Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялауды аяқтады

ҚР СІМ мемлекеттік органдар және шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, Израиль мен Ираннан еліміздің азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.
2024 жылғы 25 маусымда Қазақстанның Израиль мен Мысырдағы елшіліктерінің үйлестіруімен 37 адам, оның ішінде Қырғызстан мен Ресейдің 13 азаматы эвакуацияланды. 26 маусымда олар «SCAT» әуе компаниясының Каир–Шымкент бағыты бойынша орындалған рейспен Қазақстанға аман-есен жеткізілді. Осылайша, Израильден эвакуацияланған азаматтар саны 103 адамға жетті.
Өңірдегі ахуал ушығуына байланысты ҚР елшіліктері Тегеран, Ашхабад, Баку және Ереван қалаларында Ираннан 233 қазақстандықты эвакуациялауға атсалысты. Оның ішінде 135 адам Түрікменстан арқылы, 25 адам Әзербайжан арқылы, 73 адам Армения арқылы елге оралды.
Сондай-ақ, 23–25 маусым аралығында аймақтағы әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойған көптеген отандастарымыздың уақтылы оралуына қолдау көрсетілді. 24–27 маусым күндері еліміздің Қатар мен БАӘ-дегі дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен 1900-ден астам азамат Қазақстанға жеткізілді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі көрсеткен жедел жәрдемі мен сындарлы ынтымақтастығы үшін Иран, Израиль, Түрікменстан, Мысыр, Әзербайжан, Армения, БАӘ және Қатар билігіне алғыс білдіреді.
Фото: ҚР СІМ


Ең көп оқылған
