Дарынды адамдар қайдағы жоқ нәрсемен айналысып жүр - OYLA журналының бас редакторымен сұхбат
7 сәуір күні қазақстандық OYLA ғылыми-көпшілік журналы жабылатыны туралы ақпарат шықты. Malim.kz тілшісі журналдың бас редакторы Ғамзат Бияровпен сұхбаттасты.
- Алдымен журнал туралы сөйлессек. Қай кезден бастап шыға бастады? Қандай контент жасайсыздар?
- OYLA балалар мен ата-аналарға арналған ғылыми-көпшілік журналы 2015 жылдан бері екі тілде жарық көріп келеді. Журналдың басты тақырыптары мектеп пәндеріне сәйкес келеді. Үштен бірі - математика, физика, химия және биология, үштен бірі технология, ғылыми жаңалықтар мен ашылулар болса, үштен бірі гуманитарлық бағыт, сыни ойлау, ғылымдардың тарихы, әртүрлі тәжірибелер туралы.
Тек Қазақстанда емес басқа шетелдерге де тарайды. 15 елде неміс, кәріс, ағылшын, француз және басқа тілдерде шыққанбыз. Барлық жерде ұқсас материалдар жариялаймыз. Себебі әлемнің қай жерінде болмасын барлық оқушылардың ой-санасы ұқсас. Есейгенде өзгеретін шығар, бірақ оқушылардың бәріне ортақ проблема - мектептегі сабақтарды қабылдап қана қоймай есте сақтай алу. Бұл проблема пәндердің қиын болғанынан емес, оқушының өткен сабақтың өзіне не үшін қажет боларын түсінбегенінен. Мысалы, бала Пифагор теоремасын не істеу керегін білмейді. Пифагор теореманы ойлап тапқанда оның қандай мақсатта жасалғанын білді. Біз сол мақсатты балаларға түсінікті тілмен жеткіземіз, практика көрсетіп, әдемі иллюстрация жасаймыз.
- Оқушылармен кері байланыс бар ма?
- Әрине, бар. Мен ол байланысты екіге бөліп қараймын. Біріншісі оқушылардан келеді, екіншісі, ата-ана мен баладан келеді. Себебі Қазақстанда екі түрлі мектеп оқушыларының категориясы бар. Былай бөлуге болмайды, әрине. Бірақ жағдай солай. Аймақтық мектептер мен қалалық мектептер. PISA қорытындысы бойынша, басқа факторлар бойынша қарап көрсеңіз де айырмашылықты байқайсыз. Одан бөлек, мемлекеттік тілде және орыс тілінде оқитын оқушылар арасында да айырмашылық бар, мұны да әртүрлі зерттеулер нәтижесімен білуге болады. Әсіресе қала мен ауылдағы мектептер арасындағы статистика көзге ұрып тұрады. Бұл біздің елде білімді толық алмайтын және толық алатын балалар бар екенін көрсетеді. Аймақтардан жазылуда аз. Сондықтан аймақ мектептеріне журналды біз көбіне демеушілер есебінен жібереміз. Сатып алатын ата-аналар аз. Ірі қалаларда жағдай басқаша мұнда ата-аналар баланың білім алуына баса мән береді. Сондықтан да ауылдан келген пікір оқушыдан келсе, қаладан келген пікір ата-анамен баладан келеді.
- Бұл ата-ананың баланың біліміне деген жауапкершілігін көрсете ме? Яғни аймақтарда баланың біліміне мән бермей ме?
- Приоритетке байланысты. Бұл ата-аналар жаман, баланың біліміне назар аудармайды деген мәселе емес, бұл аймақтардағы материалдық жағдайдың нашар екендігін көрсетеді. Елімізде аймақтар мен ауылдық жерлерде экономикалық жағдай аса ауыр, адамдар тым аз пайда табады. Журналдың бағасын қанша төмен қылуға тырыссақ та ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Олар сауатсыз немесе жауапкершілігі жоқ ата-ана емес, олар бірінші кезекте баланың тамағының тоқтығы, киімінің бүтіндігі немесе барлық оқулығының қолда болуы үшін жұмыс істеп жүр. Бұл да үлкен жауапкершілік. Журнал басты қажеттіліктер қатарына кірмейді. Мен оларды түсінемін, сол үшін де ауыл мектептеріне журналды тегін жібереміз.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтанушы: Үлкен бала кіші баланы бағып отырмау керек
- Журналдың қазіргі тағдырына келейік. Қазақстандағы балаларға арналған жалғыз ғылыми-көпшілік журналдың жабылуы қоғамда неге резонанс тудырған жоқ?
- Қоғамдық резонанс дегеніміз қандай да бір жаңалыққа көп адамның реакциясы ғой. Біздің жағдайда резонанстың болмағанының бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Қазір мемлекетіміз сыртқы және ішкі жағдайда үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Оның үстіне соғыс туралы ақпарат басқа ақпараттың барлығын жоққа шығарады. Сіздің өзіңізде, әлеуметтік желіге кіре сала бірінші кезекте соғыстағы жағдайды қарайсыз ғой.
