Жанкештi жазушы

Malim Админ

  • 22.05.2020

Американ жазушысы Джек Лондонның (1876-1916) маңдайына тағдыр небәрi қырық жыл ғана ғұмыр жазған. Сол қысқа ғұмырының он алты жылын таза шығармашылық жұмысқа арнаған ол артына жиырма төрт том еңбек қалдырған. Яки бiр жылда – екi том! Жоспарлы, мақсатты түрде. Бұны мынадан-ақ көруге болады: лондонтанушылардың зерттеулерiне қарағанда, жазушының күндiк жазу нормасы – 1000 сөз болған көрiнедi. Бұдан асырып жiберсе – қуаныш, жеткiзе алмай қалса – өкiнiш. Сол үшiн де ол тәулiгiне он алты – он жетi сағат бойы тапжылмай отырып жұмыс iстеген. Және жылдар бойы! Адам айтқысыз азап! Ал осыншама азап пен жанкештiлiкке оның өз еркiмен мойын ұсынғаны несi? Жазбаса тұра алмайтын әдебиетке деген ұлы құштарлық па? Әлде, шынымен-ақ, Лев Толстой секiлдi туған әдебиетiнiң абырой-мерейi үшiн жанын от пен суға салудан аянып қалғысы келмедi ме? Бiр қызығы, Джек Лондонның өзi әрбiр шығармасында өмiрдi қандай шынайы бейнелей алған болса, әлгiндей азап пен бейнетке толы еңбегi жөнiнде де ешқандай көлденең көбiк сөз қоспаған. Жазушының өмiрбаянын зерттеушi Ирвинг Стоун бұл жөнiнде мынадай әңгiме айтады.

Бiрде оған оқырмандардың бiрi: “Сiздiң жазудағы басты мақсатыңыз не? Жалпы, сiз не үшiн жазасыз?” – дейдi төбеден қойып қалғандай. “Ақша үшiн”, – дейдi ол өте сабырлы түрде. “Ақша үшiн жазатындардың шығармасы көбiнде нашар болушы едi. Сiздiкi керiсiнше ғой”, – дейдi әлгi оқырман тағы. Сонда Лондон: “Мен бiр рет нашар шығарма ұсынсам, келесi дүниемдi ешкiм сатып алмайды. Сондықтан ылғи да жақсы жазуға тырысам”, – дейдi ағынан жарылып.

Шындығында да Лондон қаламынан туған шығармалардың осалы жоқтың қасы. Тiптi оның ең жай ғана деген дүниесiнiң өзiнен оқырман жуық арада жадынан өшпес, есiнен кетпес не бiр тосын оқиға, не бiр ерекше кейiпкерге жолығары сөзсiз. Иә, ерекше! Өйткенi... осы “ерекшенiң” өзi, негiзiнен, Джек Лондонның бүкiл әдеби туындысына тән ортақ қасиет, шетiн белгi десе де болады. Мысалы, мына көрiнiстерге көз салып көрiңiз... Меңiреу мекен. Түнерген түнек. Түкiрiгiң жерге түспес алпыс градус аяз. Суықтан торс-торс айырылған өзеннiң мұздары. Сол өзендi өрлей тырмысып, тырбаңдап келе жатқан шаналы иттер. Шана үстiнде ақ қыраудан тек көздерi ғана жылтыраған екi адам. Алда –мұнар, артта – тұман. Бiрақ бәрiбiр алға ұмтылу. Тек қана алға! (Терiстiк әңгiмелерiнен).

...Көк мұхитты көктей өтiп келе жатқан кәсiптiк кеме. Азып-тозып, әбден адам қалпынан айырылған матростар, аңшылар. Палубаға ақтарыла құлаған таудай толқындар оларды кейде түп-түгел түпсiз тереңге шайып кете жаздайды. Бiрақ кеме тұмсығы артқа бұрылар емес, қайта күн өткен сайын алыстағы Жапон жағалауларына қарай терең бойлай түседi. (Теңiз әңгiмелерiнен).

