Жоғалған ұшақтың жұмбағы. Аты аңызға айналған ұшқыш әйел Амелия Эрхарт туралы не білеміз?

  • 12.04.2021
  • Malim Админ

Амелияны батылдық пен батырлықтың  және өмірге құштарлық пен қайсарлықтың символы десек артық емес. Көздеген мақсатына жетпей қоймайтын жігерлілігі аңызға айналған аруды әлем халқы алақанына салып аялап, өмірін өнеге етті. Бірақ әйелдер арасынан шыққан алғашқы ұшқыш қыздың тағдыры жұмбақ жағдайда аяқталған еді. 

Амелия жұмыр жерді айналып ұшып өтем деген сапары барысында 1937 жылы 2 шілде күні із-түзсіз жоғалып кетті. Қаншама іздестіру жұмыстары жүргізілгенмен, не ұшағы, не жанындағы серіктесі, не Амелияның өзі туралы нақты дерек табылмаған. Әрине, болжам көп. Ол туралы сәл кейінірек.

Алдымен Амелия Эрхарт кім, ұшақ тізгіндеуге неге құмартты? Осы жөнінде қысқаша баяндап берейік.

Амелия Эрхарттың ата-анасы адвокат болатын. Ол 1897 жылы 24 шілдеде Американың Канзас штатында дүниеге келген. Бала кезінен теннис ойнауға, жүзуге, тіпті атқа шабу, мылтық ату өнеріне құмартып, бәрін үйренеді. Бос уақытында кітаптан бас алмайтын Амелия шытырман оқиғалы романдар оқуға әуес-тін. Әлем әдебиетімен сусындап өскен жаны таза, арманшыл қыз биіктерді бағындыруға құштар болды.

Ата-анасы қашанда Амелияның бар тілегін орындауға тырысып, бастамаларына қолдау көрсететін. Бірақ Эрхарт отбасы қаржылық қиындықтарға тап келіп, әкесі ішімдікке үйір боп кетеді. Ал анасы болса қызын таңдаулы колледжге оқыту үшін ақша табу жолын іздестірумен әлек болады. Ақырында анасының табандылығының арқасында Амелия қалаған оқу орнында оқиды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Амелия Эрхарт медсестра мамандығын қоса игеріп, әскери аэродром жанында орналасқан госпитальда жұмыс істейді. Жұмыста жүріп аэродромдағы авиашоуларды көрген Амелия мамандығын өзгертуге шешім қабылдайды да, ұшқыштар курсына түсуге талпынады. Курс бағасы тым қымбат болатын. Амелия ұшқыш болам деген арманы жолында оқу ақшасын табу үшін ешбір жұмыстан қашпай, аянбай еңбек етті. Мұғалім, телефонистка, фотограф, жүк көлігін жүргізуші, автомеханик болып жұмыс істеп, ақша тапты. Осылайша армандаған оқуына түсіп, 1922 жылы 22 қазанда ұшақпен 4300 метр биіктікке көтеріліп, әлемдік рекорд жасайды.

Содан бастап биіктерді бірінен соң бірі  бағындыра береді. Бірақ ұшқыш болу оңай емес еді. Кей уақытта жолы болмай қайтадан автомеханик болып еңбек етуге тура келген сәттер де болады. Ешбір қиындыққа мойымаған Амелия 1928 жылы 17 маусымда  20 сағат 40 минутта Атлант мұхитының үстінен ұшып өтеді. Тіпті 1932 жылы Атлант мұхитының үстінен жалғыз өзі ұшып өтіп, ерлік жасайды. Бұл қауіп-қатерге толы сапар болатын. Амелиядан бұрын 1927 жылы Чарльз Лиденберг қана мұхит үстінен жалғыз ұшып өткен болатын. Одан кейін Лиденбергтің ерлігін қайталамақ болған  қаншама тәжірибелі ұшқыштардың талпыныстары сәтсіз болған-ды.

1935 жылы әлемде тұңғыш болып Амелия Эрхарт Тынық мұхитының үстімен Гавай аралдарынан Оклеандқа дейін жетеді.

