Батыр Жүкембаев: «Қазақ жанкүйері сүрінсең, таптап өтеді»

  • 29.07.2020
  • Malim Админ

Батыр Жүкембаев рингте «777» лақап атымен кеңінен танымал. Қазіргі таңда WBA Continental, IBF Inter-Continental, IBO International, WBC Continental Americas чемпиондық титулдарының иегері.

Батыр кәсіпқой рингтегі 18 жекпе-жегінің бәрін ұтып, 14 нокаут тіркеген. 2019 жылы ол әлемнің экс-чемпионы Мигель Васкесті жеңіп WBA және IBF тұжырымының белбеулерін еншіледі. Биылғы жылдың басында  мексикалық Рикардо Лараны нокаутқа жіберсе, 2018 жылы 31 наурызында қарсыласын 35-ші секундта-ақ құлатып өзіндік рекорд орнатты. Жүкембаевтың ерекше жұдырықтасу мәнерін бүгінде АҚШ пен Канаданың білікті бокс мамандары жоғары бағалап, оны өз дивизионындағы болашақ бокс жұлдыздардың қатарына қосады.  

– Батыр, ассалаумағалейкүм! Біз боксы дамыған елміз. Ал қазақ былғары қолғап шеберлерімен деңгейлес шетелдік боксшылардың табысы неге әлдеқайда тәуірлеу?

– Қазақстанда қалталы азаматтар өте көп. Бірақ олар еліміздегі кәсіпқой бокс саласының потенциалы жоғары бизнес алаңы екенін түсінбейді! Жеңімпаз боксшыға ат-шапан жапқан мырзалығы әрине құптарлық іс. Бірақ оның арғы жағында өзінің жарнамасын жасау немесе мақтаныш дейтін пендешілік сұранысын қанағаттандыруы тағы бар. Ондай көкелеріміз жоқ емес. Ал спортқа шын жанкүйер іскер азаматтарды кәсіпқой боксқа инвестор болуға шықарымын! Қазақ бокс мектебінен шыққан жігіттердің әлеуеті өте мықты. Он боксшыға салған ақшаңызды ертең бір чемпионмен-ақ ақтап аласыз! Бүгін «ASU» брендімен келісімшартқа отырдым. Осы секілді әріптестік спортшылардың да дамуына әсерін тигізеді.

– Қазақ жанкүйерлерінің мәдениетіне көңілің тола ма? Өйткені көп спортшылардың ренішін естіп жатамыз.

– Қазақ жанкүйерлері - әлемдегі теңдесі жоқ фанаттар деп айта аламын. Әркім өз ұлттық болмысына қарай жанкүйерлік етеді. Тек сүрініп жеңіліске ұшырай қалса, оны аяққа таптай кететін жаман әдетіміз бар. Спортта бұл заңдылық! Өзіміз мақтан тұтатын батыр бабаларымыз да жаумен айқаста жеңіліп көрген ғой. Сондықтан жанкүйер өз спортшысымен ақырына дейін бірге болуы тиіс. Сіздің қолдауыңыз – бізге рух береді!

– "777" деген лақап атың қайдан шықты және нені білдіреді?

– Үш жеті "777" деген лақап атты көпті көрген ағаларымызбен ақылдаса отырып таңдадық. Жеті саны қазақ үшін киелі әрі сәттіліктің белгісі. Сәттілік кездейсоқ туатын құбылыс емес. Ол өз ісіңе сену мен сол жолда аянбай тер төгумен келеді!

– Ринг - боксшының шын сыналатын алаңы! Батыр Жүкембаев үшін сол жекпе-жектің атмосферасы қалай әсер етеді?

– Мен әр жекпе-жегімде үш түрлі жекпе-жектен өткендей боламын. Біріншісі, ұзақ жаттығу, оңайға соқпайтын дайындық. Екіншісі, салмақ түсіру кезеңі. Бұл сәт те спортшы үшін жекпе-жекке тең. Үшіншісі, рингтегі басты айқасың. Қарсыластың осал тұсын тауып өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеу. Бұл төккен тер мен жарылған қабақтан аққан қанның өтеуі - жеңіс! Сөзбен сипаттауға келмейтін ғажап күй!