...Тынық мұхитының сонау түстiгiндегi Жаға Гебрид, Гавай немесе Соломон аралдары. Елу градус ыстық. Аспан айналып жерге түскендей. Плантацияда жұмыс iстеп жүрген жергiлiктi адамдардың (аборигендердiң) қара қайыстай қатқан терiсiнен шып-шып тер шығады. Ал олардың жұмысын пальма ағашының көлеңкесiнен бақылап отырған ақ адамның аузындағы сигарынан бұрқ-бұрқ түтiн бұрқырайды.

Мiне, Джек Лондон шығармашылығынан шартты түрде бөлiп алған үш кеңiстiктiң үш түрлi көрiнiсi осындай. Бiр-бiрiне күн мен түндей мүлде қарама-қайшы. Әдетте көркем шығармалардан бiздiң оқып-бiлiп, нақты өмiрден де күнделiктi көрiп жүрген қалыпты сурет, қалыпты жағдайға бұлардың үш қайнасы сорпасы қосылмайды. Бәрi де – тосын, бәрi де – ерекше. Бiр қарағанда, тiптi, жаңағыдай көрiнiстер әлдебiр қым-қуыт оқиғалы шығарманың немесе бiр фантастикалық романның кез-келген жерiнен ойып ал­ған жеке-жеке үзiндiлер сияқты көрiнер едi. Жоқ, әдебиеттiң бұл айтылған түрлерiне Джек Лондонның еш­қандай қатысы жоқ, ол сөз өнерiнде бақ сынаған ең ал­ғашқы туындысынан бастап, ақтық демi үзiлер сәтке дейiн жазған барлық шығармасында реалистiк бағыттан, бұдан да дәлiрек айтқанда классикалық реализмнен ешқашан айныған емес. Рас, оның кейбiр туындыларында: мәселен терiстiк әңгiмелерiнде – романтиканың, оңтүстiк әңгiмелерiнде – қым-қуыт оқиғалы шығармалардың аздаған элементтерi бар. Бiрақ, тұтастай алғанда, олардың қай-қайсысында да өмiр шындығы шынайлығымен, сенiмдi де нанымдылығымен өзгеше көзге ұрып тұрады. Ал осындай реалистiк шығармаларда кейде әлгiндей “әсiре” көрiнiстердiң қара көрсетiп қалуының да мынадай заңдылықтары бар:

Бiрiншiден, Джек Лондон шығармаларының оқиғалары негiзiнен барлық адамның аяғы бiрдей жете бермейтiн, өркениеттi ортадан алыс, табиғаты ерек, жаратылысы бөлек, өзгеше бiр өңiрлерде өтедi.

Екiншiден, осы өзгеше өңiрлерге өз еркiмен, өз қалауымен тап болған адамдардың iшкi-сыртқы бiтiм-болмысы да бөлек. Жер түбiндегi меңiреу мекендерге аман-есен жетiп, иттiң өзi итжандылықпен ғана өмiр сүре алатын ондай жерлерге шыдап-төзiп кетуге тек рухы өте күштi, денсаулығы мықты, табанды да жiгерлi, ақылды да батыл жандар ғана қабiлеттi. Мұндай жерде, мұндай жандардың iс-әрекетiнде, әрине адам сенгiсiз жайлар болмай тұрмайды.

Үшiншiден, және ең бастысы, автор Джек Лондонның өзi кез-келген жазушының тыныс-тiршiлiгiне ұқсамайтын романтикаға толы, тосын оқиғалы күндердi басынан көбiрек кешiрген. Оның Терiстiктен (Аляска), Түстiктен (Гавай, Сүлеймен аралдары), Теңiзден (Беринг бұғазы, Жапон жағалаулары) жазған шығармаларының барлығында да көркемдiк шындық автордың өзi көрiп-бiлген нақты өмiр шындығы негiзiнде кестеленген. Мiне, дәл осы тұста Джек Лондон өмiрбаянынан қадау-қадау қажеттi деректердi алға тартудың сәтi келген секiлдi. Бұл – жазушының шығармашылық қызметiне терең бойлап, оны жан-жақты бағалап түсiну үшiн де керек дүние.

