Профессор С.Аманжолов қолданған грамматикалық  терминдердің ерекшеліктері

Malim Админ

  • 12.04.2021

Профессор С.Аманжолов қолданған

грамматикалық  терминдердің ерекшеліктері

Бағдан Момынова,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Проф. С.Аманжоловтың артына қалдырған мол мұрасының теориялық, практикалық мән-маңызын әр қырынан ашып беру - бүгінгі ұрпақтың сындарлы міндеттерінің бірі. Тіл тарихынан бастап грамматиканың күрделі мәселелері, әліпби мен емле туралы маңызды ізденістерді дүниеге әкелген проф. С.Аманжоловтың терминология саласына да қатысты ой-пікірлерінің бүгінгі таңдағы қазақ терминологиясының бағытына, дамуына тигізген әсері аз емес. Ал С.Аманжоловтың кирилл әліпбиін енгізудегі, емлені реттеудегі еңбегі жазу теориясының бірегей маманы, оның негізін қалаушылардың бірі ретінде танытады. Ғалым еңбек еткен кезеңде әдеби тілді жетілдіру шаралары термин, емле ережелері, практикалық оқу құралдарын даярлау, түйін-тұжырымдарды практикалық іс-тәжірибеде пайдалану сияқты нақты істермен бірлікте қарастырылса, С.Аманжолов әдеби тілді жетілдіру  және әліпби, емлені тұрақтандыру жөніндегі ізденістерін, терминге байланысты өзіндік көзқарасын ғылыми негіздеп отырған.

Кез келген терминдік жүйе белгілі бір теорияның негізінде қалыптасады. Яғни С.Аманжолов қолданған терминдердің өзгелерден немесе қазіргі қолданыста жүрген терминдерден айтарлықтай айырмашылықтары байқалса, ол ғалымның өзіндік теориялық топшылаулары мен айрықша тұжырымдары болғанын дәлелдейді. Қазақ терминологиясы сөз болғанда, терминологияның жасалуына, қалыптасуына тікелей атсалысқан А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов есімдері ауызға ілігеді. Егер Қ.Жұбанов терминология мен орфография мәселелерін диалектілік бірлікте түсінсе, С.Аманжолов әдеби тілдің нормалануы мен терминологияның дамуын аударма принциптерінің қалыптасуымен бірлікте алып қараған. Бұл пікірімізге «Қазақ тілін нақтылы әдебиет тілі етелік», «О языке перевода классиков марксизма-ленинизма», «Қазақтың әдеби тілі», «Қазақ тіліндегі ғылыми терминология мен аударма мәселесі туралы», «Об основных принципах и языке перевода» атты мақалалары дәлел бола алады. Қазақ тілі тәжірибесінде термин қай тілден болмасын қабылданады немесе аударылады, сондықтан да аударма мен терминжасам көбінесе сабақтастықта алынып, терминнің сапалығы мен өміршеңдігі аударма теориясы мен практикалық тәжірибелер толық ескерілгенде ғана артады. Ал қазақ терминжасамына аударма ықпалы бүгін ғана бой көрсетпеген. Ал аударманың өзінің де, аударма арқылы жасалған терминнің де сапалы әрі қазақ тілі заңдылықтарына сай түзілуі әдеби тіл нормасының және аутенттілігінің қалыпты жағдайға келуіне әсері болатынын С.Аманжолов жақсы түсінген. Оның кейбір мақалаларында Марр доктринасына байланысты көзқарасы шаң бергеніне, саясаттан дәйексөз келтіруіне түсіністікпен қарау керек.  Кез келген ғалымның еңбегін сол заман ерекшелігін ескеріп, ғылыми маңызын жоққа шығармай, әділ салмақтаған жөн. С.Аманжоловтың ғылыми мақалаларында қолданған терминдерді тілдің төрт деңгейіне сай жіктеуге болады. Атап айтқанда: фонетика, морфология, синтаксис, лексика саласына байланысты қолданған терминдері. Терминжасамның сол заманнан бері қайта-қайта айтылып келе жатқан, қазіргі дәстүрлі амал-тәсілдері, атап айтқанда, сөзқабылдау, калькалау және терминдерді ментандырылуға қатысты ойларын бөле-жара атау керек.. Менталдандыру немесе қазақшаландыру проф. С.Аманжоловтың шындап қолға алған мәселелерінің бірі болды. Мысалы, «Қазақ тіліндегі ғылыми терминология мен аударма мәселесі» деген мақаласында: «Кейбір аударушылар белгілі терминдердің қазақ тілінде толық баламасы бола тұрса да, аударуға қолы батпайды. Қазақ тілінде сөз байлығының асылдану жолы бір жақты дамиды деп түсінеді. Бұлай етушілер орыс тіліндегі талай термин сөздер бұл күнде қазақ сөзімен алынып жүргенін, оның өте орынды екенін білмейді. Мысалы, орысша пространство деген физикалық, философиялық терминді қазақша кеңістік деп, полуостровты – түбек деп, ал дельтаны – атырау деп, заливты – шығанақ деп, подлинникті – түпнұсқа деп аудару қандай тамаша! Бұлар балама табудың шебер үлгісі деуге болады», – деуі [1,205-206], артық комментарийді керек етпейді. «Я болмаса, кейбір авторларымыз, аудармашыларымыз жалпы халыққа түсінікті болу дегенге мән бермей, өзінің туған жерінің, ауылының, ауданының я облысының адамдары ғана түсінетін, білетін сөздерін баспасөз бетіне орынсыз ендіріп, қолданып жүр. Мұндай сөздерді тіл ғылымында диалектизм немесе провинциализм дейді. Осындай жергілікті сөздерді ғылыми, саяси, әдеби шығармаларға ендіру жалпы халыққа жасаған қиянат деуіміз керек. Өйткені ондай сөздерді автордан басқа я оның ауылдастарынан басқа ешкім түсінбейді» [1,205-206]. Шындығында, бұл әдеби тіл нормасына қарата айтылған, көркем шығармаға қойылатын талаптың бірі, өзектілігі жоғалмаған пікір.

