Жаңа экономикалық бағыт қалай іске асады?

  • 19.09.2020
  • Malim Админ

Пандемияға қарамастан Қазақстан жаңа экономикалық бағытты іске асырып, дамуға қол жеткізбек. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов он шақты бағытты қамтитын жаңа экономикалық стратегия қараша айында әзірленетінін мәлімдеді.
Экономикаға жаңа бағыт керектігін президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында-ақ айтқан. Алайда көп ұзамай пандемия басталып кетіп, елдің ғана емес, бүкіл әлемнің экономикасына әсер етті. Сондықтан президент қыркүйек айындағы жолдауында осы мәселеге қайтып оралып, жаңа экономикалық бағытқа көңіл бөлді. Бұл жолғы жаңа экономикалық стратегия ағымдағы ахуалды есепке алады.
"Президент жолдауында экономикаға көп көңіл бөлді. Қазіргі жағдайда экономиканың даму мәселелері өте маңызды. Экономиканы дамыту жеті бағыт бойынша іске асады, олардың қатарында шағын және орта бизнесті қолдау, өнеркәсіпті дамыту бар. Осының бәрін жаңа экономикалық бағыт қамтитын болады. Жаңа экономикалық стратегияда қараша әзірленеді", - деді президенттік кадрлық резервке кірген жастармен кездескен ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Министрдің айтуынша, стратегия аясында квазимемлекеттік сектор реформаланады. Сондай-ақ жаңа экономикалық бағыт жаңа инвестициялрды тартуға көңіл бөледі. Р.Дәленов стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвестициялық келісім құжаты әзірленетінін айтты. Бұл құжат инвестияцилық жобаларды қолдаудың бірыңғай қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтиды. Әрі инвестициялық жоба іске асып жатқан уақытта заңнама тұрақты болып, инвесторлардың мүддесіне қайшы келетін өзгерістер қабылданбайды.
Шағын және орта бизнес те экономиканы дамытатын негізгі қозғаушы күш. Олай болса, пандемия кезінде локдауннан зардап шеккен шағын және орта бизнеске де көмек көрсетілмек. Мысалы, микро және шағын бизнесті тексеруден босатуға жарияланған мораторий арқасында алдағы үш жылдың ішінде бизнес 100 мың тексерістен босатылады. Бұл алдағы уақытта бизнесті реттеудің жаңа тетіктерін, президент тапсырған реттеуді цифрландыру мәселесін жолға қоюға мүмкіндік береді.
"Жаңа экономикалық бағыт аясындағы шараларды іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашып, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартады", – деді Р.Дәленов.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жаңа экономикалық бағыт он шақты негізгі принциптерге сүйенетінін айтқан. Бұл – міндет пен игіліктің әділетті бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің басымдыққа ие болуы, әділетті бәсеке, кәсіпкерлердің жаңа буынына арналған ашық нарық, өндіріс көлемінің артуы, экономиканың технологиялық қабілетін арттыру, адам капталын дамыту және білім беру саласына инвестиция салу, экономиканы жасылдандырып, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігі және қисынды, негізді шешім қабылдауы.
Экономист Марат Қайырленов жаңа экономикалық бағытты іске асырудың бірден-бір жолы елге шетелдік инвестор тарту дейді. "Елге ең алдымен шетелдік инвестор керек. Шетел болғанда да дамыған елдердің инвестициясы қажет. Билік соңғы 20 жылда экономиканы әртүрлі жолмен әртараптандырмақ болды. Әсіресе мұнай бағасы шарықтап тұрған кезеңде түрлі тәсілдер қолға алынды. Мәселен, 2000 жылдары елге шетелдік инвестициялар тартылды. Бұл экономикалық өсімге жол ашты", - дейді сарапшы.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылы шамамен 25 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды. Ал үкімет жетекшісі Асқар Мамин жыл сайын тартылатын инвестиция көлемі 25 пайызға артып отыруы тиіс дейді. 2000 жылдары елге тратылған инвестициялар экономикалық өсімге жол ашып, экономикаға үлкен серпін берді. Олай болса, бұл жолы жаңа экономикалық саясат аясында стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвестициялық келісім құжаты сол үшін әзірленбек. Осының арқасында инвесторлар мүддесіне қайша келетін заңнамалық өзгерістер қабылданбайды. Ал бұл елге инвестиция тартудың кепілі.

С. Назарова

Байланысты жаналықтар

«Еңбектен» кәсіп тапқандар баршылық

22.08.2020

Мемлекеттен төлем алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді

29.03.2020

Министр алматылықтармен митинг мәселесін талқылады

17.02.2020

ОПЕК ұйымы 60-жылдығын тойлауда

14.09.2020

Есірткімен алысқан боп, айналысқан сақшы

17.07.2020

Жастар жұмыспен қамтылуда

17.05.2021