Тағы бір мәселе біздің қоғам ұзақ жылдар бойы мәдени-ағартушы жобаларға назар аудармай келеді. Және ең басты себеп қазір адамдардың бізге қарар шамасы да жоқ. Олар несие жабу, отбасын асырау сынды мәселелерді ойлап жүргенде, ғылым мен білімге назар аудара алмайды. Сосын бізде үлкен бір иллюзия бар. Кез келген ақпаратты интернеттен тауып алуға болады, ол үшін журналдың керегі жоқ. Керек ақпаратты мектепте оқып жүрген 30 оқулықтың ішінен тауып алуға болады деген. Бірақ егер сол оқулықтардың мазмұнына назар аударып көрсек, олардың үлкен бір бөлігі ескірген, оның үстіне бала түгілі үлкен адам түсінбейтін қиын тілмен жазылған.
Бұл жаңалықтың резонанс тудырмағаны, сырт көзбен қарағанда, бұл біздің қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсететін факторлардың бірі. Бірақ оқып жүрген адамдардың көбі пікірін білдіріп жатыр. Өкініштісі олар көп емес. Ал көпшілік журналдың бары-жоғынан хабарсыз.
- Журналда қандай адамдар жұмыс істейді? Авторлары кім?
- Жоғарыда айтқанымдай 2015 жылы жұмысымызды бастадық. Біздің арамызда журналист мамандар жоқ. Мен математикпін, Мария – биолог, Дәурен – физик, Алмас – химик, мұнда жаратылыстану ғылымдарынан келген адамдар бас қосып, өзіміз балаларға не бергіміз келеді деген ойды осы журналдан таптық. Журнал оқулық емес, ол тура және ауыспалы мағынада жұмсақ, яғни кез келген бағытта жазылады, өзгере алады.
Маған ең жиі қойылатын сұрақтың бірі неге бұны онлайн жасамадыңдар? Әлдеқайда арзан, қолжетімді болатын еді дейді. Бірақ біз әдейі журнал түрінде жасап шықтық. Себебі сіз қолыңызға телефоныңызды немесе кез келген гаджетті алған кезде сіздің назарыңызды бұрып әкететін дүниелер көбейеді. Яғни мессенджерден немесе желіден хат келеді, музыка шығып қалады. Сіздің басқа нәрсеге деген қызығушылығыңыз күшейіп кетеді. Әсіресе балалар TIKTOK-қа кіріп кетеді. Ал біз мұнда жариялайтын мақалалардың барлығы мұқият отырып оқуды талап етеді. Журналдың басты басты мақсаты оқушы ғылыммен бетпе бет отыруы керек.
Оқи отырыңыз: Азат Ысқақ: Ата-ана бала оқыта алмайтынын түсінді
Біздің дизайнерлер мен авторлардан тұратын үлкен командамыз бар. Авторларымыздың барлығы белгілі бір ғылыми бағытта ізденіп жүрген ғалымдар. Мысалы, Әмина Мирсакиева өздігімен қалпына келетін полимерлер туралы зерттеу жасап жүр. Ол қазір Нидерландыдағы Samsung зауытында жұмыс істейді. Яғни телефон бетіндегі әйнек сынса, оның өздігінен қалпына қайта келуін түсіндіріп бере алады. Жақын арада біз бұл процессті өз телефонымызда-ақ көре аламыз. Бірақ мұны түсіндіру үшін химиялық байланыс, пластиктің түрлері туралы түсіндіріп кету керек. Немесе математик ғалым шифрлар туралы айтып береді, бірақ балаларға бірден шифр туралы айту қиын. Алдымен екі сандық жүйеден бастаймыз. Яғни 0 мен 1-ді ғана қолданып кел кезген ақпаратты кодтауға болатынын түсіндіреміз. Жеңіл ақпараттан күрделі ақпаратқа ауысу арқылы бір саланы толық қамтимыз.
Авторлар үшін бұл жағдай қатты әсер ете қоймас, себебі журнал олардың қосымша хоббиі. Ал дизайнерлерді басқа жобаларға жіберіп, жұмыс тауып береміз. Осы жағдайға ұзақ дайындалғандықтан, мен редактор ретінде бұл процесстің бәріне жауап беремін. Жобаны толық аяқтағаннан кейін басқа да идеяларымыз бар, соларды іске асырып көреміз.
- Осы кезге дейін журнал экономикалық тұрғыда қалай өмір сүріп келді?
- Журнал өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейде болған. Қазақстанда жұмыс жүріп тұрды, бірақ басқа елдердегідей жақсы болған жоқ. Бізде өте өкінішті парадокс пайда болды. Германиядағы сатылған журналдың ақшасына Қазақстанда журнал шығарып жүрдік. Яғни неміс баланың ақшасына қазақ балалары үшін журнал шығып тұрды. Соңғы оқиғалардан кейін жағдай мүлдем қиындап кетті де, біз ең тиімді шешім жұмысты тоқтату деген ойға келдік.