Ол 1876 жылы Америка Құрама Штаттарының батыс шетiндегi Сан-Франциско қаласында өмiрге келген. Лондон деген аты-жөндi оған Джон Лондон есiмдi өгей әкесi бередi. Табиғатынан қайырымды, iзгi ниеттi бұл адам Джектiң шешесiне жақсы жар, ал баланың өзiне өгей де болса қамқор әке болғанмен отбасының түтiнiн үнемi биiк шалқытып отыруға мүмкiндiгi бола бермейдi. Осы жағдайға сәйкес бала Джек тұрмыстың тауқыметiн тым ерте көредi: он жасқа жетер-жетпесте жүгiрiп жүрiп газет сатады; одан соң бұғанасы сәл қатқан кезде қалбыр заводына қара жұмысшы болып тұрады. Белдi майыстырған бұл жұмыстан қолы болмашы босай қалса бiрден кiтапқа бас қояды. Сөйтiп екi-үш жылдың аралығында жергiлiктi кiтапханада ол оқымаған кiтап тым аз қалады. Осы көп оқудың әсерi болар, бала Джек сол он төрт-он бес жасында-ақ адам аяғы баспаған алыс-алыс жерлерге сапарға шығуды, сондай күндерi күтпеген таңғажайып оқиғаларға тап болуды, оның соңында небiр қиындықтың бәрiн жеңiп, туған қаласына керемет бай да бақытты адам боп оралуды армандайды. (Осы арман, осы қиялдан ол өмiр бойы арылған да емес). Алайда оң мен солын әлi толық айырып болмаған желiктi жасқа кiтапты көп оқудың кейде керi әсерi де болмай қоймаған. Қалбыр заводынан кейiн ол бiр желкендi қайықты жалдап алып, қарақшылық жолмен ұсақ майшабақтар аулап сатуға кiрiседi. Осындай заңсыз пайда табу үстiнде бiреулермен төбелесiп, бiреулермен арақ-шарап iшiп, шамалы уақыт “нағыз пират” болып та көрiнгiсi келедi.

Кейiн Джек Лондон бұл жөнiнде: “Ол кезде менiң ақымақшылығым өте көп болды. Мен оны iштей сездiм де. Бiрақ артқа бұрылғам жоқ. Өйткенi бұрын тек кiтаптан ғана оқыған қызық оқиғалар мен нағыз батылдық, қаһармандық дегендердi мен сол уақытта тiкелей өз басымнан кешiргенмiн”, – деп жазған.

Еш уақытта бiр нәрсеге көңiлi көншiмеу немесе ылғи да бiр жұмбақ, алыс жерлердi аңсап тұру – Джек Лондонға тумысынан бiткен айрықша қасиетi болса керек, көп ұзамай ол “Софи Сазерленд” атты шхунаға матрос ретiнде жұмысқа тұрып, сонау жер түбiндегi Беринг теңiзiне жол тартады. Мақсаттары – теңiз мысықтарын аулау.

Бұл сапарда ол Сiбiр мен Жапон жағалауларында буыр­қанған мұхиттың талай-талай тарпаң мiнезiн көрiп, қатал табиғатпен тайталаса күресе жүрiп, шыңдалып, ақыры жетi айдан соң Сан-Францискоға оралады. Сондағы бар тап­қан ақшасы отбасының қарызын төлеу мен өзiне жаға қалпақ, фуражка, пальто және бiрер қабат iш киiм сатып алуға әзер жетедi. Дегенмен бұл сапардың жемiсiн кейiн көредi. Ол – қолыңыздағы осы кiтапқа кiрген, сол сапардың әсерiнен жазылған – “Теңiз қорқауы” романы. Романның қазақшаға қалай аударылғаны, жұмыс барысында қандай қағидаларға сүйенiлгенi туралы кейiнiрек тоқталамыз.

