Тарихы терең Таңбалы

Malim Админ

  • 13.03.2021

«Мәдени ескерткіштер адамға оны қоршаған табиғи сынды аса қажет-ақ, себебі адам тек табиғат аясында ғана емес мәдени ескерткіштер саясында да тіршілік етеді. Міне, сол себепті табиғатты қорғау мен мәдени ортаны қорғау бір қатарда тұруы тиіс» екендігі баршаға мәлім.

Мәдени мұраларымызды жүйелеп, оларды қалпына келтіру, сақтау, одан әрі дамыту ісіне кең көлемде, білек түріп кірісетін кез келгені анық.

Дәстүрлі мәдениетті жаңарту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну бұл  өз тәуелсіздігіне ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан барлық шаралар, еліміздегі орындалып жатқан басқа да игі істермен бірге әлемдегі өркениетті елдермен тереземізді тең деңгейге көтеруге өз үлесін қосуда.

Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ елінің көптеген көміліп жатқан тарихының бұлақ көзін ашқаны баршамызға мәлім.

«Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады демекші» «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру барысында Мәдениет және спорт  министірлігінің, жартастарға салған  «Бабалар үндеуін» қорғап сақтау іс-шаралары бойынша 2003 жылы Алматы облысына қарасты, батырлар мен ақындардың тамыры терең, өмірі өлең ырысты ел-Жамбыл ауданында «Таңбалы» қорық-мұражайы ұйымдастырылғаны баршаға белгілі. Жерімізді көргендер таң қалып, көрмегендер тамсанып жүретін қорық музейдің есігі туристерге айқара ашық екені мәлім.

Бұл өңірде қазақ халқы тарихының іздері сонау қола дәуірінен бүгінгі күнге дейін сайрап жатыр. Мәселен, қола дәуірі тұрғындарының тұрағы, бейіттері, Сақ тайпаларының өмірінен мәлімет беретін жәдігерлер, Үйсін тайпаларының қоныстары мен оба-молалары, Түркі қағанаты кезеңіне сай келетін жартас суреттері, түркілік ғұрыппен жерленген бейіті, Қазақ хандығы құрылған Қозыбасы, жоңғарларға қарсы соғыстың бетбұрысына айналған Аңырақай шайқасы, ғұлама ақын Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаевтің шығармашылығына арқау болған атаулар мен тікелей ақын өмір сүрген, жер жанаты.

Жетісу тарихында  Жібек жолының алатын орны ерекше. 1997 жылдары ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өткізілген Ұлы Жібек жолы ғылыми Экспедициясының болжамы бойынша Ұлы Жібек жолы Таңбалы аумағынан кесіп өткендігі мәлім.

Ежелгі жазба деректемелерде Жетісу өлкесіндегі қалалардың, Византиямен, Иранмен, Орта Азиямен, Алтаймен, Сібірмен, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда байланыста болған.

Осыдан келе Жетісу қалалары арқылы өткен Жібек жолының бағыттарын дәл көруге болады.

Біздің заманымыздың X ғасырынан бастап Іле аңғары бойындағы сауда жолы жандана бастады.

Аңғарға Жібек жолының тармақтары Қордай, Бесмойнақ, Қастек асулары арқылы келген.

Бесмойнақ, Қастек асуларынан өткен көпестер Іле Алатауы бойымен бөктерлей отырып, Қарғалы-Алматы-Талғар /Талхиз/ қалалары мен солардың айналасындағы қоныстарды аралап, оңтүстік және солтүстік Іле жолдары арқылы Шығыс Түркістанға шығып, ішкі Қытайға жол тартқан.

Ал Қордай асуы арқылы Жартасты, Таңбалы аумағындағы қалаларды аралап, Қопа, Жиренайғыр, Күрті өзендерін бойлап, Қапшағай тұсынан Іледен өтіп, жоңғар қақпасы арқылы Қытайға жол тартқанын болжауға болады.

Тағы бір дерекке зер салсақ, осы жол Іледен Қапшағай маңынан өткен соң екінші тармаққа бөлініп, Көксу-Қаратал-Лепсі аңғарына баратын, мұнда Екі-Оғыз, Қоялық, Көктума қала жұрттары арқылы өтіп, Шығыс Түркістанға, Алтайға, Монғолияға бет алып отырған. Саудагер көпестер керуен жолы бойындағы қалаларға, елді мекендерге келіп, сауда жүргізген, шөл даладағы құдықтарды қастерлеп, түбіне қонып, керуен шөгерген. Сол жолдардың сілемдері, қасиетті құдықтардың, бұлақтардың жұрнағы осы күнге дейін сақталып жеткен.

Жібек жолы өткен талай жерлер бар, олар толық зерттелмеген. Зерттеу жұмысында Таңбалы аумағының тарихына, қазіргі тыныс тіршілігіне, болашағына зер салып, Жібек жолы заманынан бері тарта отырып зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Жібек жолының бір тармағы Қордай-Мәтібұлақ-Жартасты-Таңбалы арқылы өтуіне бірнеше себеп болды деген болжам бар.

Мәтібұлақ, Аққайнар, Таңбалы Іле өзендерінің бойында көне қалалар мен рулы ел қоныстары сауда жұмысына тиімді болды.

Көне құдықтардың болуы керуен көліктері мен адамдарды су тапшылығынан құтқарды, кішігірім оазистерде тынығып, сапарын жалғастыруға жағдай туғызған.

Киелі жер болғандықтан керуен шөгеріліп, құрбандық шалынып, сиынғандар қауіп қатерден құтылған.

Ұлы Жібек жолының осы тармағы Қытайға өтудің қолайлы, қысқа жолы.

Таңбалыдағы қола дәуірі адамдарының тұрақтары, көне бейіттері, жартастағы сурет бейнелері мен жазулар осы жердің тарихы ежелден басталғандығын дәлелдейді.

Таңбалы өзені бойында көне қоныстар құрбандық шалатын арнайы орындардың да ізі жатыр. Бұл тұжырымға осы жерлердегі қазба жұмысы кезінде шыққан көптеген мал сүйектері мен жартас суреттерінен білуге болады.

Кезінде Таңбалы өзенінің арнасы кең болған. Өзен жағасында ру тайпа қоныстары орын тепкен. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Таңбалының оңтүстік батыс бөлігінде табылған ескі қоныс орны осы пікірімізді дәлелдей түседі.

1957 жылы еліміздің зерттеушілері таңбалы жартас суреттері туралы мәліметтерді, соның ішінде сапалы көптеген фотоматериалдарды, алғашқы рет ғылыми айналымға енгізді. Сол уақыттан бері осы тамаша ескерткішке зерттеуші археологтар , тарихшылар, өнертанушылар, геологтар, суретшілер әлде неше рет назар аударды, әртүрлі деректі фильмдер түсірілді, нәтижесінде «Таңбалы» танымал ескерткішке айналды. Бірнеше бөліктен, тастағы таңбалардан, әртүрлі дәуірлердің жерлеу-ғұрыптық нысандарынан, тұрақтар мен қоныстардан, сонымен қатар орналасқан табиғи ландшафтық ортадан тұратын бұл кешеннің ұлылығына  бас иу осы кезден басталды.

Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әр түрлі уақыттағы ескерткіштер-қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырдың ортасынан  XIX-XX ғасырлар аралығын қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және табыну орындры (құрбан шалынатын жерлер) ашық аспан астында өзіне тән тарихи құндылығын сақтай отырып қорғалуда.

Олардың бәрі үш мың жыл бойы біздің еліміздің көптеген ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенді құрайды.

Кешеннің барлық кезеңдердегі негізгі жартастарында ашық аспан астындағы 3000-нан  астам жартас суреттері топтастырыла орналасқан (I-V топ) шатқал болып табылады. Ертедегі жартас суреттері белгілі бір бағытқа ғана бағдарланған жазықтықтарға ойып жасалған. Аңғарда шатқалдың әрбір жартасының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күрделі композицияларға дәйектілікпен орналасқан. Таңбалы жартас суреттер галереясы өзіндегі қола дәуірі тайпаларының ертедегі мифологиясы негізіндегі көркем хикаяны нақтылы түрде көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таңбалының көптеген жартас суреттері Орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейі.

«Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының қызметкерлерінің  Таңбалы шатқалындығы археологиялық ескерткіштерді зерттеу және сақтау саласындағы отандық және шетелдік мамандармен бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша тарих, мәдениет және археология бірегей ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне «Таңбалы археологиялық ландшафтының жартас суреттерін» енгізуі үлкен бір жетістік болды.

Таңбалының әлемдік мәні-адам ашық аспан астында Күн Ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіруінде болып отыр.

Жартас суреттерінің орналасқан жері Таңбалы шатқалы тек Орта Азия шеңберінде ғана емес, ғаламдық көлемдегі ең маңыздылардың бірі. Таңбалының жартас суреттері ертедегі адамның қоршаған әлемдік кеңістікті көру және қабылдауын көрсете отырып, ап-анық сұлулыққа ие. Осы жартастағы суреттер біздің санамызға әсер ете отырып, ғасырлар арқылы сәлемдеме түрінде бізге жеткендей. Таңбалы жартас суреттерінің бейнелеу қатарларының белгілі құрлымдарының болуында, мұнда қола дәуіріндегі жартас суреттерінің жүйесіз емес, жоғарыда айтылғандай белгілі дәйектілікпен орналасқандығын және белгілі экспозициядағы ғана жазықтықты алып жатқандығын байқаймыз.

Қорыта айтқанда: «Жылдан жылдың несі артық? Арқалатқан жүгі артық. Жерден жердің несі артық? Арбалатқан шөбі артық» деген қасиетті халқымыздың мақалы бар.

Атақты Жібек жолының бір тармағы Жамбыл облысының Қордай өңірі-Жамбыл ауданының Мәтібұлақ-Жартасты-Таңбалы арқылы өткендігі өткен ғасыр мен бүгінгі күннің айқындалған өткені мен болашағы.

«Жеңіске жету бір ерлік, оны баянды ету мың ерлік» деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзімен бүгінгі атқарылып жатқан істерді, болашақ үшін, елдігіміздің ертеңі үшін, іске асыруымыз керек.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген бар, өткен тарихи мәдениетімізге зер салып қарасақ бабалар ескерткіштерінің бізге айтары аз емес.

Болашағымызға жол сілтеу үшін осы бабаларымыздың «Өмір тамырына» көз жүгірту мақсатымыз.

Әмірғалиев Мадияр Орынтайұлы,

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи-қорық музей директоры

MalimBlocks