Берілмейтін 42 500: Министр кедейлерді қалай алдады?

Алмас НҮСІП

  • 07.05.2020

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті екінші рет тек 16 сәуірге дейін өтініш беріп үлгергендер алатынын хабарлады. Демек, бұл көмекті күні кеше ғана президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айтқан 4,2 миллион адам түгелдей алмайды деген сөз. Тиісті министрлік 42500 теңгеден қағылатындардың яғни, 16-сәуірден кейін өтініш бергендердің санын айтпай отыр.

Тоқаев 5 мамыр күнгі сұхбатында 42 500 теңгені 4,2 миллион қазақстандықтың алғанын, екінші айда да алатынын айтқан:

«Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз».

Содан кейін бүкіл БАҚ атаулы 42 500 келесі айда да төленеді деп жарыса жаза бастады. Өйткені, о баста уәде етілген екінші айдағы төлем кешіккен сайын (мамыр басталып кеткен) ел алаңдай бастаған. Сөйтіп, Тоқаевтың сөзінен кейін көңіл делбеп жүрген жұрт үшін жауапты ведомствоның мәлімдемесі түсініксіз болып тұр.

Өтініш берудегі техникалық қиындықтар

Жалпы бұл 42 500 – төтенше жағдай жарияланған соң бір аптадан соң, 23 наурыз күні тағайындалды. Тоқаев үндеуінде осылай бекітті. О бастағы меже бойынша «1,7 миллион адамға беріледі»деген президент. Бірақ, өздері бай деп ойлайтын халқы жаппай өтініш бере бастаған соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаптап кеткен өтініштерді игере алмай жатқанын айтып, бір емес бірнеше рет шағынды.

Сөзін «баппен», «қарапайым тілмен», «тәптіштеп түсіндіргіш» министр Біржан НҰРЫМБЕТОВ те бірер мәрте халықтың өзіне өкпе арта сөйлеген. Сондағысы, көп жұрт төлем талабына сай келмесе де өтініші беріп жатыр: біреудің есеп-шотын, жабылып қалған «Наурыз» банктің есеп-шотын» көрсетеді; өтінішін жібергенмен талап етілген бірыңғай жиынтық төлемді жасамайды; тұрақты табысы бар, жұмысы жүріп тұрғандардар; «керек болып қалар деп ЖК (ИП) ашып қойғандар»; мүгедек балалары барлар мен зейнеткерлер; шет ел азаматтарының атынан; тіпті қайтыс болғандарға дейін өтініш бергенін айтты.

Бұл 13 сәуірдегі брифингте айтылған сөз болатын. Дәл осы күнгі министр берген ақпаратқа қарасақ, 1,7 млн адамға төлем бекітіліп (Тоқаев айтқан межеден сол кезде-ақ асып кеткен), 75 600 млн теңге бөлінген. Сонда 23 наурыздан бастап, біресе техникалық қиындықтар туындап, сервері күйіп кетіп, біресе, халықтың өзі жағдайды қиындатып (!) 20 күн ішінде бар болғаны 1,7 миллион адамды бекітіп әрең үлгерген министрлік бұдан соңғы 3 күнде не оңдырды дейсіз? Асса 2 миллионнан асырған болар. Демек, қазірдің өзінде екінші төлемді қанша адам алатынын айтпай, үнсіз отырған үкімет 4,2 миллион деген қорқынышты цифрды қалай азайтсақ деп басы қатып, ақыры, 15 сәуірді таңдап алған сияқты. Егер шынымен таңдап алу керек болса, неге 42 500 туралы алғаш айтылған 23 сәуірді таңдамайды?.. 15 сәуірге дейін өтініш беріп, оны өткізе алмай қаншама адам жүрді. Оның сыртында, компьтерді қолдана алмайтын, мобильді қосымшаларды игермеген қаншама жұрт алағай-бұлағай уақытта үлгермей қалды. Іске алаяқтар килігіп, жағдайды қиындатып жатқаны, ақшаны қайтармасаң басың бәлеге қалады деген әңгіме шығып, жұрт тағы біраз дағдарды. Мұның барлығы өтініш беру уақытының созылуына аз ықпал еткен жоқ.

Астын сызып айтатын бір мәселе, egov.kz-тің үлгере алмауына байланысты 1 сәуірде ғана 42500.enbek.kz деп аталатын арнайы сайт пен Telegram-бот ашылатынын хабарлаған министрдің бұл екі бастамасы да сәтті бола қойған жоқ. Істемей тұр деп шағынушылар көп болды. Ақыры, министрліктің өзі сайттың өтініш берушілердің көптігінен түскен күшті көтере алмай қалғандығын мойындады. Енді ойлаңыз, 16 сәуірге дейін үлгере алмаған халық кінәлі ме, игере алмаған министр кінәлі ме?..

