Қазақстанда қанша кедей бар?

Елнұр Бақытқызы

  • 18.08.2020

Коронавирус індетінің кесірінен елдегі жұмыссыздар мен кедейлер саны көбейе түспек. Бүгін өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пандемия кезінде жұмыссыздар саны сегіз есе өскенін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 1 ақпанда 26,9 жұмыссыз тіркелсе, 1 тамызға қарай 219 мың адам жұмыссыздар қатарына қосылған.

Індет кезінде шағын және орта бизнестің тұралап қалуы, халық табысының қысқаруы кедейлер санын да өсіріп жібермек. Мұны үкімет ашып айтпаса да, Дүниежүзілік банк болжап отыр.

Сонымен, Қазақстандағы кедейлер саны қаншаға өсуі мүмкін екенін есептеу үшін әуелі елде қанша кедей бар екенін ажыратып алайық. Асылы, Қазақстан үкіметі мен халықаралық институттар "кедейшілік" көрсеткішін әрқилы есептейді.

Қазақстан кедейшілікті күнкөрістің төменгі деңгейі көрсеткіші арқылы анықтайды. Үкімет табысы күнкөрістің төменгі деңгейінің 70 пайызынан төмен халықты кедейге жатқызады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс. Шілде айындағы күнкөрістің төменгі деңгейі 33 700 теңге болғанын ескерсек, табысы 23 590 теңгеден төмен халық кедейшілік шегінде өмір сүреді деген сөз.

23 590 теңгені валюта айырбастаудың бүгінгі бағамына шақсақ, бұл шамамен 56 доллар. Былайша айтқанда, үкімет күніне 1,8 доллар табыс табатын халықты кедейге жатқызады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ақпан айында кедейшілік шегін өлшеудің параметрлерін өзгертіп, күнкөрістің төменгі деңгейімен теңестіру керек деген бастама көтерген. Министр жыл соңына дейін бұл мәселені шешіп, ең төмен күнкөріс  деңгейінде табыс табатын халықты кедейге жатқызу жайлы шешім қабылдаса, бұл елдегі тақыр кедейлер санын өсіретіні анық.

Ал әзірге ресми статистикаға сәйкес, елде халықтың 4 пайызы, яғни 747 607 адам кедейшілік шегінде өмір сүреді. Халқы ең кедей облыстар – Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (5,8 пайыз), Жамбыл (5,2 пайыз), Солтүстік Қазақстан (5 пайыз) және Ақмола ме Қызылорда (әрқайсысында 4,6 пайыз).

Ал Дүниежүзілік банк кедейшілікті басқа көрсеткіш  – сатып алу қабілетінің паритеті бойынша өлшейді. Дүниежүзілік банк табысы төмен елдерде күніне 1,90 доллардан аз табыс табатын халықты кедейге жатқызады. Алайда Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда күніне 1,90 доллардан аз табыс табатын халық жоқ, яғни ел тақыр кедейшілікті түбегейлі жойған.

Дегенмен Дүниежүзілік банк Қазақстады табысы төмен емес, табысы орташа елдерге жатқызады, ал мұндай елдерде күніне 5,50 доллардан (шамамен 2300 теңге) төмен табыс табатын халық кедей болып саналады. Ендеше, Қазақстанда шамамен 8,6 пайыз немесе 1,5 миллион халықтың күндік табысы 5,50 доллардан төмен. Олай болса, елде шамамен 1,5 миллион астам адамды кедей деуге болады.  Дүниежүзілік банктің осы мәліметі ел ішіндегі ресми статистикамен салыстырғанда екі есе көп халық кедейшілік шегінде өмір сүретінін көрсетеді.

Жақында коронавирус пандемиясының Қазақстанға әсеріне талдау жасаған Дүниежүзілік банк "Дағдарысты еңсеру" атты есебін жария еткен. Оған сүйенсек, 2020 жылы кедейшілік шегінде өмір сүретін халық саны 12,7 пайызға өсіп, кедейлер қатарына 800 мың адам қосылады. Осылайша Дүниежүзілік банктің болжауынша, 2020 жылы Қазақстандағы кедейлер саны 2 миллион 373 мың адамға бір-ақ жетпек.

 

Байланысты жаналықтар

Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

06.08.2021

"Шетелдік нөмірлі машиналарды тіркеу шарттары қарапайым"

21.08.2020

Қарасайлықтар баспаналы болды

03.12.2020

Біртановтың бұйрығы және дәрігерлердің дәрменсіздігі

15.04.2020

Алматыда әскери ұшақ апатқа ұшырады

13.03.2021

Әкім жіп иіру фабрикасы жұмысымен танысты

13.04.2021
MalimBlocks
Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

Әлия Раева туғаннан түрлі қиындыққа төтеп беріп келеді. Жетімдер үйі, сырқат, үш ота мен үздіксіз ауыр ем. Кезінде дәрігерлер бір жылдан артық өмір сүруі мүмкін емес деген Әлия қазір параспортшы, тіпті сау адамдармен жарысып, үлкен Олимпиада чемпионы атануға үмітті.

"Шетелдік нөмірлі машиналарды тіркеу шарттары қарапайым"

Қарасайлықтар баспаналы болды

Біртановтың бұйрығы және дәрігерлердің дәрменсіздігі

Алматыда әскери ұшақ апатқа ұшырады

Әкім жіп иіру фабрикасы жұмысымен танысты