Бұдан соң... Аляскаға аттану. Жалпы, Джек Лондонның өмiрi мен шығармашылық қызметiнде бұл өлкенiң орны тiптен бөлек. 1896 жылы Клондайкте аса бай алтын қоры табылады да, онсыз да романтика iздеп жүрген жиырма жасар жiгiт бiрден көптiң легiне қосылып кете барады. Бұған дейiн тағдырдың ащылы-тұщылы дәмiн бiраз татып үлгерген ол санаулы жанкештiлердiң қатарында Чилкут асуы мен аса қатерлi Линдерман көлiнен сәтiмен өтiп, терiстiктiң ең қиырындағы Доусон қаласына аман-есен жетедi. Бұл қала ол кезде жанын шүберекке түйген жүрек жұтқандар мен қайтпас қайсарлардың ту тiккен мекенi болатын. Күн сайын алпыс градус аязда ит жеккен шанамен ондаған миль жол жүрiп, оймақтай олжа үшiн ажал аузына сан барып, сан қайтып отыратын олардың әрбiр iс-әрекетiнен бiр-бiр көркем шығарма жазуға әбден болар едi. Джек оны кейiн жазды да. Бiр емес, ондаған дүние! Және көпшiлiгi классикалық деңгейде. Мәселен, Клондайк тынысынан жазылған мына бiр шығарма үзiндiсiне үңiлер болсақ, бұдан терiстiктегi қатал табиғаттың қайталанбас суретiмен қатар жазушы Джек Лондонның қандай талант, қандай суреткер екенiн де көрер едiк.

“Көксiреу мұз көмкерген өзеннiң екi жағында қашан да қарауыта түнерiп тұратын қара орман қазiр тiптен үрейлi көрiнедi. Әлгiнде ғана екiлене соғып өткен долы жел қалың нуға қонақтаған аппақ қырауды бұрқырата ұшырып әкеткен де, ендi қап-қара болып жалаңаштанып қалған ағаштар ымырт үйiрiлген сайын қою қараңғылықпен қойындасып, бiр-бiрiне қорғалай тығыла түскен. Меңiреу тыныштық. Өлi дүние. Қыбыр еткен тiршiлiк белгiсiнен жұрдай бұл өлкенiң суықтығы мен сұстылығы сондай, оның ылғи да төбесiнен төнiп тұратын қорқынышты түнектiң мұңға толы мұздай бауыры тәнiңдi қойып, жаныңды қалтыратады”.

Ол уақытта, әрине, жас Джек Аляскiден алтыннан қымбат асылды тауып, оны көкiрек сандығына үйiп-төгiп жинап жүргенiн бiлген жоқ, бiр жылдан кейiн қырқұлақ ауруына ұшырап, тапқан алтыны да, пайдасы да шамалы, баяғы таз кепешiмен Сан-Францискодағы үйiне қайтып келедi.

Тағы да жұмыссыздық. Тағы да алқымнан қысқан қу кедейшiлiк. Не iстеу керек? Бұдан алты жылдай бұрын (1893 жылы) “Сан Франциско Колл” газетi ең таңдаулы очеркке бәйге жариялағанда, оған шешесiнiң өтiнiшiмен арнайы жазған “Жапон жағалауларындағы көк дауыл” атты шығармасы бiрiншi орын алып, бақандай жиырма бес долларға ие болғаны бар-ды. Ендеше сол жұмысты қайта неге қолға алмасқа? Клондайкте көрiп-бiлгенi аз ба?! Оларды жаза берсе, өмiрi таусылып бiтпес дүние ғой.

