Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Аймақтағы жағдайды зерттеп жүрген журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында маңызды ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, басты күдіктінің ата-анасының қарауында болған бес кәмелетке толмаған бала бүгін арнайы бейімдеу орталығына жеткізілген.
"Күдіктінің ата-анасының қолында болған бес баланы бүгін алып кетті. Ертең бұл мәселеге қатысты ресми ақпарат сұратамын. Бұған дейін құзырлы органдар балалар әзірге ата-әжесінің қамқорлығында болады деп мәлімдеген еді", – деп жазды журналист.
Аталған жағдайға байланысты Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесінің басшысы да пікір білдірді.
"Барлық сұрақты қақпаның сыртында қойыңыздар. Облыстық білім басқармасынан осындай нұсқау алдық. Бұл – жабық мекеме, ішке кіруге рұқсат жоқ", – деді орталық басшысы.
Еске сала кетейік, Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесі бірнеше ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып, бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған еді.
Қаңтар айының басында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйлерінің ауласындағы асханадан шамамен бір метр тереңдіктен табылған. Ал олардың балалары – Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ. Полиция мен құтқару қызметінің іздестіру жұмыстары әзірге нәтиже бермей отыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқиғаға дейін белгісіз біреу ұлдарының атынан «ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын» деген желеумен отбасының ұсақ малын сата бастаған. Алайда ұзақ уақыт байланысқа шықпаған Максот Қарабалиннің туыстары күдіктеніп, ірі қараны сатуға мүмкіндік бермеген.
Отбасы мүшелерінің жоғалуына алаңдаған жақындары бұл жөнінде құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Тергеу барысында кенже қыз Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевнің Шымкент қаласына ұшып кеткені, кейін Өзбекстан шекарасынан асқаны анықталған. Кейбір деректерде олардың бұл елде де тұрақтамағаны айтылып отыр.
Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға іздеу жарияланған, ал күйеу бала негізгі күдікті ретінде танылып отыр.