Балқаштың орталық саябағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аумақты көгалдандыру шарасы өтті. Жоба аясында 2 500 ағаш, оның ішінде 500 қарағаш және 2 000 пирамидалы терек отырғызу қолға алынды. Барлық отырғызу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды Malim.kz.
Жобаның бастамашысы – «Қазақмыс» корпорациясы. Іс-шараға «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы қатысты.
Көгалдандыру жұмысы биіктігі 2,5 метр болатын, топырақ түйіршігімен қазып алынған ірі көлемді көшеттерді пайдалану арқылы жүргізілуде. Жоба аясында ағаш отырғызылатын орындар дайындалып, тамшылатып суару жүйесі қарастырылды және алғашқы суару жұмысы атқарылды.

Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі – 57,5 млн теңге. Қаражат аумақты дайындауға, көшеттерді жеткізу мен отырғызуға, суару жүйесін орнатуға және басқа да қажетті жұмыстарға бағытталды.
Жаңа жасыл аймақ орталық саябақтың бір бөлігіне айналып, оны одан әрі абаттандыруға ықпал етеді. Жоба қоғамдық кеңістікті дамытуға, қалалық ортаның жайлылығын арттыруға және Балқаш тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазақмыс өзінің қатысы бар өңірлерде экологиялық және әлеуметтік бастамаларды іске асыруды жалғастырып, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлуде