Украина Қазақстан үшін де соғысып жатыр - Арман Шораев
Кәсіпкер Арман Шораев бүгін Украинаға гуманитарлық көмек бойынша есеп туралы өткізілген баспасөз конференциясында Қазақстан халқын Украинаға көмек көрсетуді жалғастыруға шақырды. Кәсіпкер көрші елге көмек акциясын Ресей-Украина қақтығысы аяқталғанға дейін жалғастыруға ниетті.
“Қазақстанның азаматтық қоғамы жұмыла Украина халқына көмек ретінде аздаған уақыт ішінде қомақты қаржы жинап берді. Бүгін сол көмек акциясының есебін бөлісіп отырмыз. Бірақ бұл акция әлі де жалғасуы керек. Біз гуманитарлық көмек жинауды Украина соғысты жеңіп шыққанға дейін жалғастырамыз. Қазіргі жағдайды біздің халық та түсініп отыр. Бұл - Ресей тарапынан жасалған фашистік әрекет және қазір украиналықтар тек өз Отаны үшін емес, Қазақстан үшін де соғысып жатыр. Сондықтан қолдан келгенше көмек көрсетуіміз керек”, - дейді Шораев.
Шораевтың сөзінше, көмек акциясы аясында бір апта ішінде жиырма мың қазақстандық 2 миллион доллардан аса қаржы жинаған. Кәсіпкер әзірге қаржы жинау тоқтатылғанымен көмектесуге ниеттілер көп дейді. Сондай-ақ ол қаржылай, дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік тасымалынан басқа да көмек амалын қарастырып жатқанын айтты.
“Украина өкілдері каска мен бронежилеттер де гуманитар көмек ретінде жеткізілгенін құп көретіндерін жеткізді. Одан бөлек кәсіпкер ретінде IT мамандары арасында байқау жарияладым. Жақын күндері желіде фашистік V және Z лозунгтері бар фотоларды жариялап, парақшасына қойған адамдардың базасын жинақтайтын арнайы сервис құрылады. Кейін ол база Украина мен Америка, Еуропа елдерінің қауіпсіздік комитетіне жіберіледі. Бұл да - көмектің бір түрі”, - дейді Шораев.
Сондай-ақ кәсіпкер Украинаға жөнелтілген гуманитарлық көмек пен 6 наурыз күні Алматыда өткен Украинаны қолдау митингінің саяси мәні зор деп есептейтінін жеткізді.
“Наурыздың басында өткен Украинаны қолдау митингі мен біз жедел жинап жөнелткен гуманитарлық көмектің саяси мәні зор. Меніңше Қазақстан қоғамы осылайша Ресейдің әскери операциясының бөлігі емес екенін дәлеледі деп ойлаймын. Бірақ аталған митингінің ұйымдастырылуына біздің ешқандай қатысымыз жоқ”, - дейді ол.