Тест тапсыру бағасы өсіп кетті
2-11 желтоқсан аралығында магистратура мен докторантураға талпынғандар кешенді тестілеу мен емтиханнан өтеді. Жалпы, бұрын бұл сынақ жаз айларында ғана өтетін. Биыл жазда магистратура мен докторантураға бөлінген гранттар артылып қалып, сол гранттарды жыл соңында «таратып беруді» жөн көрген. Алайда жазда дәл осы тесті тапсыру үшін абитуриенттер 8 292 теңге төлесе, қазір бұл баға 14 693 теңгеге көтеріліп кеткен.
Бұл жағдайды Ұлттық тестілеу орталығы түсіндіргендей болып, сұрағымызға қатысты хабарлама жіберді. Оның бірінші сөйлемінен «кешенді тестілеудің электронды форматта өткізілуіне байланысты баға прейскуранты қайта қарастырылғанын» ұқтық. Екінші сөзінен «министрлік бекіткен бұйрыққа сәйкес орталық көрсететін қызметтерге бағалар прейскуранты бекітілді» дегенді түсіндік. Ал, үшінші сөйлемі «кешенді тестілеу өткізу қызметінің баға көрсеткішін анықтау қызметі тәуелсіз компаниямен жүргізілетінін» айтыпты. Сонда баға прейскурантын министрлік бекітеді ме, әлде, тәуелсіз деген компания жүргізе ме?
Хабарламада бүй дейді:
«Кешенді тестілеудің электронды форматта өткізілуіне байланысты баға прейскуранты қайта қарастырылып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 506 бұйрығына сәйкес Орталық көрсететін қызметтерге бағалар прейскуранты бекітілді.
Кешенді тестілеу өткізу қызметінің баға көрсеткішін анықтау қызметі тәуелсіз компаниямен жүргізілді. Тәуелсіз компанияны анықтау конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылды.
Анықталған тәуелсіз компания кешенді тестілеудің 1 адамға шаққандағы шығынын есепке ала отырып, бұл қызметтің өзіндік құнын шығарды. Нәтижесінде тәуелсіз компанияның берген есебіне сәйкес кешенді тестілеуге қатысу құны 14 693 теңгені құрады».
Яғни 2012 жылдан бері, яғни, он жылдан бері өзгермеген баға биыл айналасы 5 айда 50 пайызға өсіп кеткен. Және оны абитуриенттерге алдын ала ескерту жасап айтпаған. Сонымен қатар, орталық келер жылы баға осы қалпында қала ма, әлде тағы да қымбаттарын нақты айта алмайды екен. Бірақ, «өзгеріс болса, қосымша хабарлауға» пейілді.
Ескере кетейік, бағаның қымбаттағанына қарамастан, магистратураға түсуге 6 778 өтініш түскен. Докторантурада оқу үшін 700-ден астам өтініш берілген. Кешенді тестілеу мен емтихандар 2-11 желтоқсан аралығында өтеді. Магистратура мен докторантураға құжат қабылдау 2021 жылдың 26 желтоқсаны мен 2022 жылдың 10 қаңтары аралығында өтеді.