- Ақпарат министрлігі сіздермен байланысып, жағдайды талқыладық деп айтып жатыр еді.
- Шынымды айтсам, осы кезге дейін біз мемлекеттік бюджетпен мүлдем жұмыс жасап көрмедік. Ешқандай грант, ешқандай қолдау алған емеспіз. Бұл олар жаман деген сөз емес, өзіміз көмек сұрап көрмедік. Қиын кездердің өзінде де өз күшімізге сендік. Жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасауға тырыстық. Банктер, мұнай компаниялары қолдау көрсетті. Қазір бұл көмектердің барлығы азайып кетті. Себебі біз олардың маңызды жобасы емеспіз. Бізден де маңызды істер бар. Мысалы, баспанасыз жүргендерге үй немесе ауру адамдарға дәрі алып беріп көмектеседі. Ал ол жағдайлардың жанында біз актуальды емеспіз.
Ақпарат министрлігі және басқа мемлекеттік мекемелер хабарласып, көмектесейік, ақылдасып көрейік деп жатыр. Журнал қайта шығуы да мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, біз біреуден көмек сұрап жүргеннен шаршадық.
- Егер мемлекеттен қаржы бөлінсе, бұл контентке әсер етіп кетпей ме?
- Бір оқиға есіме түсіп кетті. Ол кезде білім министрі кім болғаны есімде жоқ. Бізге грантқа өтініш тастап көріңдер деді. Рухани жаңғыру немесе басқа соған ұқсас бір бағдарлама аясында қолдау көрсетеміз деді. Гранттың шартты бойынш біз әр журналдың жартысында осындай бағдарламалар туралы жазуымыз керек болған. Бұл журналдың концепциясына да, идеологиялық құндылықтарымызға да келмейтін. Себебі біз балаларға жаңа саяси қозғалыстар туралы емес, ғылым туралы ақпарат беріп, математиканы түсіндіргіміз келеді.
Егер келісім болып жатса, редакцияның бірінші талабы журналдың өз құндылықтарын сақтап қалуы болады. Журналдың саясатқа да, мемлекеттік идеологияға да қатысы жоқ. Біздің идеология – ғылыми ақпарат, сыни ойлау, тәжірибелер жүргізу. Редакция насихат жасауға қарсы, одан да тынышынан жауып тастағанымыз дұрыс.
- Журнал ешкімнен ақша сұрамай, тек оқырмандар төлеміне күн көретін деңгейге жету үшін қоғамда қандай өзгеріс болуы керек?
- Қоғамда өзгеріс болмауы керек. Қоғамның өзі өзгеруі керек. Адамдардың материалдық жағдайы жақсаруы керек. Біздің елге осындай журнал керегін анық білетін және соны насихаттайтын адамдар пайда болуы керек. Қолына журналды алған адамдар оның әсер ету аясын бағаламайды. Жәй ғана бір қағаз ұстап тұрмын деп ойлайды. Біз музыканың күрделілігін немесе кез келген мәтіннің түпкі мағынасын түсіне алуымыз керек. Бұл адамның таным көкжиегі кеңейген кезде ғана пайда болатын процесс. Ал мұндай адамдар көп болуы үшін білім беру деңгейі көтеріліп, ақылды адамдарға жағдай жасалып, медиаға да өзгеріс керек. Осының бәрі бірігіп, жаңағы мен айтқан білімді насихаттайтын адамдарды көбейтеді.
Мәселенің түбіне үңілсеңіз, біз балаларға арналған жалғыз ғылыми журнал болдық. Бүтін бір ел үшін бұл тым аз. Әртүрлі бағыттағы мыңдаған журналдар болуы керек. Осы жағдайды түсінетін адамдар өзгеріс алып келсе. Ал бұл жағдайды ешкім түсінбейтін болса... Трагедия деген сол.
Оқи отырыңыз: Жапонияда тұратын қазақ: Қазақтың хақысын беріп жатырмыз ба?
- Журнал ағарту ісімен айналысты. Бірақ бұл бизнес жоба ғой? Неге біздің елде мұндай бизнес жасау қиын?
- Қазақстанда бизнес жүргізуге «арктикалық» жағдай жасалған. Бұл пікірдің мұнай мен құрылысқа қатысы жоқ. Яғни адам ойымен жасалатын бизнестің жағдайы мүшкіл: салық, одан бөлек тағы басқа тосқауылдар бар. Біздің елдегі үлкен парадокс, ақылды, дарынды адамдар қайдағы жоқ нәрсемен айналысады да, интеллекті олардан төмен адамдар жоғары лауазымда жақсы жалақы алып отыр. Мен осы журналдың жұмысы аясында басқа елдердің жастарымен де сөйлесемін. Олармен тілдескенде біздегі креативті жастарға шын жаным ашиды. Мысалы, Лондонның қазіргі бюджетінің 20%-ға жуығын креативті сферадағы, яғни фотограф, дизайнер, журналист жастар қамтып отыр. Ал бізде бәрі керісінше. Бұл да қазір ауысып жатқан тарихи кезеңнің жемісі болар.