Алматы полициясы миллион долларға көлік алды

Malim Админ

  • 18.06.2020

Алматы қаласының полиция департаменті 443 миллион теңгеге автокөліктер сатып алған. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы тендер қорытындысына қарағанда, Қанат Таймерденов басқаратын полиция департаменті тұтқындарды таситын 23 көлікті бір көзден – "СарыарқаАвтоПромнан" сатып алды.

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы хабарламаға сәйкес, Алматы қаласының полиция департаменті бір көзден жалпы сомасы 663 230 000 теңгеге жеңіл және жүк көліктерін сатып алуды жоспарлаған. Алайда тендер қорытындысына қарағанда, полиция  екі лот бойынша көлік алған. Қалған үш лот бойынша мемлекеттік сатып алулар өтпей қалды.

Сонымен, 250 640 000 теңгенің лоты бойынша, Алматы полиция департаменті дизельді отынмен жүретін 13 көлік алды. Техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, полицейлер  2020 жылы шыққан, ақ түсті автозактарды алған. "Автомобильде кемінде 3 адам отыратын кабина, кемінде үш қызметкерге арналған салон және тұтқындалған адамдарға арналған камера болуы керек". Техникалық құжаттарда автокөлікке басқа тағы мынандай талаптар қойылған: "Қызметкерлерге (еріп жүрушілерге) арналған бөлікте үш жұмсақ отыратын орын, құжаттаманы ресімдеуге арналған үстел, жылытқыш, апаттық-желдету есігі бар. Салонның жылжымалы есігінде саңылаусыз қараңғыланған терезе бар.  Штаттық орындарда желдету саңылаулары орнатылған.  4 адамға арналған жалпы камерада жылу мен шудан оқшауланған бөлік. 10мм темір шыбықтан жасалған есікпен кіретін тормен темір қалқанмен бөлінген. Есікке құлып және қосымша ысырма орнатылған.  Камерадағы отырғыштар астында қол кісендерге арналған тұтқалар орнатылған".

Ал 192 800 000 теңгенің лоты бойынша, 2020 жылы шыққан тағы 10 автокөлік алынған. Бұл да тұтқындарды ары-бері алып жүруге арналған автозактар. Өйткені көлікте "тұтас металдан жасалған, сұр түске боялған, қол кісендерге арналған тұтқасы бар, төрт орындығы бар жеке камера болуы тиіс. Жеке камера қамауға алынғанның толық оқшаулануын қамтамасыз етеді, жеке камераның жабылатын есігі - тұтас және қалыңдығы 2 мм металл табақтан жасалған, желдету үшін торлы жабылатын қарау есігі, камераның едені металл, арнайы контингентті орналастыруға арналған орындық стационарлық, қатты болуы керек", - делінген техникалық ерекшелік құжатында.

Сонымен, Алматы қаласының полиция департаменті ұсталғандарды алып жүретін көліктерге бюджеттен 1 миллионнан астам доллар жұмсаған.

Материалды көшіріп басуға болмайды

Фото ашық дерек көздерден алынды

.

 

 

MalimBlocks
Құрбан айтта полиция мал іздемек...