Сайлау кеп қалды: Кредитіңізді үкімет жабады...

Malim Админ

  • 18.09.2020

Тоқаев президент болып сайлана сала жасаған алғашқы қадамы – несиенің бір бөлігін (300 мың теңгеге дейін) кешіру шешімі болды. 500 мың адамның несиесін кешіруге бюджеттен 105 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалғаны айтылған. Бұл Тоқаевқа анау айтқандай ұпай жинап бермесе де, жұрт арасында әжептәуір резонанс тудырды. Қазақстандықтарда «300 мыңды кешірген президент қалғанын да кешірер» деген бір көңіл-күй пайда болды.

«Үкімет тағы кешіреді екен», деген сияқты әңгімелер де тарады. Осы сәтте тіркелмей қалған, құрылмақ «Демократиялық партияның» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат МАМАЙ өзінің негізгі бағдарламасының бірі ретінде осы несиені кешіруді таңдап алды. Осы мәселе бойынша бірнеше рет алаңға шығып, тіпті, 100 мыңға жуық адамның қолы қойылған құжатты Ақорданың алдына апарып, тапсырды да.

Әрине, бұл бастаманың «экономикалық тұрғыда ақылға қонымсыз» екенін айтқан экономист-сарапшылар да болды. Мұндағы басты мәселе – кешірілетін несиенің ақшасын мемлекет қайдан алады? Егер, мемлекеттік шығындар мен шенеуніктердің жалақыларынан немесе соларға кететін қосымша шығындар есебінен болса келісуге болады дейтін де көзқарастар бар. Ал, егер бұл амнистияға кететін шығын азаматтардың салығынан алынатын болса, әңгіме басқа. Бұл бір жағынан, мәселені уақытша шешу ғана, одан ары халықтың қыржылық сауатсыздығын асқындырып, жауапкершіліксіз, тоғышар күйге түсіруі мүмкін деген де пікірлер айтылды.

Бір нәрсе анық – халық түгелге жуық бұл бастаманы қолдайды. Әсіресе, биыл коронавирусқа байланысты карантиндік шаралар салдарынан жұмыссыз қалған кезде.

«Ақылға қонымсыз» несиені амнистиялау бастамасын әлеуметтік желілер де белсенді талқылады. Көпшілігі «салық төлейтін жеке тұлға» ретінде, «бизнеспен айналысып жүрген заңды тұлға» ретінде несиені кешіруге қарсы екендіктерін білдірді. Өйткені, салық түсімінен құралатын мемлекеттік бюджет «жауапкершілігі жоқ адамдардың» кредитін төлеуге емес, зейнетақы төлеуге, жол жасауға, мектеп, аурухана салуға, мұғалімдер мен дәрігерлердің білімін көтеріп, жалақысын көтеруге жұмсалуы керек.

Қоғамның өзі белсенді талқылап жатқан бұл мәселе айтылып-айтылып қалатын шығар деп жүргенде, күтпеген жерден Парламент мәжілісінде қайта көтерілді. Депутат Айқын ҚОҢЫРОВ премьер-министр Асқар МАМИННІҢ атына тікелей сауал жолдап, ұсыныс айтты. Кредитке рақымшылық жасау керек деп есептейді Коммунистік партияның мүшесі.

«Халық коммунистері фракциясы бұған дейінгі дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, қазіргі басымдықтарды қайта қарап, қолдау шараларын қарапайым халық пен бизнестен бастауды ұсынады. Қазақстанда жеке және заңды тұлғаларға арналған кең ауқымды кредиттік рақымшылықты өткізу керек», - дейді Қоңыров.

Қоңыров бастаған коммунистер бұған дейінгі жұрттың реакциясын байқаған болар, жаппай рақымшылық жасауға болмайды дейді. Рақымшылық – бұған дейін салықты уақытында төлеп келген, тек карантиндік шаралар салдарынан табысынан, жұмысынан айрылған жауапкершілікті (!) азаматтарға жасалуы керек. Сонымен қатар, олар бұған жұмсалатын қаржыны қайдан алу керегін де есептеп қойыпты.

«Қазақстандықтардың үстеме табысы мен мұраға қалған мүлік салығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің деңгейіне - 30 процентке дейін жеткізу; жеке тұлғалардың ақша аударымдары мен компаниялардың таза табысын шетелге шығарғаны үшін 10 процентке дейін дифференциалды салық салу; үшінші тұрғын үйден және екінші коммерциялық жылжымайтын мүліктен бастап әрбір нысан үшін 2 есеге артық коэффицентпен салық салу; шетелдің ірі технологиялық компанияларына жергілікті табыстан 3 процент көлемінде цифрлық салық алу».

Коммунистердің бұл ұсынысты айту үшін белгілі деңгейде тыңғылықты дайындалғанын байқауға болады. Олар, тіпті, қазақстандықтардың той жасау үшін емес, «кредиттерін жабуға, оқудың шығындарын өтеуге, емделуге, тамақ пен киімге» кредит ала бастағанын «зерттепті». Шағын және орта бизнес өкілдерінің несиесін кешіру де рақымшылықтың басты ұстыны болуға тиіс. Өйткені, бизнестер құлап, кәсіпорындардың жабылуы – экономикаға үлкен соққы болмақ.

