Әкім Әбдірайымовтың уәдесі таусылмапты

  • 24.07.2020
  • Берік Жанатханұлы

Талдықорған қаласында бюджеттен 480 млн теңге бөлініп, 2017 жылы салына бастаған тұрғын үй құрылысы бітер емес. Халық 60 пәтерлі үйге осыдан 2 жыл бұрын 2018 жылдың аяғында кіру керек болған.  Алайда, экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ"Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй әлі салынып жатыр.

30 пәтер кезекте тұрған адамдарға, ал қалғаны салымшыларға берілуі керек болыпты.

«Туғаннан 2-ші топтағы мүгедекпін. Маған негізі мемлекет тегін баспана беру керек. Кезекте 502 болып тұрмын. Кезек алдыға жылжымайды. Ол жеткенше қартаярмын я болмаса,  дүниеден де өтіп кетуім мүмкін ғой. Сондықтан жұмысқа шығып, ақша тауып, салымшы болған едім. Бірақ соның өзінде баспаналы бола алмай жүрмін», - деп күйінеді МӘЛІМ КЗ сайтының өңірдегі тілшісіне сұхбат берген Сырым ҚАЙРАТБЕКОВ.

Мемлекеттік тендерді ұтып алған компания «СурМак» ЖШС екен. Аталған компанияның уәдесінен шаршаған жұрт Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВҚА барған екен. Әкім де уәдемен шығарып салған.

«Қала әкімімен соңғы рет кездескенде "осы жылдың 22-наурызында пәтерлеріңе кіресіңдер" деген. Төрт мердігер компания жұмыс істеп жатыр деді. Қазір жаз аяқталып қалды. Әлі баспанасыз жүрміз», - дейді тағы бір талдықорғандық тұрғын Сәния ТҮЛЕНДИЕВА.

Әдетте Елбасыны  ауыздарына тастамайтын жергілікті шенділер Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасымен салынып жатқан құрылыстың кешігуін мердігерге жауып отыр.

«Мердігер компания өз жұмысына салғырт қарады. Сот та болды. Сот құрылысты аяқтауды міндеттеді. Тұрғын үйдің тездетіп бітуі үшін біз де көмектесіп жатырмыз. Қазір тұрғын үйдің 90 пайызынан аса жұмысы аяқталды. Жұрт 10  күннің ішінде жаңа баспаналарына кіреді», - деді Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі Нұр ҚАНАТҰЛЫ.

Соңғы уақытта түрлі тендер ойнату арқылы танылған талдықорғандық шенеуніктер осылайша бюджеттен қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, тұрғын үйдің құрылысын  қадағалай алмай отыр.

 Фотолар автордікі.

Байланысты жаналықтар

Бірінші жол: қазақ тілін өлтіру керек

25.12.2020

Асхат Аймағамбетов оқу орындарын не үшін жауып жатыр?

18.02.2021

Қатаң карантинді екінші рет енгізген жалғыз елміз

05.07.2020

178 миллионға 20 дәретхана салынбақ

04.08.2020

Шымкент «ақылды қалаға» айналады

18.03.2021

Қазіргі жағдай кадр тапшылығын күшейтіп жатыр

30.06.2020