Профессор С.Аманжолов қолданған қолайлылығы  аз терминдердің көбі калька тәсілі арқылы жасалған. Сондай-ақ сипаттама терминдер немесе аналитикалық (түсіндіру, сипаттау) әдісімен ұсынылғандар да бар: байшыл (индоевропа) тіл ғылымы, жалғау-жұрнақсыз (аморфты) тіл, тілдердің бірыңғай пайда болуы  (глоттогенетический процесс), түпкілікті (байырғы) сөздер т.б. Аналитикалық тәсілдің көбінесе ғылыми стильден гөрі ғылыми-көпшілік стильде пайдалануға ыңғайлылығы әдеби тілдің тарихынан белгілі. Сол сияқты, проф. С.Аманжолов қолданысындағы (мысалға келтірілген сипаттама тәсілі арқылы жасалған) терминдерді бүгінгі таңда ұшырата қою қиын. Бұл жерде факультативті болса да маңызды роль атқарып тұрған фактор – сол терминдерге уақыттың, кезеңнің әсері. Кейінгі дәуірде ғылымның дамуы, қарқыны, терминнің мәнін сипаттап жеткізуден гөрі оның нақтылығын, құрылымының мейлінше қарапайым болуын, уәжділігін т.б. қасиеттерін алдыңғы қатарға шығарды. С.Аманжолов қолданысындағы байшыл (индоевропа) тіл ғылымы, жалғау-жұрнақсыз (аморфты) тіл, тілдердің бірыңғай пайда болуы (глоттогенетический процесс), т.б. терминдер ең оптимальды ұзындығына қойылатын талап үддесінен шыға бермеуі де мүмкін. Бірақ қазірде: «Анализ показал, что термины, используемые в ряде отраслей науки и техники и закрепленные, узаконенные нормативными документами – рекомендациями и стандартами, бывают достаточно протяженными, и например, среди лингвистических терминов встречаются такие, которые содержат до 11 слов» [2,12] деген де пікірлер бар. Ал аталған терминдердің ұтымсыз болуының енді бір себебін дәуірі өткендіктен немесе уақыты озғандықтықтан, саясаттың ықпалынан (байшыл т.б.) іздеген дұрыс.

