Депутат: Шымкент әуежайы арзанға сатылғалы жатыр

Malim Админ

  • 07.10.2020

Мәжіліс депутаты палатаның жалпы отырысында Шымкент әуежайының сатылғалы жатқанына байланысты бірқатар мәселелер көтерді. Оның сөзіне қарағанда, әуежайдың белгіленген бағасы арзан. Сол себепті, оны қайта қарау керек.

Депутат Аманжан ЖАМАЛОВ өзінің сұранысын премьер-министр Асқар МАМИНГЕ бағыттады. Оның ойынша, әуежайды сатудың артында астыртын күштер тұруы мүмкін.

"Бұл байқауды тез әрі шусыз өткізген біреулерге тиімді сияқты. Бір таңқаларлығы, байқауға азаматтар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Жеке тұлға жалғыз өзі бүкіл әуежайды қалай басқара алады?  Бұл қала әуежайының болашағына күмән келтіруге итермелейді. Сарапшылардың бағалауынша, бастапқы баға ретінде белгіленген 5,2 миллиард теңге - мұндай нысан үшін өте төмен", - дейді Жамалов.

Осыған байланысты, тендерге қатысушыларды мұқият қадағалап, өтінімдер қабылдау мерзімін де ұзарту керек. Өйткені, тендер байқауын өткізуге тым қысқа уақыт беру – оның бағасына әсер ететін басты фактор.

Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, стратегиялық маңызды нысандарды жеке меншікке беруде іріктеудің талапқа сай жүргізілмейтінін алға тартты. Соның бір дәлелі осы Шымкент әуежайы. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған тендерге өтінім қабылдау үш апта ғана. Оның өзінде, хабарландырудың 5 қазан күні ғана кеңінен таралғанын ескерсек, бұл жайтты көп ешкім білмей де қалуы мүмкін.

Айта кету керек, 5 қазан күні мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында Шымкент әуежайының сатылғалы жатқаны жайлы хабарландыру пайда болған. Онда сауда 8 қазан күні жүргізілетіні, бастапқы бағасының 5,23 (5 234 000 000) млрд теңге екені көрсетілген.

Бір қызығы, әуежай 2018 жылдың қарашасында ғана мемлекеттік басқарудан қалалық меншікке өткен. Онда бұл әуежайдың жекеменшікке өтетін нысандар тізімінде жоқ екені айтылған. Бәлкім, депутат сұранысын тек премьер-министрге емес, Шымкент  әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВКЕ де жолдауы керек еді. Оның сұранысы үкіметке жетіп, одан әрі Шымкент әкімдігіне жолданып (әдетте солай болады) болғанша, әуежай сатылып кетуі де мүмкін ғой. Депутатымыз қолын мезгілінен кеш сермеп қалмады ма екен осы? Ол енді, бір апта бұрын ғана экс-президентпен бірге барып, Түркістан әуежайын "ашып" қайтқан премьер Маминнің реакциясына байланысты.

Байланысты жаналықтар

Әуежайға келгенде Әйтенов күле береді...

27.01.2023
MalimBlocks
Әуежайға келгенде Әйтенов күле береді...

Шымкент жеріне табаны тиген сәтте премьер-министр Әлихан Смайлов  шалт қимылдапты.  Үкімет пен әкімшілік аппараты алдына-ала жоспарлап, дайындап, сызып, келісіп қойған бағыттан ауытқып, әуежайға аяқ басыпты.