Маңғыстауда жұт: Тұрымовқа бәрібір ме?

Олжас Қасым

  • 03.07.2021

Жылқы қырылған жаз...

Маңғыстау даласы мал өлігіне толып кетті. Малшылар жұт болып жатқанын айтады. Жергілікті биліктің есебі бойынша керісінше теңіз жағасындағы жұрттың мал саны өсіп жатыр.

«Жағдай нашар. Мал әлі қырылып жатыр. Соңғы екі жылдан бері жауын мен қар жоқ. Шаңды дауылдар ғана болады. Мал түгілі адамдар ауылдан безгелі тұр. Шөптің бір түгінің ең арзаны 15 мың. Кебектің бір мөшегі 2 мың теңге тұрады. Мал облыста қыстан бері өле бастады ғой. Жергілікті биліктің мал шығыны бойынша есебі өтірік. Жемді кәсіпкерлер көрші облыстардан алып кеп сатып жатыр. Облыстағы шенеуніктер оны фотоға тартып алып әлеуметтік желіге салады. Жұмыс жасап жатырмыз деген түрлері ғой. Кәсіпкерлер жем-шөпті қымбатқа сатып жатыр. Жем-шөп алуға шаруалардың субсидиямен жол шығынын көтерсе деп едік. Олай істесе жем-шөп арзандаушы еді», - дейді Маңғыстау ауданына қарасты Ақшымырау ауылында тұратын белсенді Қосқали ТЫНДЫРҒАНОВ Мalim.kz сайтының тілшісіне.  

Маңғыстаулықтардың айтуынша, жем-шөп мәселесі биыл ғана халықты тығырыққа тіреп отырған жоқ. Бұдан жергілікті шенділер хабардар. 2019 жылдан бері облысты басқарып отырған Маңғыстаудын тумасы Серікбай ТҰРЫМОВҚА малшылардың жайы тіптен таныс. Былтыр халыққа есеп беру жиынында әкімдіктің басты жұмысы өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, туризмді және көлік-логистикасын дамытуға бағытталатындығын айтқан. Басқа үш саланы білмедік. Бірақ ауыл шаруашылығы қазір ауыр хәлде. Облыс әкімі бұл уәделері үшін қысылмаса керек-ті. Себебі жергілікті биліктің есебі бойынша биыл мал саны керісінше өскен.

«Әкім Тұрымовтың есебі түгел»

Өңірдегі ауылшаруа­шы­­лық бас­қарма­сы берген деректерге көз жүгірт­сек, ағымдағы жылдың 4 айының қо­ры­тындысы бойынша облыста ірі қара саны 29 585 бас болып, өткен жыл­ғыдан 3%-ға өскен. Ал қой мен ешкі саны 613 522 бас болып 0,8%-ға азайыпты. Сондай-ақ жылқы – 123 671 бас болып 5,1%-ға , түйе – 85 713 бас болып 3,4 %-ға көбейіпті. Жалпы, мал басы 3,2%-ға өсім көрсетіпті.

Бұл ақпарат «Егемен Қазақстан» газетіне шықты. Бәлкім, әкім Тұрымов осындай «керемет» есеп барда президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН сөз естімеймін деп ойлар. Ресми мәлімет бойынша облыста 1,5 мыңға жуық мал қырылған. Бұл ақпаратқа сенбейтіндер де бар.  

«Қазақ мал мен баласының санын айтпайды. Қазақша айтқанда бір бармағын қысып отырады. Малдың өлігі далаға толып кетті. Әсіресе жылқы.  Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Серік ҚАЛДЫҒҰЛОВ мал өліп жатқан жоқ дейді. Кабинетінен шықпайтын адамның сөзі ғой. Жақында екі жылқым арықтықтан өлді. Қойлар арық. Сойыс мал жоқ. Байқоңырдан Ресей зымыран ұшырады. Сол жақтан ыстық жел соғады да тұрады. Жерді кептіріп тастады. Теңіз қашып барады. Бұл елдің сөзі. Жайылымның жоғағанына осы себеп деп ойлаймыз. Шенеуніктер бір нәрсе айтқан болады. Бірақ оларға сенуден қалдық қой», - дейді Маңғыстау облысының Маңғыстау ауыданында малмен күнін көріп отырған зейнеткер Еркүлік ТІЛЕКБАЙҰЛЫ.

Әкім Тұрымов мал азығына байланысты көрші Ақтөбе облысымен келісмшарттар жасасып, жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлген. Ол жайлы биылғы жылдың маусым айында халыққа есеп беру кезінде  айтқан. Бірақ...

«Маңғыстауда мал қалмайтын шығар...»

«Ақтөбенің Қобда ауданынан біздің облысқа он мың гектар шабындық беріпті. Шөбі жақсы дейді. Алайда бізге қымбатқа кеп жатыр. Былтыр біз 16 мыңға бір түк шөп алғанбыз. Биыл 15 мыңға алып жатырмыз. Сонда мың теңгеге көмек беріп тұр. Арпаның бір мөшегін 3700 теңгеден алып жатырмыз. Далада алапат ыстық. Алда қыс бар. Маңғыстауда мал қалмайтын шығар. Жылқы қатты қырылып жатыр. Түйе байқұс шыдамды ғой. Олар да қашаңғы шыдар. Сораң деген теңіздің ащы шөбі бар. Жігіттер соны шауып жатыр. Басқа амал жоқ. Биыл аздап қар жауғанда африкалықтар сияқты қуандық. Қар мен жауын көрмей кеткелі қаншама жыл. Шенеуніктер де табиғи жағдайды біледі ғой. Баяғыдан қам жасаулары керек еді. Қарапайым адамдар емес. Оқығандары бар. Мамырдың соңында Шетпеде жиналыс болды. Мәжіліс депутаттары мен ауыл шаруашылық министрлігінен адамдар келді. Төтенше жағдай жариялатамыз деп кеткен. Одан түк шықпады», - деді Еркүлік ТІЛЕКБАЙҰЛЫ.

Маңғыстауда алып-сатарлардың күні туып-ақ тұр. Оны тіпті жергілікті жұрт түгілі депутат Еділ ЖАҢБЫРШИННІҢ сөзі де растайды.  

«Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады», - деген еді депутат осыдан жарты ай бұрын.

«Шопан ата» қойшылар қауымдастығының басшысы Алмасбек САДЫРБАЕВ Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарын бір апта аралап қайтыпты. Маңғыстаудың бес ауданында болған екен.  

«Маңғыстау халқы биылғы төлдің 30 пайызынан айрылып қалыпты. Малдың да отыз пайызы өлген. Дала қан сасып тұр. Малды сақтап қалуға 200 млн теңге бөлген. Ол жұғымда болмайтын ақша. Көршілес Қызылорда облысы 3,5  млрд бөлді. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз екі облыстағы жағдайды. Біз малға жаны ашитын қазақпыз ғой. Әр қазақ Маңғыстауға бір қап жемнен жіберейік. Ол дегеніңіз екі-ақ мың теңге. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады», - дейді Алмасбек Садырбаев Мalim.kz сайтының тілшісіне.

Мalim.kz сайтының тілшісі маңғыстаулық шенеуніктердің өз ауыздарынан елдегі жағдайды білгісі келді. Кім екенімізді білген соң ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Серік Қалдықұлов жиналысқа кіріп бара жатқанын айтып қысқа қайырды. Жиналыс бітетін уақыт та болды. Бірақ басқарма бастығы телефонын көтеретін емес.  

Фотоларды маңғыстаулықтар жіберді. 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады