Әлеуметтанушы: Үлкен бала кіші баланы бағып отырмау керек
Қазақстандағы орта білім беру оқу орындарының 70 пайызs ауылдық жерлерде орналасқан. Сарапшылар бұл мектептердегі білім беру деңгейі қалалық мектептермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екендігін анықтаған. Оған дәретхананың орналасқан орнынан бастап, мектепке баратын жолдың жөнделуіне дейін әсер ететіні белгілі болған. Malim.kz тілшісі әлеуметтанушы Алмаш Тлеспаевамен сұқбаттасып, білім беру саласындағы теңсіздіктің басты себептерін білді.
- Білім берудегі теңсіздік дегенде ойға бірінші кезекте қала мен ауыл мектептер арасындағы теңсіздік келеді. Алайда көпшілік бұл мәселе ескірген, осыдан 10 жыл бұрынғыдай актуалды емес деген пікір бар. Бұл қаншалық рас?
- Әлеуметтік теңсіздік мәселесі ешқашан ескірмейді. Оның ішінде ауыл мен қала мектептеріндегі теңсіздік те ешқашан маңызын жоғалтпайды. Ол білім сапасындағы теңсіздік, материалдық қамсыздандыру мен инфроқұрылымдағы теңсіздік, оның ішіне интернет байланыс, кітапханадағы кітаптардың қолжетімділігі, оқулықтардың жаңа болуы, бәрі осы теңсіздіктің көрінісі. Осыдан келіп бұл мәселе оқушылардың болашақта табатын экономикалық табысына да әсер етеді. Яғни адамның мектептегі, фундаментіндегі теңсіздік үлкен азамат болғанда да өміріне әсер етеді. Бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын проблема.
- Біз де ауылдағы білім беру мекемелері туралы айтқанда соңғы жылдары тек дәретхананың орналасқан жері сөз болып келе жатқан секілді. Ауыл мектептерінде бұдан өзге проблема жоқ па?
- Әрине, дәретхананың мектеп ғимаратының ішінде не сыртында орналасуы да үлкен рөл атқарады. Мысалы, оқушы сыртқа шығып келетін болса, ол сабақтың жартысына қатыспай қалуы мүмкін. Яғни сабақты толық түсінбейді. Инфроқұрылым деген дәретхана мәселесі ғана емес, қарапайым сыныптың материалдық қамтамасыз етілуі, тақтаның болуы, бордың болуы, ол бордың тақтағы дұрыс түсуі, партаның оқушының бойына сәйкес келуі. Кітаптардың жаңа болуы, ондағы материалдардың сапасы, кітапхананың қоры жаңа болуы. Ғылымдағы жаңалықтарды жазатын қазақстандық журналдар, мысалы, «Ойла», «National Geograpich»-тің қазақ тіліндегі нұсқасы мектеп кітапханасында болуы. Қалада барлығын тауып алуға болады. Ауылда мұндай материалдарды оқу үшін олардың тегін нұсқасы интернетте жарияланған болуы керек. Осыдан туындайтын тағы бір мәселе интернет желісінің қаншалықты дұрыс жұмыс жасауына байланысты.
Қарапайым мектепке баратын жолдың өзіне мән беру керек. Егер бала тас төселмеген жолмен баратын болса, барғанша үсті-басы лай, шаң болатын болса, киімін тазалау керек, ауыстыру керек, оған да уақыт кетеді.
- Біздің елде дәл осы теңсіздік мәселесі мұрагерлікке беріліп жатқан сияқты. Яғни 10-20 жыл бұрын ауылда оқып, теңсіздікке ұшырағандардың балалары да қазір сол теңсіздікке тап болып жатыр ғой?