Осы ойға мықтап бекiнген Джек жазу үстелiне отырады. Күнiне он алты-он жетi сағат! Ақыры көп өтпей-ақ жанды жеген ауыр жұмыстың алғашқы нәтижесiн көредi де: 1899 жылдың қаңтарында Терiстiк тақырыбына жазған тұңғыш туындысы (“Сапардағылар үшiн”) калифорниялық “Оверленд мансли” журналында басылып шығады. Қаламақысы – небәрi бес-ақ доллар. Дегенмен шығармашылық еңбекте жолының ашылғанына қуанып қанаттанған ол бұдан былайғы жерде таза әдебиетпен айналысуға берiк бел буады. Артынша, сол жылдың аяғына дейiн, Клондайктен көкiрегiне түйiп әкелген алтыннан қымбат асылдары бiрiнен соң бiрi әңгiме болып туып, Американың ең белгiлi басылымдарында жаппай жариялана бастайды. Сонымен ол айналасы бiрер жылдың iшiнде есiмi ел iшiнде кеңiнен танылған, шығармаларын жұрт iздеп жүрiп оқитын, Америкадағы таңдаулы жазушылардың бiрi болып шыға келедi. Бұған ХIХ ғасыр соңындағы елдегi экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздықтан туындаған “қайдан кәсiп iздеймiз, қалай ақша табамыз” деген көңiл күйдiң де игi әсерi болмай қоймаған. Яки Джек Лондон атты әлдебiр жағадан шыққан жазушының сонау мұздай суық солтүстiк шұғыласының астында алтын iздеп арпаласып жүрген ғажап кейiпкерлерi оларды ерiксiз елең еткiзедi. Иә, керемет кейiпкерлер! Жоқ, жай әншейiн кейiпкерлер емес, олар – ерекше iс-әрекетiмен, жан дүниесiнiң қатпар-қатпар қалыңдығымен, әсiресе ерiк-жiгерлерiнiң мықтылығымен кiм-кiмдi де тәнтi етпей қоймайтын тiрi де iрi, кесек тұлғалы адамдар. Ерлiк те, еңбек те, асқақ рух пен мұқалмас қажыр-қайрат та – соларда. Мiне, кiмдерге елiктеу керек! Қызығы сол, бала кезiнде Джек Лондон бiреулердiң “пират” кейiпкерлерiне қалай елiктеген болса, ендi өзiнiң күштi адамдарына американдық оқырмандар дәл солай елiктейтiн болады. Бұл – әдебиет көгiнде Джек Лондон деген бiр жарық жұлдыздың жарқырап тууының жарқын көрiнiсi едi.

Ал жұлдыз жарығы жұмыр Жердiң барлық бетiне бiрдей түседi десек, Джек Лондон туындылары да тек Америка жұрты мен ағылшын ұлтының олжасы болып қала бермей, күн өткен сайын бүкiл адамзаттың ортақ игiлiгiне айнала бастаған. Бұлай болуы заңды да. Өйткенi ол өз шығармаларын ағылшын тiлiнде жазғанмен жүрек тiлi барша адамға тән ортақ мақсат-мүдденi, қуаныш пен қайғыны, арман мен мұратты, махаббат пен сүйiспеншiлiктi жыр еттi. Ақиқатты айтуға келгенде, ол әмәнда әдiлеттiң жағына шығып отырды. Сондықтан да оның өзi туған құрлықтағы үндiстер мен Тынық мұхит аралдарын мекендейтiн әр түрлi аборигендер адам ретiнде Джек Лондон әңгiмелерiнде ағылшындардан ешқашан кем көрiнбейдi, қайта адамдық, имандылық, төзiмдiлiк, қайсарлық жағынан олардан кейде асып-түсiп жатады.

