457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Путин, Си Цзиньпин, Трамп және Макрон Тоқаевқа құттықтау жеделхаттарын жолдады

Қазақстан Президентінің атына Республика күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті, деп хабарлайды Malim.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр.

Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму жолында нық қадам басып, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өткен.

– Ресей-Қазақстан байланыстарының деңгейі өте жоғары. Елдеріміз түрлі бағытта табысты ынтымақтастық орнатқан. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тиімді қарым-қатынас жасайды, – деп жазды Владимир Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан қоғамында татулық пен тұрақтылық салтанат құрып, экономика қарқынды дамып келе жатқанына, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейі жоғарылап, елдің аймақтағы және халықаралық аренадағы позициясы нығая түскеніне тоқталған.

– Қытай тарапы Қазақстанмен саяси ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге, өзара қолдау көрсетіп, даму стратегиясын ұштастыруға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықты ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруға дайын, – деп жазған ҚХР Төрағасы.

Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен БҰҰ Бас Ассамблеясының таяудағы сессиясында болған әңгімелесуді ықыласпен атап өткен.

– Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен арадағы тығыз экономикалық байланысты және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Алдағы жылдары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті, – делінген жеделхатта.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған мемлекеттік сапары стратегиялық серіктестіктің жандануына ықпал етіп, екіжақты қарым-қатынасты әртараптандырудың перспективті бағыттарын айқындап бергеніне назар аударған.

– Франция қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанмен сенімді диалогқа баса мән береді. Екі елді бейбітшілікті сақтау және халықаралық құқықты құрметтеу ұстанымы біріктіреді. Біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауға үндеп, тиімді көпжақты ынтымақтастыққа ықпал етеміз деп үміттенемін, – деді Франция Президенті.

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Президент пен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

Сондай-ақ қос халықтың игілігі жолында нәтижелі ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.
Фото: Ақорда