Уханда оқып жатқан қазақ студенттері елге жеткізілді

  • 02.02.2020
  • Malim Админ

Денсаулық сақтау министрлігі Қытайдың Ухан аймағында оқып жатқан қазақстандық студенттерді эвакуациялады. Бұл туралы Malim.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлікке қарасты Шұғыл медицина координациялық ұлттық орталығы барлығы 83 Қазақстан азаматын елге жеткізген. Оның 80-і студент. Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус жұқпалы ауруы таралып жатқан қауіпті аймақтан эвакуацияланған қазақстандықтардың денсаулығы қатаң бақылауда ұсталады.

«Денсаулығын тексергеннен кейін елге оралғандар елордадан 7 шақырым жерде орналасқан елордалық көпсалалы ауруханаға қарасты инфекцияға қарсы корпусқа 14 күнге карантинге жатқызылды», - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Аталмыш аурухана инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи диагностикалық технологиялармен жабдықталған. Қытайдан келген қазақстандықтар бұл жерде оқшауланып, арнайы тексерістен өтеді. Ең алдымен олардың коронавирусты жұқтырған, жұқтырмағаны тексеріледі. 14 күндік карантин кезінде де олардың жағдайы толықтай бақылауда ұсталады.

Жалпы, бұған дейін Қытайда 1300 қазақстандық тұратыны айтылған. Олардың 635-і турист болса, 98-і Уханда оқып жатқан студент. Бұл жолы 80 студенттің елге оралғаны айтылғанмен, қалған студенттердің неге келмегені жайлы ақпарат жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай аурудың таралып жатқанын 2019 жылдың 31 желтоқсанында хабарлады. Қытай билігі Ухан қаласында белгісіз вирустың тарай бастағанын мойындаған. Алғашында бұл вирустың теңіз өнімдерінен таралғаны «анықталғанмен», көп ұзамай ол деректер жоққа шығып, ресми, бейресми жағдайда коронавирус таратушы факторлар жайлы әр түрлі мифтер қаптап кетті. Кейбір болжамдарда 2019-nCov штаммының қолдан жасалып отырғаны да айтылады. Сондай-ақ, ауру жұқтырғандар мен қаза тапқандардың саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп екені, оны Қытай билігінің жасырып отырғаны жайлы да ақпараттар бар.

Соңғы мәлімет бойынша, бір тәулік ішінде аурудың таралу ошағында 45 адам қайтыс болып, 2590 адамның вирусты жаңадан жұқтырғаны белгілі болды. Әлем бойынша коронавирустан қаза тапқандардың саны 305-ке жеткен. Ал вирус жұқтырғандар саны – 14 562 адам.

Айта кету керек, емі әлі табылмаған бұл ауру дүниежүзінің 20-дан астам елінде тіркеліп үлгерген. Қазір көптеген елдер Қытаймен қандай да бір қарым-қатынасқа шектеу қойып, шекарасын жауып жатыр. Ал, Қытайдың бірнеше қаласы жабылып, тұрғындарға үйден шығуға қатаң тыйым салынған. Тіпті, тұрғын үйлердің сыртқы есігінің темірмен бекітілгені жайлы да айтылып жүр.

Қытай билігі бұған дейін бұл аурудың емін наурыз айына дейін табатындарын хабарлаған.

Фото: Аzattyq-ruhy.kz

Байланысты жаналықтар

Нұрділдә Ораз: Полицияны жаманатты қылған - сыртқы күштер

02.06.2020

Мәшһүр Жүсіптің жаназасын келіні шығарыпты

29.09.2020

Антикор «кішкентай» шенеуніктерді жақсы ұстайды

18.09.2020

Мәскеуден келген 55 тонна дәрі-дәрмек бір айға жетеді

15.07.2020

Алматыда 96 жастағы адам коронавирустан жазылды

27.08.2020

Полиция бастығы адам қағып, қашып кетті

29.05.2020