Қарашөкеев Маңғыстаудан айтарға сөз таппай кетті

Malim Админ

  • 15.07.2021

Маңғыстау облысында іссапармен жүрген ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев жергілікті шаруалар, шаруа қожалығының иелері мен қоғам белсенділерімен кездесіп, жем-шөп мәселесін талқылаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Ербол Қарашөкеев екі күндік жұмыс сапарында Қарақия, Түпқараған ауданындағы шаруалармен кездесіп, үкімет пен министрліктің қуаңшылыққа қарсы қандай шаралар қабылдағанын түсіндірген.

Шілденің 14-і күні Қарашөкеев Шетпе кентіндегі мал ұстайтын шаруалар мен қоғам белсенділерімен кездесті. Министр үкімет резервінен Маңғыстау халқына көмектесу үшін 1,9 миллиард теңге бөлінгенін айтқан. Бірақ Маңғыстау ауданының орталығы Шетпедегі кездесуге қатысқан ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев бұл қаржы жетпейтінін жеткізді.

"1,9 миллиард теңгені есептедім. Бұл жерде 400 мың бас мал бар. 1,9 миллиард теңгені 400 мың бас малға бөлсек, 5 мың теңгеден келеді. Сондықтан бұл басы ғана (қаржы бөлудің)  болуы керек", - дейді Алмасбек Садырбаев Facebook-те кездесуден жариялаған видеода.

Malim.kz осы жиынға қатысқан қоғам белсендісі Жәнібек Қожықтан кездесуде қандай мәселелер сөз болғанын сұрап білді.

Жәнібек Қожықтың айтуынша, кездесуде шаруалар Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялауды ұсынған.

"Біріншіден, жердегі қуаңшылық, шөптің шықпағанын, топырақта ылғал жоқтығын қараңдар, сосын төтенше жағдай жариялаңдар, үкіметтен қаржы бөліңдер дедім. Қазір жарияламасаңдар, көктемде жұт осылай басталады, жазда, күзде жаңбыр жаумаса, қыста қар басса, сонда Маңғыстауда тігерге тұяқ қалмайды.Сол уақытта өздерің үшін жариялайсыңдар. Бірақ ол кезде кеш болады дедім. Құрмет дейтін бала өзі бастама көтеріп, шөп жіберіп жатыр. Министрлік, ұлттық компания жасай алмаған қарекетті бір өзі жасап жатыр. Министрлік бар, билік бар, сендердің қолдарыңда миллиардтаған қаражат бар, олай болса төтенше жағдай жариялап, халыққа көмектесіңдер деген ұсыныс айттым", - дейді Жәнібек Қожық. 

Бұдан бөлек Жәнібек Қожық Маңғыстауға жем-шөп жеткізудің жол шығынын көтеруді сұраған.

"Ақтөбеде 250-300 келі арасындағы шөптің бір орамы бес мың теңге тұрады. Маңғыстауға келгенде, бағасы 15 мың теңгеге жетеді. Ауылға жеткенше 17-18 мың теңгеге көтеріледі. Өйткені кәсіпкер оны бес мың теңгеге алады, үстінен бес мың теңге қосады, әйтпесе бизнес болмайды.  Тағы бес мың теңгесі жол шығынына кетеді. Үкіметтен субсидия беріп, сол жол шығынын өтеп беріңдер. Сол уақытта кәсіпкер шөптің бір орамын 15-18 мың теңгеге емес, 10 мыңнан сатады. Халықтың аздап болса да сатып алуға мүмкіндігі болады. Жемге келсек, құнары жоқ кебек 1,5-2 мың теңге тұрады.  Бұл бағаның үштен бірі жолдың шығыны. Соны төлеп беріңдер дедік", - дейді Жәнібек Қожық.

Сонымен қатар күзде әр аудан орталықтарында, ауылдарда мал бордақылайтын орталықтар ашу мәселесі көтерілген.

"Жем-шөп сатып жүрген кәсіпкерлерге үкімет субсидия берсін. Біз етімізді соған тапсырайық. Үстіндегі ақшаны үкімет төлесін. Егер малымызды елу пайызға азайтпасақ, бәрі қыста өліп қалады. Халық малының жартысын сатып алуы керек дедім", - дейді Ж.Қожық.

Сондай-ақ кездесуде мал басын сақтандыру, облыста мұнай өндіріп жатқан мұнай компанияларының халыққа көмектесуі тәрізді мәселелер көтерілген

"Егер мал қырылып қалса, онда аштық басталады. Маңғыстау халқының бәрі мұнайшы деген – бос сөз. Ауылдағы жұрт аздаған малын сатады, тамағын, киімін алып келеді. Бұл  қала емес, олар таксист бола алмайды. арба да сүйрей алмайды, өйткені базар жоқ", - дейді Жәнібек Қожық.

Қоғам белсендісінің айтуынша, Ербол Қарашөкеев бұл ұсыныстарды қарастырамыз деп жауап берген.

Осы жиынға қатысқан "Азаттық" тілшісі ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Қарашөкеевтен Маңғыстауда төтенше жағдай жариялау мәселесін сұраған. "Азаттықтың" жазуынша, Қарашөкеев  Маңғыстауда төтенше жағдай жариялау мәселесі облыс әкімдігінің құзыретінде деген. "Оның айтуынша, әкімдік оны "Қазгидромет" және төтенше жағдай департаменті мамандарымен ақылдаса отырып, шешуі тиіс. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Серік Қалдығұлов "жердің ылғалдығы, ауаның құрғақтығы, жауын-шашын мөлшеріне қарағанда әзірге төтенше жағдай жариялау ертерек" деді", - деп жазады  "Азаттық".

3 шілде күні ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы қуаңшылықтан малдың қырылуы тоқтады деген мәлімдеме таратты. Алайда Жәнібек Қожықтың айтуынша, малдың қырылуы тоқтаған жоқ.

Маусым айында Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы қуаңшылықтан малдың қырылып жатқаны туралы хабар тарай бастады. 14 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, екі өңірдегі қуаңшылықтың салдарынан 2 мың бас мал қырылған.

10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сынап, оның отставкаға кетуі керектігін айтқан. Артынша президент Тоқаев министр Омаровты отставкаға жіберді.

10 шілде күні Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы вице-министрі, ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Байланысты жаналықтар

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

16.04.2024

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

16.04.2024

Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

16.04.2024

Тоқаев пен Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

15.04.2024

Президент жұртшылық қызу талқылаған заңға қол қойды

15.04.2024

Су тасқынының келесі толқынына дайындық: Бектенов Оралға барды

15.04.2024
MalimBlocks
Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

Бұл туралы Тоқаев Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын қысқарады.

Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған.

Тоқаев пен Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты.

Президент жұртшылық қызу талқылаған заңға қол қойды

Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

Су тасқынының келесі толқынына дайындық: Бектенов Оралға барды

Жайық өзенінің жағалауын нығайту және бөгет құрылыстарын салу жұмыстарының барысын тексерді.