– Жекпе-жекке шығардың алдында кейбір боксшылар музыка таңдап іштей дайындық жасайды. Батырдың мұндай әдеті бар ма?

– Рингке шығудың алдында құранның аяттарын, сүрелерді таңдауға тырысамын. Бұл ең алдымен жан-дүниеме тыныштық сыйлап, ерекше қуат береді.

– Ең алғашқы рингке шыққан сәтің есіңде ме?

– Рингке ең алғашқы шыққан сәтім әлі көз алдымда. Сол жарыста мұрным қанап үшінші орын алып қалғанмын. Ал кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жектің әсерін сөзбен жеткізу қиын. Нағыз майданға аттанып бара жатқандай күйде боласың.

– Жаттығу мен жекпе-жектен тыс уақытыңды неге арнайсың?

– Әрине бос уақытты отбасыммен, достарыммен өткізуге тырысамын. Сәуір айында ұлым дүниеге келіп әке атандым. Оның жанында отырып, қылықтарын көрудің өзі бір демалыс. Отбасын құрғалы адамның жауапкершілігі де артады екен.

– Қазақстандағы үздік кәсіпқой боксшының бірісің. Қашан үлкен жекпе-жектеріңді көреміз?

– Жақында Мәскеуге аттанамын, қыркүйектің соңында АҚШ-та жауапты жекпе-жек күтіп тұр. Енді сол нарықты бағындыратын кез жетті. Тек әлемнің үздіктерімен жұдырықтасып, чемпиондық белбеуді жеңіп алу мақсатымыз. Осылардың ішінде WBC, WBO чемпионы Хосе Карлос Рамиреспен немесе WBA, IBF чемпионы Джош Тэйлорамен айқасқым келеді.

– Демек келесің қарсыласың чемпиондардың бірі болмақ қой?

– Қазіргі таңда барлық беделді бокс тұжырымдардың рейтингінде мен бірінші жартылай орта салмақтағы үздік 15-боксшының қатарына кіремін. Алла бұйыртса, чемпиондық жекпе-жектерге бір қадам жақын тұрмыз! Келесі қарсыласым осал болмайтыны анық.

– Кәсіпқой бокста 18 жекпе-жектің бәрін жеңіп, 14 нокаут тіркедің. Осы уақыт ішінде Батыр қаншалықты тәжірибе жинақтады?

– Чемпион болсам дейтін кез келген боксшы әркез өз-өзін шыңдап, үнемі дамиды. Сондықтан оның стилінің де прогресске ұшырауы заңдылық. Ең алдымен жекпе-жектерде сабырлық сақтау дейтін қасиетті дамыту керек. Салқынқандылық пен лаулаған жүрек сізді биіктерге жеткізеді. Ішкі тепе-теңдікпен жұмыс істеп үйрену керек.

– Артыңнан ерген жас ізбасарларыңа не айтар едің?

– Боксты бастап енді бастап келе жатқан жастарға айтарым - өз арман-мақсаттарыңа сеніңдер! Мойымаңдар. Мұхаммед Әлидің керемет сөзі бар. "Мүмкін емес деген жалған сөз. Оның артында әлсіз адамдар жасырынып отырады" дейді. Сондықтан тек алға ұмтылыңыз!

– Рақмет!

Сұхбатты әзірлеген Серік Ноянбайұлы

Байланысты жаналықтар

Атыраудағы еріктілер: Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

15.07.2020

Демократия мен ұлтшылдық үйлеспейді

20.10.2020

Жаңаөзендегі жауыздықтар жадымда

16.12.2020

Тынымбай екеуімізге сыйлық беруге Алдан Смайыл қарсы болған

21.12.2020

Оппозиция қатыспаған сайлаудың өзі әділетті өткен жоқ

11.01.2021

Болат Назарбаев: Сана сезімдері сондай болса, не істейін?!.

16.04.2020