Солтүстік Қазақстан облысында балық аулауға барған ерлі-зайыпты әскери полигондағы атысқа тап болған. Оқиға Петропавл маңындағы Есіл өзенінің жағасында болған, деп Malim.kz тілшісі, Halyqstan telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, олар өзен жағасында отырған кезде алдымен алыстан атыс дауыстары естілген. Біраз уақыттан кейін оқтар өздеріне қарай жақын ұша бастаған. Қауіпті сезген әйел күйеуіне ескертіп, екеуі жерге жата қалған.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Кейін тұрғындар бұл аумақтың неліктен қоршалмағанына қатысты сұрақ қойған.
СҚО полиция департаментінің басшысы Руслан Назаровтың сөзінше, аталған жерде қолданыстағы әскери полигон орналасқан. Оның кіреберісінде аумаққа кіруге тыйым салынатыны туралы арнайы ескерту белгілері қойылған.
Полигонда әскери қызметшілер, шекарашылар мен Ұлттық ұлан академиясының курсанттары оқ-дәрі қолдана отырып оқу-жаттығу өткізеді.
Кейін әйел өзі мен күйеуінің тыйым салынғанын ескертетін белгілерді көргенін мойындаған. Алайда олар бұл жерге бұған дейін де балық аулауға келіп жүргендіктен, ескертуге мән бермеген.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар сол күні полигонда қай бөлімшенің атыс өткізгенін және ерлі-зайыптының қауіпті аумаққа қалай кіріп кеткенін анықтауда.