Аудиторлық палата: Экология мен инновацияға аз қаржы бөлінеді

Бұл мемлекеттік аудит қорытындысынан белгілі болды

Мадина Қайнарова

  • 19.09.2024

Елімізде экологиялық және инновациялық жүктемесі бар жобаларды қаржыландыру үлесінің төмен екені анықталды. Сондай-ақ дайын өнімдер, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты басымдыққа ие бағыттар қолдау шараларымен қамтылмаған. Бұл мемлекеттік аудит қорытындысынан белгілі болды.

Жоғары аудиторлық палата өнеркәсіптік-инновациялық саланы мемлекеттік ынталандырудың тиімділігі бойынша жүргізілген аудит қорытындыларын қарады. Аудиттің негізгі бағыты – өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыру.

Аудит қорытындысы бойынша бұл саладағы бірқатар рәсімдердің баяу жүргізілетіні анықталып отыр. Мысалы, жеңілдетілген қаражат түпкі алушыларға ұзақ жетеді. Тіпті Үкімет резервінен шұғыл іс-шараларға көзделген қаражатты да кешіктіріп пайдалану фактілері болған. Бұл жалпы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне кері әсер етеді.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру сапалы дайындық жұмыстары есебінен бірнеше есе жылдам жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.  Яғни, жобаларды қаражат бөлінгенге дейін алдын-ала қарау және дайындау қажет.

 

- Бюджеттен ақша экономикаға белсенді инвестиция салуға және сол арқылы салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, оны қолдауға бөлінеді. Ал сіздер сол қаражатты жедел үлестірудің орнына сақтап отырасыздар. Мемлекеттен ақша алып, оны депозиттік шоттарда ұстайсыздар, ал бұл қаражатты бюджет шеңберінде басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бөлуге болар еді, — деді палата төрағасы квазимемлекеттік компаниялардың басшылығына.

Сонымен қатар мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша экологиялық және инновациялық жүктемесі бар жобаларды қаржыландыру үлесінің төмендігі байқалады. Сондай-ақ дайын өнімдер, жеңіл және фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты басымдыққа ие бағыттар қолдау шараларымен қамтылмаған екен.

 «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның экспорттаушыларды қаржыландырудың нысаналы бағыты бойынша ұқсас бағдарламаларын әртүрлі шекті сыйақы мөлшерлемемен қатар іске асырғаны да анықталып отыр. Бұл белгілі бір қарыз алушыларға арзан кредит беру тәуекелін тудырады және мұндай шараларға тең қолжетімділік негіздерін бұзады. Мәселен, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ жекелеген қарыз алушылар үшін белгіленген шектен 1-2,5% төмен мөлшерлемемен несие берген.

Мемлекеттік аудиторлар қалыптасқан ірі бизнес, басқаша айтқанда контрагенттердің айрықша тобын қаржылай қолдаудың жалғасуына ерекше назар аударды. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның бес жылдағы барлық кредиттік, лизингтік және инвестициялық портфельдерінің жартысы осы артықшылық берілген топтарға тиесілі. Ал бұл оның іс жүзінде «таңдаулы тұлғалар тобына арналған жеке банк» болып қала беретінін көрсетеді.  Мұндай тәсіл жеңілдетілген қаражатқа тең қолжетімділік және оларды әділ бөлу қағидаттарын бұзады.

Сондай-ақ аудит қорытындысы өндірілген тауарлар экспортының деңгейі өскенін көрсетті. 2022 және 2023 жылдары ең жоғары көрсеткіштер тіркелген, ол сәйкесінше, $27 млрд және $23 млрд теңгеге жетті.

Өңдеу өнеркәсібінде 2019-2023 жылдары 2,4 трлн теңгеге салалық жобалар қаржыландырылған. Бұл негізінен металлургия және тамақ өнеркәсібіне, машина жасауға, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге қатысты.

Фото: arainfo.kz, Үкімет

Байланысты жаналықтар

Үкімет зиратқа арналған жер телімін сатқандарға айыппұл салады

16.04.2025

Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы 120 млрд теңгеге ұлғайтылмақ

16.04.2025

Ақ үй БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды

15.04.2025

Олигархтар Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар инвестиция құятын болды

14.04.2025

Үкімет жылыту маусымын қорытындылады

14.04.2025

"Рамштайндағы" кездесу: Украинаға 21 млрд еуро әскери көмек көрсетіледі

11.04.2025
MalimBlocks
Үкімет зиратқа арналған жер телімін сатқандарға айыппұл салады

Қайтыс болған бір адамға 6 шаршы метр жер мемлекеттен тегін беріледі

Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы 120 млрд теңгеге ұлғайтылмақ

Ақ үй БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды

Олигархтар Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар инвестиция құятын болды

Үкімет жылыту маусымын қорытындылады

Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады

"Рамштайндағы" кездесу: Украинаға 21 млрд еуро әскери көмек көрсетіледі