- Әлемдік сарапшылар отбасының әлеуметтік статусы, оның материалдық жағдайы баланың болашағына қалай әсер етеді деген сұраққа жауап беруге тырысқан. Олардың зерттеуі бойынша бала қанша талантты болса да, оған отбасы қолдау көрсете алмаса, ол талантымен ұзаққа бара алмайды. Мыңның бірі ғана алға ұмтылып шығуы мүмкін, бірақ көпшілігі отбасында көрген дүниетаным, көзқарасты бойына сіңіреді де сол бағытта жүре береді. Мысалы, ата-анасы өмір бойы «жұмысың тұрақты болса, бір жерде ғана жұмыс істесең, қалыпты айлық алып отырсаң, үй салсаң, үйленсең» деп, үнемі айтып отыратын болса, және тек отбасында емес, біздегі қазақ ауылындағы дәстүрлі қоғамда дәл осы ойда қайталап отырса, адамның көзқарасы да тура сондай болады. Және өзі ғана сол қоғамдық сананың құлы болып қоймай, балаларында сол дүниетаныммен өсіреді. Кейде бала қалаға, жоғарғы оқу орнына түскен кезде жан-жақты ақпарат әсерінен көзқарасы өзгеруі мүмкін. Алайда бәрібір адамның негізгі діңгегі отбасындағы көзқарастарды ұстап қалуға тырысады.
- 2014 жылы біз жас журналист ретінде сол кездегі білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбеновпен кездесіп, ол жерде ауыл мен қаланың білім беру сапасындағы теңсіздік туралы мәселе қозғалды. Вице-министр «бұл 4-5 жылда шешілетін мәселе, арнайы жасалып жатқан бағдарлама бар» деп айтып еді. Қазіргі министрлік те «мәселені шешуге жасалып жатқан бағдарламалар бар» дейді. Сол бағдарламалардың бәрі қайда? Неге іске аспайды?
- Бағдарламалардың қайда кетіп жатқанын мен білмеймін. Бірақ бірнәрсені түсіну керек. Біз теңсіздікті ешқашан жоя алмаймыз. Дегенмен өзара алшақтықты азайта аламыз. Ол тек Білім және ғылым министрлігі жасайтын нәрсе емес, бұл үшін кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Егер біз ауылдағы мектептің дәретханасы қайда орналасқаны немесе мектепке баратын жол туралы айтатын болсақ, оны министрлік жасап бере алмайды. Сол аймақтың атқарушы органдары бар. Яғни бір проблеманы шешу үшін әр саладағы осы істің мамандары өз істеріне жан-жақты жауап беруі керек. Бір координатор орган болуы мүмкін, мысалы, білім және ғылым министрлігі координатор болса, басқа органдар бірлескен жұмыс жасаған кезде ғана біз аалшақтықты азайта аламыз.
Тағы бір мәселе ауылға біз жаңа инновацияны алып келіп жатқанда, қалада ол ескірген дүние болуы мүмкін. Сондықтан ауылға да, қалаға да материалдық қолдау білдірген кезде сол жердің сұранысына қарауымыз керек. Мысалы, бір ауылға жаңа компьютер беріледі. Ал екінші ауылға бюджет жоспары бойынша ол компьютер келер жылы немесе бес жылдан кейін берілуі мүмкін. Алайда сол бес жылдың ішінде компьютердің ол моделі ескіріп кетеді. Әрине компьютері жоқ мектеп үшін жаңа болып көрінуі мүмкін, бірақ басқа мектептермен салыстырғанда бағдарламалары ескі болатыны анық.
- Қазір Қазақстанда салынып жатқан мектептердің дені жеке меншік. Мұндай мектептердің көбеюінен теңсіздік те одан әрі көбеймей ме?
- Екі түрлі жеке меншік мектеп болуы мүмкін. Біріншісі, мемлекеттік дотациямен жұмыс істейтін жеке меншік мектептер. Ол мектептер орта таптағы қарапайым халық үшін қолжетімді болуы мүмкін. Жеке меншік мектептерге қойылатын талаптар мықты болуы керек.
Екінші, жекеменшік мектептер қазір біздің елде бар престиж мектептер, олардың ақысы өте қымбат, барлық адамның қалтасы көтере бермейді. Және ол жаққа грант ұтып алу да өте қиын. Бірақ грант ұтып алған күннің өзінде ол жерге қажетті оқу жабдықты, материалдық жағдайды отбасы қаншалықты қамти алады. Теңсіздікті алшақтата ма оған нақты жауап бере алмаймын. Бірақ орта білім беру мекемелері тікелей мемлекеттің бақылауында болуы қажет деп ойлаймын.
- Теңсіздік мәселесінде ата-ананың да жауапкершілігі бар емес пе? Мысалы, үйде баланы жұмысқа салып қоюдың өзі оның уақытын алмай ма? Қоғамның бұл көзқарасын өзгерту мүмкін бе?
- Бала мүлдем жұмыс істемесін деген де дұрыс емес. Үй шаруасындағы баланың шамасы келетін, баланың жасына лайықты шаруаларды бала істеуі керек деп ойлаймын. 7 жастағы бала өзінің киімін реттей алуы, ойыншығын орнына қоя алуы, кітаптарын жинауы керек.
Бірақ біздің елде үлкен бала кіші баланы бағып отырады. Мұндайда екі сұрақ туындайды: бірінші, бауырын қарап отырған бала өзінің сабағына көңіл бөле ала ма? Екінші сұрақ, ол бала неліктен өзінің інісіне, сіңлісіне немесе қарындасына қарап отыр? Біріншіден, ол үйдің материалдық жағдайы нашар, ата-ана балаларын тастап, жұмыс істеуге мәжбүр. Мүмкін екі-үш жерде жұмыс істейді.
Тағы бір мәселе қоғамдық пікір, ұлттық мәдениет. Біздің қоғамда бұл қалыпты жағдай саналады. Ал ол қалыпты нәрсе саналмау үшін мемлекет идеология бойында үлкен жұмыс атқаруы керек. Бұл экономика, мәдениет, отбасын құру мен ұйымдастыру саласында жасалатын өзгеріс. БАҚ, қарапайым оқулықтар, жарнама, насихат сөздер, жолдаулар, реформалар, бәрінде осы айтылған ньюанстар ескерілуі керек. Сонда ғана қоғам мәдениетіндегі, ұжымдық санадағы қалыпты дүниелер өзгере бастайды.
Қазір қарапайым қазақтың мал бағатын ауылына барсаңыз, дәл көктемде сабақ оқып отырған баланы табу өте қиын. Жұмыс істеуге жасы жеткен баланың бәрі малдың төлін қарап, оны бөліп, жем-шөбін берумен айналысып жүр. Ауылда балалар істейтін жұмыс өте көп. Мысалы, осы жерден ауыл шаруашылығын ұйымдастыру мәселесі шығып тұр. Яғни теңсіздікке қатысты бір проблеманы түртсеңіз ар жағында бірнеше проблема шығады. Сондықтан мемлекеттік реформалар керек және сол реформаларға жергілікті басшылық жауапкершілікпен қарау керек. Ал жауапкершілікпен қарау үшін салалық басшылықтарда өз ісіне жаны ашитын мамандар отыруы керек.
- Ауыл мен қаладан бөлек, қаланың ішінде де теңсіздік бар ғой?
- Әрине, бар. Халық тығыз орналасқан кей аудандарда мектептердің жеткілікті болмауы. Екі ауысымдық мектептерден бұрын үш ауысымдық мектептердің болуы. Бұл да теңсіздіктің бір көрінісі. Себебі үш ауысымда сабақ беретін мұғалімнің мектепке дайындалу процесімен екі ауысымда сабақ беретін мұғалімнің мектепке дайындалу процесі екі бөлек. Ол қанша мықты маман болса да, өз білімін үнемі жаңғыртып, жаңартып отыруға уақыты жетпейді.
Екінші теңсіздік баланың үйінің мектепке жақын немесе алыс орналасуы. Қазір бізге «сіз өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңызға байланысты мектепті таңдауға мүмкіндігіңіз бар» деп айтады. Бірақ шын мәнінде ол мектептерде балалар толып қалады да, қабылдамай қояды. Немесе кейбір балалар өз үйінің жанындағы мектепке барғысы келмейді. Себебі оның сапасы төмен. Олар басқа аудандағы сапасы жоғары мектепке барғанды жөн көреді. Бұл тағы да кеңістікті ұйымдастыру проблемасына байланысты. Одан бөлек, қаланың ішінде ескі мектептер көп. Мысалы, Астана қаласында 500 адам қабылдауға қабілетті ескі мектептерге 1000 адам барады. Бұл проблемалар мектепке баратын балалардың жасын алдын ала жоспарламау және кеңістікті жоспарламаудың әсері. Ал мұны әлеуметтік статистикамен және демографиямен айналысатын мамандар болжап, одан кейін олардың есебіне сүйене отырып жергілікті билік өкілдері нақты шаралар қабылдауы керек.Бұл мәселелердің шешілмеуі түрлі органдардың арасындағы өзара ақпарат алмасу процесі нашар екенін көрсетеді.