Тараздық шенеунік алған сыйлығына клип түсірді. Әдеп кеңесі аң-таң (видео)

  • 30.09.2020
  • Руслан ЕРБОТА

WhatsApp –пен редакцияға келген Qumash атта ені бар видеодаға бастапқыда мән бермедік. Дәу үстелдің басында отырған жүзі таныс жігіттің алдына қыпша беліне қызыл белдік тағынған қызметкер қыз салтанатпен келіп, қошеметпен қалың кітап қояды. Жалпиған орнынан қозғалмаған жігіттің сағат таққан қолы кітапқа жеткенше бейнетаспада әлгінің кітап еместігін тамаша кадрларымен анық көрсетіп тастайды. Одан кейінгі түсірілімі өте сапалы көріністегі үлкен кадрда блакнот ашылады да, жігіт ашылған парақшаға бар ынтасын беріп қарайды. Кадр орта планға өткенде үлкен үстел басындағы жігіт елбасы Назарбаевтың толғамдарын немесе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қысқа қайырымдарын бар зейінімен оқып отырған әкімдерге ұқсап кетеді. Бірақ, осынау тамаша көріністің сәнін келесі кадр тас талқанын шығарады. Камера көрінісі жүзіп келіп, сәнді қағазға барынша кескінделіп жазылған «Туған күніңіз құтты болсын!» деген жазуға былш еткізеді.

Үстел басындағы жігіт ырзамын дегендей жымиып, блакноттың келесі бетін баппен ашады. Міне, керемет! Әлгі блокноттың ішінен қосымша планшет, қымбат қалам, алтын жалатылғандай жарқыраған флешка және қойын кітапша шыға келеді. Ал планшеттің бетіне «Туған күніңіз құтты болсын!» деген тілек жұлдыздай жарқырап тұрып алады. Мұны көрген үстел басындағы жігіт ел қамын күндіз-түні жеп жүрген шенеуніктердей қалың ойдың құшағына түсіп кетіп, камера алдында ойнап береді. Бұл жігітті бір жерден көрген сияқтымыз. Ары-бері ойланып, есімізге түсірдік.

«Заң» газетінде редактор болған, Жоғарғы соттың баспасөз қызметін басқарған, одан президент баспасөзі қызметінде сарапшы болған, Ішкі істер министрлігіндегі «Медиа-орталықты» басқарған Алмас Садубаевтың өзі ғой. Бүгінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары болып отыр екен. Яғни, кәдімгідей шенеунік. Бұл қызметке келгеніне екі ай ғана болыпты. 25 қыркүйекте 36 жасқа толыпты. Екі айдан бері әкімнің орынбасары боп жүрген Алмас Садубаев  туған күнін ел есінде қалдыру үшін жоғарыда сипаттап өткендей бейнеклип түсіріп тастаған.

«Мынауым елден ұят» демепті. «Жұрттан ыңғайсыз» демепті. «Заңға қайшы» демепті. Менің, яғни мемлекеттік қызметкердің, шенеуніктің сыйлықты қалай алатынын көріңдер депті. Сірә, бұрынғы қызметінде өзі де талай бастығына осындай клип түсіріп берді ме екен? Қалай десекте, бұрынғы әріптестің бұл қылығына қынжылдық. Жоғарғы сот пен  ІІМ-нің баспасөз орталығын басқарған маман, мемлекеттік басшылықта жүрген әкімнің орынбасары мемлекеттік қызмет этикасын білуі, сақтауы тиіс қой. Осы ретте Алмас Садубаевтың әріптесі  Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахметтің «жемқорлықты мүлде жеңуге болмайды» деген сөзі есімізге түсті. Негізі Серік Ахмет рас айтыпты. Алмас Садубаевтар лауазымды қызметте отырғанда сыбайлас жемқорлықты жеңуге болмайды екен-ақ.

Айтпақшы, Алмас Садубаевтың осы ерсі әрекеті туралы бірінші болып, aikyn.kz сайты жазыпты. Бірақ, Садубаевтың құрығы ұзын болды ма, мақала сайттан алынып қалыпты. Интернеттің қалтарысында сақталып қалған сол өшіп қалған мақалаға қарасақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қала әкімінің орынбасары туған күніне алған сыйлығын мемлекеттік қорға қайта өткізгенін айтыпты. Яғни, кеше 29 қыркүйекет өткізген. Ал туған күні 25 қыркүйекте өткен. Төрт күн бойы, агенттікті іздеп бармаған. Әлемжеліде шу шыққан соң ғана Шудың бойын жағалап кеткен секілді.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев қала әкімінің орынбасарының қылығы Әдеп кодексі нормасы бойынша қалай қаралатынын aikyn.kz –ға бүй депті:

Негізі, тәртіптік іс қозғалды. Қазір мамандар тексеріс жүргізіп жатыр. Алайда ең бірінші біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тексерісін күтеміз. Содан кейін Әдеп кеңесінде қарау, әлде қарамау жөніндегі шешім шығарылады. Егер Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың әрекеті «Мемлекеттік қызметке кір келтірді» деп бағаланса,  лауазымынан төмендетілу немесе қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жаза белгіленуі мүмкін. Бірақ бұл шешімді Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шығарады. Мемлекеттік қызметші сыйлықты құзырлы мекемеге өткізді дегеннің өзінде қала әкімінің орынбасары туған күніне тартуды біліп алып тұрғаны видеода анық көрініп тұр. Сондықтан бұл жақтары да жіті қаралады.

Демек, ендігі сөз әдеп кеңесінде. Әдеп кеңесі «Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың әрекеті  «Мемлекеттік қызметке кір келтірмеді»,- деп шешсе, жақсы болар еді. Сонда әкімдер бірімен-бірі жарысып, алған сыйлықтарын видеоклипке түсіріп, жұртқа мақтанып таратар еді.  Бізге жетпей тұрғаны да осы ғой.

[video width="640" height="640" mp4="http://malim.kz/wp-content/uploads/2020/09/0d8196f158a46e9bb05f8342670b88d3.mp4"][/video]

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда темекі тұтыну бойынша зерттеу қорытындысы шықты

15.05.2020

Шегіртке дауымен шенеунік сотталып кетті

17.05.2020

Ақан-Шоқан ауылы

10.07.2020

Мұхтар ЖӘКІШЕВ бостандыққа шығады

03.03.2020

Ақша игере алмаған министрліктерді атады

29.10.2020

Кредитті жеңілдетудің жолы қайсы?

12.11.2020