Президент не дейді? Оның көмекшісі мен министр не дейді?

Министр Нұрымбетов төтенше жағдай 15 сәуірден 30 сәуірге дейін екінші қайтара созылғанда-ақ:

«Әлеуметтік төлем толығымен төленеді. Төтенше жағдайды 5 күнге созса да, 42 500 теңге беріледі», деген.

Сонда 15 сәуірге дейін жұмыссыз қалса да, өтініш беріп үлгере алмағандар төтенше жағдай бір емес, екі рет ұзартылып, 11 мамырға дейін созылса да «аспаннан киіз жауса да...» деп қала бере ме? 42 500 теңгенің базарды бір аралап шықсаң түбі көрініп қалатынын айта тұра, біле тұра, «БІЗ БІРГЕМІЗ» деген ұрандарына сеніп, қиын кезде билікке де түсіністікпен қарайық деп, «үйден шықпай», ең төменгі жалақы көлеміндегі мемлекеттің «көмегін» барынша үнемдеп баққан қазақстандықтарға үкіметтің бар айтқан рахметі осы болған сыңайлы. «Судан өткенше...» деп келетін ащы сөз еске түседі.

"Мен министр ретінде халықтан кешірім сұраймын. Біз өзімізге 3 күн ішінде үлгереміз деп меже белгілеген едік. Бірақ, үлгере алмай жатырмыз», дейтін кішіпейіл министр енді кінәні халықтың өзінен іздеп жатқан сияқты.

«Егер азамат базада бір рет тіркелген болса, оның барлық деректері сақталады. Қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Оның есепшотына келесі айда да төлем түседі», деп, арқаны кеңге сала сөйлеген де өзі еді ғой, енді келіп бүйтетіні бар, сол кезде-ақ «16-на дейін беріп үлгермесеңдер, екінші айда алмайсыңдар» деп ескертсе несі кетер еді?.. Бірақ, онсыз да онлайн қызмет көрсетуге шамасы келмей, есі екеу, түсі төртеу болған министрліктің оған тәуекелі жетпейтіні былай да түсінікті. Әлде, көмек алушыларды 1,7 млн деген межеден 3 еседей асырып алып, президентті өтірікші қылып алған соң, кінәсін жуып-шайып жатқан түрі ме екен...

Бір қызығы, министрлік осындай мәлімдеме жасап жатқанда, 6 трлн теңге қайда кетті деген әңгіме шыққан соң, президенттің штаттан тыс көмекшісі Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Facebook-та:

«Екі ай ішінде 42 500 теңге әлеуметтік төлемге 386 миллиард теңге бөлінді, яғни, төлем алушылардың саны шамамен 4,5 миллион адамды құрайды. ...Мен жағдайды түсіндіре алдым деген үміттемін», деп жазды.

386 миллиардты 42 500-ге бөлсеңіз шамамен 9,08 миллион адамға жетеді. Демек, президент көмекшісінің айтып отырған 4,5 млн адамы рас деген сөз. Бірақ, Құдайбергенов жағдайды түсіндірген жоқ, тіпті күрделендіріп жіберді. Президенттің өзі 4,2 миллион адам дейді, көмекшісі одан асырып айтады, министр тіпті азайтып төлегісі келіп отыр... Президенттің көмекшісінің ниеті түсінікті – 6 триллионға жеткізуге тырысып бағыпты, ал, министрдікі не жорық? Егер осы күнге дейін төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік көмекке 4,5 миллионнан астам кедейге екі рет төлеуге жететін ақша бөлініп тұрса, 16 сәуірге не үшін жармасып отыр?!.

Әлде, соңғы күндері халықты жұмыспен қамту бойынша басы қатып жүріп, 42 500 жырын ұмыта бастады ма екен...

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда пневмония өршіп барады

13.12.2020

Кәсіпкерлер Тоқаевқа дағдарыстан шығар жолды көрсетті

28.03.2020

Үш пайыз эротика және 42 500 теңге

22.04.2020

Ақтөбеде мұнайшылар жұмысқа шығудан бас тартуда

25.01.2021

Қазақстанның 5 қаласында карантин күшейтіледі

27.07.2021

Дулат Ағаділдің туыстары халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады

19.06.2020
MalimBlocks
Қазақстанда пневмония өршіп барады

Кәсіпкерлер Тоқаевқа дағдарыстан шығар жолды көрсетті

Үш пайыз эротика және 42 500 теңге

Ақтөбеде мұнайшылар жұмысқа шығудан бас тартуда

Қазақстанның 5 қаласында карантин күшейтіледі

Қазақстанның бірден бес қаласында карантин күшейтіледі: Ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады.

Дулат Ағаділдің туыстары халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады