Трамп Еуропаға Үндістан мен Қытайға қарсы 100% баж салығын енгізуді ұсынды

АҚШ Ресей мұнайын сатып алатын елдерге қарсы тарифтерді кеңейтуге дайын екенін мәлімдед. Алайда ол үшін Еуропалық одақ та осындай қадамдарға баруы керек, деп хабарлайды Malim.kz AFP агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ пен ЕО арасындағы келіссөздерге қосылған Президент Дональд Трамп Қытай мен Үндістанды қоса алғанда, Ресей мұнайын сатып алушыларға 50%-дан 100%-ға дейінгі баж салығын енгізуді ұсынды.
«Ресейдің әскери машинасына қаржы көзі – бұл Қытай мен Үндістанның мұнай сатып алуы. Егер осы көзді жаппасақ, әскери машинаны тоқтату мүмкін емес», – деп атап өтті шенеунік.
Талқылауға АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент, Сауда өкілдігі мен Мемлекеттік департаменттің өкілдері қатысты.
АҚШ ресми өкілінің сөзінше, Трамп «әрекет етуге дайын», бірақ бұл қадамды ЕО-мен бірлесіп жасау қажет деп санайды.
Басқа дереккөз 85 сенатор қолдаған заң жобасын еске салды, ол президентке Ресеймен сауда жасайтын елдерге қарсы қосымша тарифтер енгізуге мүмкіндік береді. Алайда, оның айтуынша, Еуропарламенттің мұндай қадамды қолдауға «саяси ерік-жігері» жеткілікті ме деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Тарифтерден бөлек, ресейлік суверенді активтерді бұғаттау тақырыбы да талқыланды.
Бұған дейін Трамп Ресейдің Украинаға шабуылдары жалғаса берсе, Мәскеуге жаңа санкциялар енгізуге дайын екенін айтқан болатын.
Еуроодақ Ресейге қарсы 2022 жылғы Украинаға басып кіруден бері 19-шы санкциялар пакетін әзірлеп жатыр. Оған Мәскеудің шектеулерді айналып өтуіне көмектесетін елдерге қарсы қосымша шаралар енгізу жоспарлануда. Дипломаттардың дерегінше, Германия мен Франция жаңа пакетке ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясына қарсы шараларды қосу қажет деп есептейді.
Фото: Reuters/K. Lamarque