Уақыт өткен сайын белгілі бір сала теориясы мен терминжүйесі ұғынықты, түсінікті, айқын бола түседі де, терминдердің қайтадан сұрыпталуы процесі жүзеге асады. Міне, осы айтылғандар ірі ғалым бір кездерде қолданған терминдердің бүгін айналыстан шығып қалуының тағы бір себебін ашып береді. Ғалымның калькалау арқылы қолданған терминдерінің ішіндегі ең тиімсізіне тік және көлденең мағына (прямое и косвенное значение) сияқты терминдері жатады.

Жалпы алғанда калька тәсілі - қазақ тілінің сөздік қорын байытудың ең бір қолайлы тәсілі. Бірақ терминдерді калькалау көбінесе біржақты болып келеді. «Біздің термин жасаушыларымыз калька-аудармаға үйір-ақ, содан арыла алмай-ақ келеміз Калька-аудармаға үйір болатын себебіміз – ол – терминжасаудың бас қатырмайтын ең оңай амалы» [3,15]. Әрине, калькалау проф. С.Аманжолов заманында күшті болды және күрделі терминдерді калькалағанда көбінесе оның ұғымдық қыры ескерусіз қалып, соған байланысты «атаудың ар жағында тұрған ұғым аударма немесе түсіндірме сөздіксіз-ақ түсінікті болу» [3,13] принципі жүзеге аспай жатады. Ал ғалым ұсынған қолайлы терминдер бүгінгі таңда да қолданыста: тіл ғылымы, әдебиет тілі, дыбыс тілі, жалғамалы тіл, байырғы сөздер, қопармалы тіл, нүкте, тыныс, сызықша, зерттеу әдісі, қос сөз, шылау, түпкілікті (байырғы) сөздер, толымды, толымсыз сөйлем, жақсыз сөйлем, атаулы сөйлем, қосарлы, үйірлі баяндауыш т.б. Әрине, бұл терминдердің бәрін тек С.Аманжолов қаламынан шықты деу артық, олардың сілемдерін А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбановтардан іздестіру керек. Дегенмен тек С.Аманжолов қолданған терминдер бар. Терминжүйе нақты бір теорияның қалыбы (моделі), соған орай С.Аманжолов қолданған біраз терминдер өз алдына жеке тұратыны байқалады. Әсіресе синтаксис пен морфология саласы бойынша қолданысқа енгізген терминдері ерекше: тұлғашыл грамматика, атау жалғау, сатылы меншік, құралды жалғау, сарқын (яфетизм), тік және көлденең мағына, ашық барыс жалғауды керек ету, тетелес толықтауыш, сөзаралас ым, дара ым сөйлемі, ескі жіктеу, жаңа жіктеу т.б. Проф. С.Аманжоловтың сөйлем мүшелерін топтастыруға байланысты өз көзқарасты бары байқалады. Айталық, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш сияқты сөйлемнің тұрлаусыз үш мүшесінің орнына тек анықтауышты ғана атайды. Себебі ғалым, өзіне дейінгі осы мәселені зерттегендер қосарлы, үйірлі мүшелерді айырмай, күрделі мүшелерді дұрыс мүшелемей, олардың ерекшеліктерін ескермеген, сөйтіп қателікке ұрынған деген пікірде болған. Қосарлы және үйірлі мүшелерді анықтаудың жолдарын көрсете келіп, барлық сөйлем мүшелерін табудың, анықтаудың жолдарын ұсынып, толымсыз мүшелердің бүкіл қызметін жалғыз анықтауыш атқарады деген тұжырымға келеді: «Анықтауыш бастауыш пен баяндауышты және оның түрлері бірін-бірі анықтайды дейді. Анықтауыш жоқ болса, сөйлем толық болмайды, ұғым шалағай екендігі сезіліп тұрады. Анықтауыш сөздер өздері анықтайтын сөздердің алдынан келеді», – дейді [1]. Анықтауыштың түрлерін атайды, осылайша анықтауыш пен оның түрлеріне байланысты терминдер ғалым ұсынған теориялық тұжырымдардың басты түсініктерін білдереді: сынды анықтауыштар, деректі анықтауыштар, мекенді анықтауыштар, мезгілді анықтауыштар, себепті анықтауыштар, есепті анықтауыштар т.