freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Сағыныш сазы сен едің": 90-жылдары хит болған танымал әнге қатысты шу шықты

Қоғам •
"Сағыныш сазы сен едің": 90-жылдары хит болған танымал әнге қатысты шу шықты
Біржан Асқаров пен Талғат Жорабаев. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

"Сағыныш сазы" әнінің авторлығына қатысты дау шықты. Сазгер Біржан Асқаров туындыны өзі жазғанын айтса, әнді орындап жүрген Талғат Жорабаев оның бұл сөзіне күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

КТК арнасына берген сұхбатында Біржан Асқаров әнді шамамен 36 жыл бұрын, яғни 15 жасында жазғанын айтты.

Оның сөзінше, шығарма Түркістан облысы Отырар ауданында училищеде оқып жүрген кезінде дүниеге келген.

"Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. "Сағыныш сазы" болып, халықтың аузында солай аталып кетті", – деді Біржан Асқаров.

Сазгер бұл әнді кезінде ешбір әншіге арнайы ұсынбағанын, өзі жүрген ортасында орындап жүргенін жеткізді. Ол Талғат Жорабаевпен бұған дейін де байланысқа шыққанын, алайда кездесіп сөйлесудің сәті түспегенін айтты.

"Біржан Асқаровпын, сенің орындаған "Сағыныш сазы" әнінің авторы болам, жолығып, кездесіп, сөйлессек деп айтқан едім. "Уақытым жоқ" деді. Сол маған ауыр тиді", – дейді сазгер.

Ал Талғат Жорабаев әннің нақты авторын білмейтінін және бұрын бұл туындының халық әні секілді ауыздан-ауызға тарап жүргенін айтты.

"Бұл әннің авторын білмеймін. Кезінде ауыздан-ауызға, халық әні боп таралып жүрді ғой. Бір жағынан күмәнданам, нақты дәлелдесін осы ән екенін. Дәлелдеп болғаннан кейін мен өзімнің айтатынымды айтамын", – деді орындаушы.

Талғат Жорабаевтың айтуынша, кезінде продюсер Сәбит арқылы Біржан Асқаровқа 300 доллар берілгені туралы да ақпарат болған. Алайда сазгер мұндай төлем есінде жоқ екенін айтқан.

Біржан Асқаров Қазақстан авторлар қоғамына да наразылығын білдірді. Оның сөзінше, ұйым осы туындысы үшін оған төлем жасамаған.

Талғат Жорабаев кім?

Талғат Жорабаев – қазақстандық эстрада әншісі. Ол танымал әнші Алтынай Жорабаеваның туған інісі. Өнер иесі әншілікпен қатар кино саласында да өзін сынап көрген, "Ханталапай" фильміне түскен.

Талғат Жорабаев көпшілікке лирикалық әндерімен және той-эстрада бағытындағы шығармаларымен таныс. Әр жылдары жеке шығармашылығын дамытып, жаңа әндер жазып, бейнебаяндар түсіргенін айтқан.

Әнші сұхбаттарында қарапайым отбасында өскенін, үйдің кенжесі болғанын және бала кезінен еңбекке араласқанын айтқан. Ол мектептен кейін үй шаруасына көмектесіп, студент кезінде де ауылға барған сайын анасына қолғабыс еткенін еске алған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу