Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.
«Шешім журналистикасы лабораториясы» (Solution Journalism Lab) қоғамда қордаланған проблемаларды іздеп тауып, олардың тиімді шешімін табуға бағытталған журналистиканың жаңа озық жанрында журналистердің, блогерлердің және қоғам қайраткерлерінің жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынады.
Негізінен бұл жобаға кемінде 50 журналист таңдап алу көзделіп отыр. Жобаға іріктелгендер техникалық, қаржылай, заңдық және менторлық қолдауға ие болады. Әсіресе, өңірлік және қазақтілді журналистерге ерекше көңіл бөлінбек, өйткені оларға терең әрі сарабдал сараптама жасауға көмектесу негізгі міндет болып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты экономика саласы мен климат өзгеруі тақырыбындағы маңызды мәселелерді объективті жариялау, тергеу журналистикасымен айналысатындарды ынталандыру. Тәжірибеге сүйенсек, бұндай репортаждар үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде шаралар қолдануға әрекет жасатады. Сонымен қатар, бұл Қазақстан БАҚ-ының дамуына ықпал етеді, оқырмандар мен көрерменнің көбеюіне мүмкіндік тудырады.
Негізінен шешім журналистикасы жаңа жанр. Дегенмен басқа елдердің тәжірибесі БАҚ тек маңызды мәселені көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар олардың шешімін ұсынады. Бұл қоғамдағы қарым-қатынастың деңгейін өзгертеді. Адамдар өзара бірін бірі кінәлаудың орнына, бірге әрекет етудің өзгеше жолдарын іздейді, конструктивті диалогқа көшеді. Бұл олардың үмітін оятып қана қоймайды, сонымен бірге бәрін өзгертуге болатындығын көрсете білмек.
Шешім журналистикасының негізгі элементтері: проблеманы айқыңдау, табу, оны тиімді шешудің балама жолдарын зерттеу, тиімділігін дәлелдеу, табылған шешімдерге кедергі болатын шектеулерді талқылау.
«Мәлім» ақпарат агенттігі мен «Әділ сөз» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат бойынша Мәлім сайтының журналистері «Шешім журналистикасы лабораториясы» (Solution Journalism Lab) жобасына қатысып, қоғамда қордаланған мәселелердің шешімін бірге іздейді.