Әлемдегі ұшақ тізгіндеген алғашқы әйелдердің бірі Амелия Эрхарт 1931 жылы өзінің серіктесі Джордж Путнаммен бас қосады. Жақын достары “Бұл ғажап отбасы еді” деп ұшқыштар отбасы туралы тамсана әңгімелейтін. Амелия Эрхарт өзінің әуе сапарлары туралы бірнеше кітап жазған. “Тоқсан тоғыз” деп аталатын әйел ұшқыштар ұйымының негізін қалаушылардың бірі әрі бірінші Президенті. Пердью Университетінің авиация факультетіне дәріс беруге шақырылып, көптеген әйелдердің ұшқыш мамандығына деген қызығушылығын арттыруға дәнекер болғаны да оның ерекше еңбегінің бірі еді дейді ұшқыштың өмірін зерттеушілер. Ол сондай-ақ әйелдер құқығын қорғайтын Ұлттық партия мүшесі де болған.

Амелия Эрхарт пен Фред Нунан Амелия Эрхарт пен Фред Нунан

1937 жылы 2 шілде күні Амелия борт серігі Фред Нунанмен бірге жұмыр жерді айнала ұшып өтпек болған сапары барысында, кенеттен жоғалып кетеді. Тынық мұхитының үстімен ұшып келе жатқан экипаж ұшаққа май құйып алу мақсатында Хоуленд аралына қону керек болатын. Бірақ келіп жеткен радиохабарлама бойынша олар аралға жете алмай, бір қиындыққа ұшырайды. АҚШ Әскери-әуе күштері табанынан тік тұрып, құтқару операциясын жүргізеді. Алайда іздестіру шаралары нәтижесіз аяқталады.

Халықаралық жоғалған ұшақтарды іздеу тобы (TIGHAR) келіп жеткен соңғы радиохабарламалар негізінде Эрхарт хабарламаларын ұшақ суға құлағаннан кейін жіберген деген тоқтамға келеді. Себебі,  радиограммалар Американың бірнеше штаты тұрғындарына жеткен. Флорида штатының 15 жасар тұрғыны радио толқынан “Су көтеріліп келеді...тізеге жетті. Бізге тез көмектесіңіздерші!”-деп жалынған Эрхарттың хабарламасын естігенін айтады.

Торонтолық әйел “Біз судамыз. Ұзақ шыдай алмаймыз” деген қысқа да қорқынышты хабарлама тыңдап үлгерген. 

Зерттеушілердің болжамынша, Эрхарт пен борт серігі ұшақ суға батып кеткеннен кейін аралға жүзіп жеткен. 

Ұшақ су астына кеткенше хабарлама радио толқыны арқылы жетіп тұрған. Эрхарт пен Нунан ұшақ апатынан аман қалып, Жаңа Зеландиядан 4000 шақырым қашықтықтағы адам аяғы баспаған Гарднер аралында өмірінің соңғы күндерін өткізген деген болжам айтады зерттеушілер. Эрхарттың ұшағы жоғалған сәттен бастап, құтқарушылар барлық корабльдерге ұшқыштың радиостанция толқынын тексеруді тапсырады.  Амелияның радиосы бірнеше жүздеген шақырым жерден қабылданады. Ал Тынық мұхиты бұдан әлдеқайда алыста еді дейді Амелияны іздеушілер. Эрхарттың соңғы көмек сұраған дауысы Солтүстік Америкаға дейін жетіп, көптеген тұрғындар жергілікті билікке және басылымдарға хабарласқан. Радио толқындары арқылы тұрғындар естіген хабарламаларда Эрхарт Нунан екеуі кішкентай аралда қалып қойғаны айтылған. “Күшті жел тұрып, найзағай ойнап тұр. Біз бұл жақтан кетуіміз керек. Бұл жерде қалуға болмайды”-деген хабарламалар бар дейді. Сондай-ақ, оларды жапондар қолға түсіріп, тыңшы деп айып таққан деген болжамдар да айтылады. Іздеу тобының жетекшісі Гиллеспидің пікірінше, ұшқыштар көмек ала алмай, Гарднер аралында көз жұмған. Ол бұл пікірінің дұрыстығын 1940 жылы сол аралдан табылған адам қаңқаларымен дәлелдейтінін айтады. 2018 жылы зерттеулер қайта қаралып, ол Эрхарттың сүйегі болуы мүмкін деген болжам айтылыпты. Көптеген салыстырулармен қатар адамның қаңқа сүйегі табылған жерден әйел адамның аяқ киімі мен жазғы күртесі, айна секілді заттардың табылуы да Амелия Эрхарттың Гарднер аралында көз жұмғанын дәлелдей түседі дейді зерттеушілер.

