Диссертация мен ғылыми басылымдар – ғылымның айнасы

Malim Админ

  • 23.05.2020

Университет бітірген, ең болмаса бакалаврлық диплом жұмысын жазып көрген адам біледі, зерттеудің қиындығы бір төбе болғанда, оның ресми, құжаттық жүктемелері бір төбе. Әсіресе, магистрлік, докторлық жұмыстарға қойылатын дәйектік талаптардан бөлек, арнайы міндеттемелерді орындау болашақ ғалымды аз шаршатпайды. Бұрын да ғылымды қағазбастылықтан арылту мәселесі ара-тұра айтылып қалып жүретін. Ғылымды дамытудың негізгі қозғаушы күші – зерттеу, жаңалық ашу болса, оны зерттейтін адам неғұрлым еркін болғаны ләзім. Одан бөлек, ізденушіге қойылатын басы артық талаптар – ғылымның дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, сол талаптарды табыс көзіне айналдыруына әкеліп соғады. Сол себепті, ғылыми жұмысқа қойылатын құжаттық қосымша жүктемелер мен міндеттемелердің санын азайту маңызды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрлікте осы мәселенің қайта қарастырылғанын, диссертацияны қорғау кезінде талап етілетін ғылыми басылымдардағы жарияланымдар жайының өзгергенін хабарлады. Оның айтуынша, кейбір талаптар зерттеушінің уақытын алып қана қоймай, оның әлдебір сапасыз басылымдарға мақала шығаруына мәжбүр болатынын айтады.

«Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауы тиіс болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды. Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда жарияланған кездер де болды. Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгерту жөнінде шешім қабылдадық», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Министр бұл шешімнің, яғни, «ҚР Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелгенін» айтады. Демек, ендігіде диссертация жазушы докторант жоғарыда айтылған жеті мақаланы жариялап, уақытын, жүйкесін құртпайды. Оның орнына уақытын да, күшін де зерттеуге жұмсауға мүмкіндік алады. Көп ешкім білмейтін, таралымы, оқитын оқырманы аз сапасыз журналдарға жеті мақала шығарудың орнына жоғары квартильге кіретін сапалы басылымдарға мақала шығарса жетеді. Бірінші квартильге жататын басылымдарға бір ғылыми мақаласы шықса жеткілікті, санын қарап, тізімін талап ететіндей өзге жарияланымдарды талап ету тоқтатылады. Министрдің пікірінше, бұл жоғары деңгейлі зерттеулердің жазылуына ықпал етеді. Әйтпесе, бірінің сөзін бірі қайталап, бірінің пікірін сәлі өзгертіп екінші біреу пайдаланып, ғылыми атаққа қол жеткізіп жүргені де жасырын емес. Министр айтқан жүктеменің азайтылуы, ең алдымен осы проблеманы реттейді. Ғалымды сапалы зерттеу жүргізуге, ғылыми ортаға, қызығушылығы бар өзге ізденушілерге қызықты мақала жазуға ынталандыру үшін жасалған бұл қадам – ғылым дамуының басты алғышарттарының бірі деуге болады.

Министр айтқан тағы бір сөзге арнайы тоқтала кеткен орынды. Бұл әлгі сапасы нашар басылымдарға қатысты. Ғылыми басылымдардың – заманауи ғылым мен білімнің беталысын, зерттеушілердің қай бағытта ізденіп жатқанын анықтауда үлкен роль атқарытынын ескерсек дәне диссертация жазушылардың бұл басылымдарға жиі жүгінуге мәжбүр болатынын еске салсақ, бұл журналдардың сапасына назар аудармай болмайды. Сол себепті, білім және ғылым министрлігі бұл мәселені арнайы қарап, ғылыми журналдарға қойылатын талаптарды өзгертті.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, «ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістер, негізінен, әдеп пен академиялық адалдық прициптеріне негізделеді.

«Қолданыстағы критерийлерді халықаралық талаптарға бейімдеу бойынша жұмыс басталды. Мәселен, 2 рет сырттай рецензиялау, нақты редакциялау саясаты, жарияланым мазмұны мен басылымдардардың бағыттық сәйкестігі, шетелдік мамандардың рецензиялары, өзгенің жазбасын пайдалануды тексеру, барлық жарияланым шарасының ашықтығы, мықты редакция алқасы, жарияланымдарды жіберу және рецензиялаудың онлайн жүйесі, әдеп пен академиялық адалдық бойынша талаптар және тағы сол сияқтылар. Көрсетілген тізбеге кіретін отандық басылымдарға осы талаптар біртіндеп қойылады», - дейді Қазақстанның бас ұстазы.

Біртіндеп қойылады... Әрине, бірден жағадан алу министрлік ке де, журнал редакцияларына да оңай тимейтіні анық. Сол себепті, бұл проблеманы талаптарды қатаңдата отырып, журналдар арасындағы бәсекелестікті де дамыту маңызды. Жаңа талаптар басы артық, көп ешкімге түсініксіз, көлеміне және тақырыбына ғана мән берілетін кейбір басылымдарды жауып тынатыны онсыз да түсінікті. Сол себепті, талаптарды сатылы түрде, жүйелей отырып енгізу – журналдардың санын азайтпай, сапалы қылып шығаруға мүмкіндік береді. Ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарға жауап беретін тізімге негізінен 177 басылым кіреді екен. Бұл тізімнің формалды өлшемдер бойынша іріктеліп, жасалғанын да айта кету керек. Ендігіде, формалды түрде ғана емес, детальды түрде іріктеліп, жаңа талапқа сай жұмыстар жүргізіле бастайды.

Және бір айта кетерлігі, ғылыми басылымдардың көпшілігі ақылы қызмет көрсету принципімен жұмыс істейтіндіктен, көп жағдайда ғылыми материалдардың сапасына, оригиналдылығына, жаңалығы бар ма, жоқ па деген мәселелерге көп мән бере бермейді. Осыған орай, оларға қаржылық қолдау ұйымдастыру да министрлік сүйенетін бір тиянақ болмақ. Бұл отандық басылымдарды халықаралық стандарттар мен жоғары сапаға жеткізуге атсалысады.

«Осының нәтижесінде басылымдардың саны емес, сапасына мән беріледі, сапалы контент үшін бәсеке артады және халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ отандық журналдарды Scopus және Web of Science халықаралық базасына енгізу үшін, ғылыми журналдарға қаржылай қолдау көрсетіп, демеу беру мақсатымен конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз», - деп қорытады министр Аймағамбетов.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзінің мәнін әлі күнге жоймағанын ескерсек, ғылыми басылымдар да қазақ ғылымының айнасы деуге болады. Демек, алдымен, диссертациялық жұмыстардың сапасын арттыру, соған орай ғылыми мақалалар шығатын басылымдарға қойылатын талаптарды күшейту – қазақ ғылымын қағазбастылықтан арылтып, халықаралық бәсекеге қабілетті ете түседі деуге болады.

 

Байланысты жаналықтар

Докторантураға қанша грант бөлінетіні белгілі болды

24.05.2020

Магистратура мен докторантура емтихандарында заманауи жүйелер пайдаланылады

09.07.2020

Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

17.04.2020
MalimBlocks
Докторантураға қанша грант бөлінетіні белгілі болды

Магистратура мен докторантура емтихандарында заманауи жүйелер пайдаланылады

Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою