«ҚазМұнайГаз» Қытайдан 755,5 млрд теңге қарызды юаньмен алмақ
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ) 10 миллиард юаньға (шамамен 755,5 млрд теңге) дейін облигация шығару арқылы қарыз тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Malim.kz КазТаг-қа сілтеме жасап.
Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 23 қазанда ҚМГ бес жылдық, қамтамасыз етілмеген, көлемі 1,25 млрд юань болатын (Reg S only форматы) облигациялардың өтінімдер кітабын жапқан. Құнды қағаздардың купондық мөлшерлемесі – 2,95%, ал табыстылығы – 3,15%. Бұл дебюттік шығарылым ҚМГ-ның жуырда құрылған жалпы көлемі 10 млрд юань болатын орта мерзімді ноталар бағдарламасы (Medium Term Note Programme) аясында жүзеге асырылуда. Moody’s агенттігі облигацияларға эмитенттің өз рейтингіне сәйкес келетін Baa1 деңгейін берді. Орналастыру 2025 жылғы 30 қазанға жоспарланған.
Басты ұйымдастырушылар ретінде BOC International, Bank of China (Hong Kong), China CITIC Bank International, China International Capital Corporation және Citi тағайындалған. Сонымен қатар SkyBridge Invest – Қазақстан тарапынан жетекші менеджер қызметін атқарады. Ал BOCOM International, ICBC (Asia) және Industrial Bank Co., Ltd. (Hong Kong Branch) бірлескен жетекші менеджерлер мен букраннерлер ретінде тартылған.
Компанияның хабарлауынша, бұл шешім non-deal roadshow форматындағы инвесторлармен кездесулер мен негізгі инвесторлармен келіссөздерден кейін қабылданған.
«Аталған шығарылым ҚМГ-ға еурооблигациялар нарығындағы ең төмен табыстылыққа қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ұлттық компанияның қытай юань нарығына алғаш шығуы болды. Бұл ҚМГ-ның қарыз портфелін әртараптандыруға, жаңа инвесторлар пулына жол ашуға және Қытай нарығына шығуға мүмкіндік берді», – делінген компания хабарламасында.
Фото: pixabay.com