Алматы трагедиясы. Билікті кім басып алмақ болды?

  • 11.01.2022

Алматы трагедиясы. Билікті кім басып алмақ болды?

Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасалмақ болған. Авто газдан басталған қаңтардағы қақтығыстың себебін осылай түсіндіре бастады. Ең алдымен бүлік кезінде мемлекеттік хатшы болып тағайындалған Ерлан Қарин  10 қаңтарда түске дейін телеарналарға берілген сұхбатында 5 қаңтардан бастап болған оқиғаларды «елде төңкеріс жасау мақсатындағы гибридті террорлық шабуыл» деп атады. Осы күні телеарналарға сұхбат берген депутат Айдос Сарым да мемлекеттік төңкеріске талпыныс болғанын айтып өтті.

Ал 10 қаңтарда түстен кейін онлайн форматта өткен Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік төңкеріс жайлы мәлімдеді.

Тоқаев 5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты «билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу» және «мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деп ашық айтты.  

Діншіл радикалдар, қылмыстық элементтер, бандиттер, тонаушылар мен бұзақылардың наразылықты тірі қалқан ретінде пайдаланғанын, әскерилер мен құқық қорғау органдарының киімдерін киіп алғанын да айтып өтті президент.

Тоқаев «бес есе көп болған содырлардың резиденция алдына жиналуы - Қазақстанға қарсы террористік соғыс» деп атады. Ол «содырлар елдің 11 аймағына шабуылдады, негізгі соққы Алматыға бағытталды» дейді.

«Алматының құлауы халық көп қоныстанған оңтүстік аймақты, одан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Бұл оқиға тарихта «Алматы трагедиясы» деген атпен қалады» деді.
Президент бүлік күндері күштік құрылымның 16 қызметкері қаза тауып, 1300-і жараланғанын айтты. Ал бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандардың нақты санын айтпады. «Марқұмдардың саны анықталып жатыр» деді.

Алматы трагедиясы неден басталды?

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасыы 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілді. Бұған ашуланған жергілікті тұрғындар наразылыққа шықты. Басқа қала тұрғындары да жаңаөзендіктерге қолдау білдіріп алаңға жинала бастады. Үкімет өз өкілдерін дереу жіберіп, газ бағасын арзандатқанымен  алаңдағы жұрт тарқамады. Қымбатшылықтан қажығандарын айтқан шерушілер биліктің отставкасы талап ете бастады.

Ал  5 қаңтарда Алматыда Алматы Арена ғимараты маңына жиналған  мыңдаған адам Республика алаңына жол бастаған. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды.

5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады.

Бұл уақытта Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда қалаларында наразылықтар жалғасып жатқан еді.

5 қаңтарда қырғын басталды. Алматыда қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Сауда орындары, дүкендер, банктер тонала бастады. Алаңда қақтығыс болып жатқан сәтте интернет байланысы өшірілмегендіктен бейберекетсіздік әлеуметтік желіде тарап, халықты шошытып жатыр.

Осы күні Қ.Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады. Елде төтенше жағдай жарияланды. Интернет толығымен өшірілді.

Ертесі күні Қауіпсіздік кеңесі жиынын өткізген Тоқаев Алматыдағы шабуылды «агрессия актісі» деп атап, «террористік топтарды» айыптады.

5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.

7 қаңтарда Тоқаев «содырларға оқ атуға бұйрық бергенін» мәлімдеді.

Ал 8 қаңтарда ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов «отанға опасыздық жасады» деген айыппен ұсталды.

10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Елде жағдай тұрақтала бастағаны, әскерилер елдегі нысандарды «бақылауына ала бастағаны» айтылды. 11 қаңтарда президент мәжіліске премьер-министр қызметіне Әлихан Смайыловты ұсынды. Мәжіліс бір ауыздан қолдау білдірді.

 

 

Байланысты жаналықтар

Тоқаев қаза болған  тұрғындардың нақты санын анықтауға тапсырма берді

15.01.2022

Үкімет отставкасы. Мамин кетті, Смайылов келді

05.01.2022

Экономика министрі тым «экономшыл» екен

10.03.2020

Тоқаев жаңа премьер-министрге тапсырма берді

11.01.2022
MalimBlocks
Тоқаев қаза болған  тұрғындардың нақты санын анықтауға тапсырма берді

Үкімет отставкасы. Мамин кетті, Смайылов келді

Экономика министрі тым «экономшыл» екен

Тоқаев жаңа премьер-министрге тапсырма берді