б. Ғалым сөздерді сөз тұлғасына бөлуге байланысты А.Байтұрсынұлы көзқарасымен келісе бермейді. А.Байтұрсынұлы сөздерді тұлғасына қарай: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосымша сөз, қосалқы сөз деп бөледі. С.Аманжолов соңғы қосалқы мен қосымша сөз турасында: «Бұл терминдер – жұртты шатастыратын терминдер. Сонымен қатар, ол қосымша сөз, қосалқылар дегенде шылаулар мен жалғау-жұрнақтар қосылып кеткен. Үстеулердің функциясы сөзді үстеу бола тұрса да, ол оларды қосымша дейді. Мұндай терминдердің анық еместігі көрініп тұр. А.Байтұрсынұлы қосымшаға үстеулі сөздерді, қосалқыға шылауларды енгізеді. Жалғаулы сөздеріміз ешқайда кірмей қалады», – дейді [1,245]. Ғалым үстеулі сөз (қосымша сөз) дегенде тек қана қып-қызыл, қап-қара сияқты сөздердің басындағы қып, қап деген бөлшектерін алу керектігін, онда олар нағыз үстеу болмағандықтан, оларды үстемше дегенді дұрыс санайды. Ал сөздің түбіріне қатысты С.Аманжолов қолданған терминдер мынадай болып келеді: нақтылы түбір сөз, туынды түбір сөз, біріккен түбір сөз, кіріккен түбір сөз, қысқарған түбір сөз және қосымшалы тұлға сөз, үстемшелі сөз, қос түбір сөз т.б. Қос сөздерге байланысты терминдерді ерекшелеп атауға тура келеді: зат қос сөздер, сын қос сөздер, сан қос сөздер, есімдік қос сөздер, үстеу қос сөздер, одағай қос сөздер т.б. Қос сөздердің жасалу жолдары атауларында тұр. Түптеп келгенде терминдердің атауында сөйлем мүшелерінің жасалу жолдары, қызметтері белгілі болып тұрады, кейінгі қалыптасқан бөліністерден, атаулардан нақ осы тұрғыда түбірлі айырмашылықтардың  көп еместігі аңғарылады. Мақсат ғалымның теориялық тұжырымдарының дұрыс-бұрыстығын айту емес, мақсат – қазақ тіл білімі терминдерінің қалыптасу процесіне көз жүгірту, қандай жолдар, қандай тәсілдер қолданылғанына назар аударту, оларды лингвистикалық зерттеулер жүргізу барысында ескеру.

Әдебиет:

  1. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы,2003.
  2. Кобрин Р.Ю. Опыт лингвистического анализа терминологии: Автореф. дис. на соиск. уч.ст. канд. филол. наук. – Горький, 1969 // Вопросы языкознания. – М., 1981. – С.72.
  3. Сала терминдері: кешегісі және бүгіні мен болашағы: – Алматы:

Арыс, 2003.

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда коронавирустан бір адам қайтыс болды

26.03.2020

Ақжүрек Таңатаров сабырға шақырды

08.02.2020

"Хабар" Айсұлтан жайын Абаевтан сұрады

13.02.2020

«Туған жер» жобасы аясында өңірлерге 10 млрд инвестиция құйылды

29.10.2020

Алексей Цой неге Ресей вакцинасын салдырмады?

01.02.2021

Қытайдан "келген" вакцинаны Цой білмейді екен

30.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда коронавирустан бір адам қайтыс болды

Ақжүрек Таңатаров сабырға шақырды

"Хабар" Айсұлтан жайын Абаевтан сұрады

«Туған жер» жобасы аясында өңірлерге 10 млрд инвестиция құйылды

Алексей Цой неге Ресей вакцинасын салдырмады?

Қытайдан "келген" вакцинаны Цой білмейді екен