Бiрақ бәрiнен де бiзге қымбаты – Джек Лондон еңбектерiндегi биiк рух. Ол мейлi адамды, мейлi иттi, қас­қырды жазсын, бiрiншi планға алдымен рухты шығарады. Осы құдiреттi күш оларды кез-келген уақытта кез-келген тығырықтан алып та шығады. Демек Джек Лондонды әлем әдебиетiнде асқақ рух пен рухы мықты адамдардың жыршысы деп бағалау тегiн болмаса керек.

Джек Лондон есiмi қазақ оқырмандарына өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан берi жақсы таныс. Оның әйгiлi “Белый клык” повесiн Мұхтар Әуезов “Қасқыр” деген атпен аударып, 1936 жылы кiтап етiп бастырған. Одан кейiн Рахым атты азамат “Киш туралы аңыз” (сол 1936 жылы) әңгiмесiн, «Қазақ мемлекеттiк көркем әдебиет» баспасы “Әңгiмелер” жинағын (1951ж.), Боранбай Омаров “Мартин Иден” романын, Мәжит “Мойынға алу” және “Шыда” деген екi новелласын (1931), кейiн 70-жылдары Әбiлмәжiн Жұмабаев бiрнеше әңгiмесiн қазақ тiлiнде сөйлетедi.

Қолыңыздағы осы жинаққа кiрген “Теңiз қорқауы” романы және бiрнеше әңгiме туған тiлiмiзде тұңғыш рет тәржiмаланып отыр. Бұлардың қалай аударылғаны, тiлi, стилi сапасы туралы әдебиетшiлер өз ойларын ортаға сала жатар, ал аударма барысында бiз қандай мәселенi басты қағида етiп алдық – бiрер сөз сол жөнiнде.

Ең алдымен, аударманың неғұрлым табиғи шығуына көңiл бөлдiк. Сол үшiн де қазақ оқырмандарына бұрынан бiраз таныс халықаралық терминдер (теңiз, кеме, кәсiпке қатысты) орыс тiлiнде қалай берiлсе, бiз де қазақ тiлiнде солай берудi жөн көрдiк. Мысалы: матрос, полуба, штиль, каюта, миль, шторм, шквал, трап т.б. Бұлардың кейбiрiне қазақ тiлiнде балама табуға да болар едi, бiрақ олар ұғымды бергенмен мағынаны толық бере алмайды-ау деген күдiкпен сол термин қалпында қалдырдық. Ал жалпы негiзгi терминдердiң тiзiмi мен аудармасы кiтап соңында берiлдi.

Екiншiден, мүмкiндiгiнше түпнұсқа сарынын сақтауға тырыса отырып, сонымен қатар оның қазақша жатық сөйлеуiне де мән бердiк.

Қалай десек те, аударма, мiне, қолдарыңызда. Ал бұдан аз да болса рухани сұраныстарыңызды тауып жатсаңыздар, аудармашы ретiнде бiз оған өте қуаныштымыз.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ.

Байланысты жаналықтар

Сапарбаев қайда – Жылқыбаев сонда

19.02.2020

Стамбулда апатқа ұшыраған ұшақта қазақстандықтар бар

06.02.2020

Қазақстандықтар Ресейге кетіп жатыр

12.03.2020

"Нұрәлі Әлиевтің үйі менің арызымнан соң қамауға қойылды"

11.03.2020

Коронавирустан кейін Шудың «шөбіне» сұраныс арта ма?

26.04.2020

Кореядағы өрт: Құрылыста жүрген қазақстандықтар қаза болды

30.04.2020
MalimBlocks
Сапарбаев қайда – Жылқыбаев сонда

Стамбулда апатқа ұшыраған ұшақта қазақстандықтар бар

Қазақстандықтар Ресейге кетіп жатыр

"Нұрәлі Әлиевтің үйі менің арызымнан соң қамауға қойылды"

Коронавирустан кейін Шудың «шөбіне» сұраныс арта ма?

Кореядағы өрт: Құрылыста жүрген қазақстандықтар қаза болды