенбіз. 

"Ханституция" vs Конституция: Жапаров Ақаев пен Бакиевтің ізін жалғай ма?

Қырғызстан экс-премьерін тергеу тоқтатылды

Экс-президент тергеуге шақырылды

Қырғызстанның уақытша президенті отставкаға кетеді