Кеңес және Ресей теледидарының аңызға айналған дикторы әрі тележүргізушісі Светлана Жильцова өмірден өтті. РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі 89 жасында ұзаққа созылған дерттің салдарынан көз жұмғанын оның ұлы Иван хабарлады. Марқұмды 6 ақпан күні Мәскеудегі Рогожское зиратында жерлеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Светлана Жильцова кеңес телевизиясының ең танымал әрі беделді тұлғаларының бірі саналады. Ол әйгілі КВН ойынының алғашқы жүргізушілерінің қатарында болып, Александр Масляковпен бірге бағдарламаны 1972 жылға дейін жүргізді. Осы еңбегі үшін бұқаралық ақпарат құралдарында "КВН-нің анасы" деген атауға ие болды.

Телевизиядағы жолы күтпеген жағдайдан басталған. Балаларға арналған спорттық мерекенің тікелей эфиріне санаулы уақыт қалғанда жүргізуші шұғыл түрде ауыстырылып, Жильцова "Лужники" стадионына жіберілген. Эфир сәтті өткен соң, оған балаларға, жастарға және музыкаға арналған бағдарламаларды жүргізу сеніп тапсырылды.
Көрермен қауым оны өз дәуірінің ең танымал тележобалары арқылы жақсы біледі. Ол "Спокойной ночи, малыши", "Будильник", "Песня года", "Веселые нотки", "Пионер" тележурналының жүргізушісі болды. Сонымен қатар "Голубой огонек", "Утренняя почта" бағдарламаларына қатысып, түрлі музыкалық концерттерде көрерменмен жүздесті.
1993 жылы Светлана Жильцова телеэфирмен қоштасып, кейін Жоғары ұлттық телевидение мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Ол бірнеше буын тележурналистер мен жүргізушілердің қалыптасуына үлес қосқан кәсіби маман ретінде есте қалды.