Бірақ бұлар болжам ғана.

Әлемді айналып ұшып өтем деген Амелия Эрхарттың өмірі мен жұмбақ тағдыры тарихшыларды бүгінге дейін қызықтырып келеді. Ал оның із-түзсіз жоғалып кету құпиясы әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр.

Биыл Халықаралық жоғалған ұшақтарды іздеу тобының (TIGHAR )басшысы Рик Гиллеспи 1991 жылы Тынық мұхитындағы Хауленд аралынан 480 шақырым қашықтықта орналасқан Никумароро аралынан алюминий панель табылғаны туралы мәлімет жариялады. Гиллеспидің ойынша бұл панель Эрхарт ұшағының бөлшегі болуы әбден мүмкін.

Жақында Пенсильвания университетінің ғалымдары табылған материалдың химиялық құрамын дәл анықтау үшін нейтронды активациялық талдау жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Егер табылған алюминий бөлшегі Эрхарт ұшқан дәуірдегі ұшақтарға қолданған алюминиймен сәйкес келсе, бұл да бір жұмбақтың шешілуіне себеп болар қосымша дәйек болуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша  зерттеу нәтижелері биыл жарияланбақ.

Менің мына әлемге пайдасы тиер бірнәрсе істегім келеді”, “Бәрінен де әрекетті бастау қиын, қалғаны табандылығыңа байланысты”, “Бірнәрсе істеудің ең тиімді тәсілі - осыны ойлап қана қоймай, істеу”, “Ешқашанда өзіңнің қолыңнан келмейтін істі жасаймын деген адамның ісіне бөгет болма!” деген Амелия Эрхарттың  жігерлендіретін сөздері бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Ол айналасына сөзбен ғана емес, іспен жігер бере білген жүректі әйел болатын.

XX ғасырдың басында әлемнің бір елдері ұшақ туралы қиял-ғажайып ертегі айтып жүргенде, америкалық Амелия көкте самғап, шетсіз-шексіз мұхиттың үстінде қалықтап жүрді. Жападан жалғыз телегей-теңіз су үстінен ұшып өткен әйелді батыр демей кім дейміз?!

Амелия Эрхарт, Рут Николс және Луиза Таден Амелия Эрхарт, Рут Николс және Луиза Таден

Айтпақшы, Амелия Эрхартпен бір дәуірде  көкті бағындырған Флоренс  Рут Николс және Луиза Таден есімді  ұшқыш әйелдер болған. Оларды ерлікті тек ер адамдар жасай алады деген түсінікті жойып, аспанда еркін самғаған батыр әйелдер деуге болады. Амелия Эрхарттың жұмбақ жағдайда жоғалу оқиғасы бұл ержүрек ұшқыш әйелдердің есімдерін  тасада қалдырды деп жатады. Ол рас та болар. Себебі адамзат қашанда құпиясы ашылмаған оқиғаларға құмар ғой.

Дайындаған Айнұр Саламат

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық ЖОО-лар берген диплом шетелде де жарамды

17.09.2020

Диссертация мен ғылыми басылымдар – ғылымның айнасы

23.05.2020

Ахметов Жақсылық Омарды сынап тастады

28.01.2021

Сағынтаев ертеңгі митингіге дайын

01.03.2020

Мұғалім мәртебесі: Педагогтар қайта даярлаудан өте алады

18.03.2020

Мұхамедиұлы ғарышқа Мұхамеджанмен ұшуға дайын

01.11.2020