Былайғы кезде көп көзге түсе бермейтін, үкіметтің қас-қабағына қарап, ыңғайына жығыла сөйлейтін коммунистердің бұл белсенділігін екі нәрсемен болжауға болады:

Біріншісі – әрине, алда келе жатқан Парламент сайлауына дайындық. Сайлау алдында аздап болса да ұпай жинай беру. Бұл жердегі коммунистердің де түпкі есебі – демпартия ұтанымына ұқсас: Халықтың жанды жері – несие. Несиені айтсақ, қолдаушыларымыз аз болмайды...

Екіншісі – бұл коммунистік партия арқылы үкіметтің өзі жасап отырған сайлауалды дайындығы. Президент сайлауы кезінде аузы күйіп қалған Ақорда да Парламент сайлауына бей-жай қарай алмайды. Оның үстіне, Белорустағы ірі шерулердің әлі де толастамай тұруы мұндай науқандарды өте байыппен ұйымдастыру керек екенін көрсетті. Сол себепті, жұрттың қарсылық көңіл-күйін басудың (судан өтіп алғанша) бір жолы ретінде осындай әрекетке баруға (несені кешіру) мәжбүр болуы да ғажап емес.

Бірақ, бұл жерде бір нәрсені ескеру керек, Мамай айтып жүргендей, 5,5 млн қазақстандықтың 4,4 трлн несиесін жаппай амнистиялау бола қоймайды. Ұлттық қорының өзінің түбі көріне бастаған үкімет ондай тәуекелге бара алмайды. Тіпті, коммунистер айтқан «қосымша қаржы көздері» де мұндай үлкен қаржыны жабады деу қиын. Сол себепті, үкіметтің негізгі ұстанымы – карантин кезінде табыссыз қалған азаматтар мен бизнес өкілдеріне көмектесу бағытында болуы ықтимал. Тіпті, былтырғы «300 мың теңгелік» сценарийді қайталап жіберуі де ғажап емес.

Бұған банктер қалай қарайды? Әлгі карантин басында қызды-қыздымен несиені 3 айға шегеру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Бірақ, соның соңы жұрттың түсінбеушілігі мен наразылығына себеп болған. Оның мәні – несиені сол күйінде ары қарай 3 айға жылжыту емес, төленбеген 3 айдың ақшасын қалған айларға шашып тастауда жатыр. Тіпті, сол кезде бұл «рақымшылықтың» сатулы екені де белгілі болған, яғни, азаматтар несиесін кейінге шегергені үшін қосымша комиссия төлейді. Қазақстандықтардың наразылығын тудырып, банктер мен үкіметтің адресіне қарша бораған жағымсыз сөздер әлі де ұмытыла қойған жоқ. Демек, банктердің бас ауруына айналған бұл бітпес даудың оңтайлы шешімі – осы аралықтағы несиені сызып тастау болуы мүмкін. Оның басты себебі, несиенің төленбеген уақытын сол қалпында ары қарай жылжыта салу, алдымен, құжат рәсімдеу тұрғысында аз қиындық туғызбайды. Бұл мәселе, әсіресе, бизнес үшін немесе ипотекалық мақсатта берілген несиелер үшін жасалатын үш жақты келісімдерді қайта рәсімдеу тұрғысында аз қиындық туғызбайды. Құжаттық шығындарды, соған кететін уақытты есептей келгенде, банктер үшін де несиелердің белгілі бір уақытын кесіп тастау тиімді болуы мүмкін. Оның үстіне, ары қарай жылжытты дегеннің өзінде, теңгенің тағдыры қыл үстінде тұрған уақытта, енді 5-10 жылдан кейінгі «ары қарай жылжыған» төлемдер «копейка» болып қалуы да мүмкін. Осыны ескере келгенде, «копейка» үшін сүйкімін кетіргенше, халықтың өзі сұрап тұрғанда, «еститін мемлекет» ретінде жағымды иммидж қалыптастырып алған тиімді.

Тек, сіздің несиеңіздің қанша уақыты кешіріледі? Негізгі сұрақ осы.

Парламент мәжілісінің атынан ресми түрде үкімет басшысына ұсыныс айтылды. Маминнің ресми түрде ойлануға бір ай уақыты бар. Депутаттың ұсынысынан бөлек, күні кеше ғана өткен (13 қыркүйек) Демпартияның рұқсат етілген митингісі бар (айтпақшы, Мамайға аяқ асты митингіге рұқсат бере салуы да осы үлкен жоспардың ішіне кіруі мүмкін деп болжауға да болады), Ақордада жатқан 100 мың адамның «амнистия сұраған» қолы бар, соның бәрін ой елегінен өткізе келіп, Маминнің несиеге рақымшылық жасап жіберуі әбден мүмкін.

Бұл жерде де басы ашылмаған бір сұрақ қалады:

Несие қалай кешіріледі және қаншасы кешіріледі? Маминнің жауабын күтейік...

Байланысты жаналықтар

Шөкеев Назарбаевты алдапты

06.10.2020

"Тоқаев жауап бермесе, халықтық парламент құрылады"

15.10.2020

Қазақстанда жаңа партия құрылмақ

01.06.2020

«Нұрлы жер» бағдарламасы іске асып жатқан жоқ

15.10.2020

Қазақ элитасы Қытай саясатынан жеке басының қамын іздейді

11.06.2020

Мамин Сағынтаевқа аурухана сыйлады

01.10.2020
MalimBlocks
Шөкеев Назарбаевты алдапты

"Тоқаев жауап бермесе, халықтық парламент құрылады"

Қазақстанда жаңа партия құрылмақ

«Нұрлы жер» бағдарламасы іске асып жатқан жоқ

Қазақ элитасы Қытай саясатынан жеке басының қамын іздейді

Мамин Сағынтаевқа аурухана сыйлады