Төменгі жалақы 18 мыңға өседі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
"Ең төменгі жалақыны қайта қарайтын уақыт келді. Елімізде ең төменгі жалақы 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс халықтың табысына да әсер етті. Бұдан бөлек, минималды жалақы мөлшері жағынан Қазақстан ТМД-ның бірқатар елінен қалып қойды", - деді Мемлекет басшысы парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтеру арқылы бірқатар мәселе шешімін табатынын айтты.
"Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей пайдасын тигізеді. Ал жанама түрде барлық жұмысшыға пайдалы болады. Көлеңкелі жалақының көлемін де азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ішкі сұранысты да ұлғайтады", - деді Тоқаев.