Әуежайға келгенде Әйтенов күле береді...

Шымкент жеріне табаны тиген сәтте премьер-министр Әлихан Смайлов  шалт қимылдапты.  Үкімет пен әкімшілік аппараты алдына-ала жоспарлап, дайындап, сызып, келісіп қойған бағыттан ауытқып, әуежайға аяқ басыпты.

Руслан ЕРБОТА

  • 27.01.2023

Шымкент жеріне табаны тиген сәтте премьер-министр Әлихан Смайлов  шалт қимылдапты.  Үкімет пен әкімшілік аппараты алдына-ала жоспарлап, дайындап, сызып, келісіп қойған бағыттан ауытқып, әуежайға аяқ басыпты. Мәртебелі қонақты ұшақтан түсірмей жатып құшаққа қысуды әбден меңгерген шымкенттіктер бұл жолы абдырап қалыпты. Әуежайдың жағдайы десе, қала әкімі  Мұрат Әйтенов күле береді ғой, жымиған күйі Смайловтың соңына еріпті.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлихан Смайлов Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис екенін, Шығыс пен Батыстан ағылған жолдың ортасында оңтайлы орналасқанын, ал бұл өз кезегінде жан-жаққа тікелей рейс ашуға, тіпті, жүк тасымалдауға зор мүмкіндік беретінін айтып өтіпті.

Үкімет жетекшісінің бұл сөзін қала әкімі Мұрат Әйтенов мұқият тыңдағаны сөзсіз. Смайловтың сөзінен басқа-басқа  Шымкенттің үшінші мегаполис екенін Әйтенов жақсы білсе керек. Өйткені өзі де бұл сөзді көп айтады. Ал қаладағы әуежайдың жағдайын премьер-министрден артық білмейді-ау. Үкімет басшысы «Шымкенттің бетке ұстар ғимаратына қала әуежайы лайық емес, халықаралық статусқа да лайық емес» деген сөзіне Әйтенов қарсы келмей, бір жымиып қойыпты.

«Жаңа терминалды салуға тапсырма 2018 жылды берілді. Әлі күнге дейін неге пайдалануға берілмеген? Әуежайдың келбеті туристке, қала қонағына, тіпті, мемлекетке алғашқы әсер туғызады. Сондықтан, жаңа терминалды тездетіп іске қосқан маңызды»,- депті үкімет жетекшісі бес жылғы ұйқыдан енді оянғандай. 

Әуежайға келгенде Мұрат Әйтенов уәде беруге машықтанып алған ғой, терминал жобасы 80 пайызға біткенін, жалпы 40 мың текше метр құрылыс жүргенін айта келіп, 2023 жылдың соңына қарай тапсырылатынын айтыпты. Одан кейін Әлихан Смайлов алдын ала жоспарланған жолына түсіп кете беріпті.

Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қараша айында тікелей эфирде жаңа әуежайдың есігі 2021 жылдың наурызында айқара ашылады деген еді. Бірақ, көпшілік оның сөзіне күлген де қойған.

Өйткені бұл бірінші өтірігі емес еді. Мұның алдында «жаңа әуежайдың құрылысы 2020 жылдың шілдесінде аяқталады» деген болатын. Бірақ, ол кезде құрылыстың созылуын коронавирус пандемиясына жаба салған. Кейінгілеріне сылтау айтып әуре де болмаған.

Бір қызығы, жаңа әуежайдың құрылысы қыза бастаған сәтте қала әкімдігі мен әуе компаниялары арасында дау басталған еді.

Жалпы, Шымкенттегі жаңа әуежайды SCAT компаниясы инвестор ретінде өз ақшасына салып жатыр. Жобаның жалпы құны 50 млн долларға  бағаланған. Сол кездегі бағаммен алсақ, бұл шамамен 21,5 млрд теңге, мұның 5,5 млрд теңгесі компанияның өз ақшасы, қалғанын банктен қарызға алған. Жаңа әуежай жолаушы легін 600 мыңнан 3,5 миллионға дейін арттырады делінген.  SCAT компаниясы жаңа терминалдың құрылысын бастап кеткен соң 2020 жылы қала әкімдігі ескі әуежайды сатпақ болып шығады (2016-2020 жылдар ішінде жекешелендіруі тиіс нысандардың бірі).

Қала шенеуніктері мұны мәжбүрлік деп түсіндіргісі келді. Олардың сөзінше, ескі әуежай табысы жылына 100-150 млн теңгеден аспайды, ал бұл сомма әуежайдың жағдайын қарыштап жақсартуға келмейді.

Қала бюджетінің шамасы әуежайды жақсартуға келмесе, жеке инвестордың жағдайы қайдан келсін? Жаңа әуежай салынып жатқанын біле тұра жағдайы мүшкіл ескі әуежайды кім сатып алсын? Мұндай сұрақты қала шенеуніктеріне мәслихат депутаттары да, журналистер де кезінде қойды. Қала әкімшілігі ескі әуежайды сатудан бас тартпады.

Бірақ, бар қызық осы жерде басталды. Жағдайы нашар деген әуежайды сатып алушыға бірден 5,2 млрд теңге төлеуге, 10 жыл бойы жыл сайын әуежайдың дамуына 600 млн теңге бөлуге, содан кейін 10 жылдан соң өз басқаруына алуға шарт қойылды.

Әуежай мен ұшаққа қатысты сала әрине, тұрғын үйдің тендеріне қатысу емес. Бұл саладағы ойыншылар бірлі-жарым ғана. Бірақ, жаңа әуежайды өз қаржысына салып, шымкенттіктерді жарылқап жатқан SCAT о баста ескі әуежайды сатуға қойған шарттарға шағымданып шықты.

 Ал, еліміздегі ең үлкен әуекомпания Air Astana болса, Шымкент әкімдігі бірінші рет жалғыз қатысушымен өтпей қалған тендердің 2-ші кезегін ылдым-жылдым өткізіп жатқанын, қысқа уақыт ішінде ондағы шарттарды орындап, құжат жинау мүмкін еместігін айтып жар салды.

Ал бірінші тендерге қатысып, 758 млн теңге салым салып қойған қатысушының жөнін, атын қаржы басқармасындағылар айтпады.

2020 жылдың соңында өтуі тиіс екінші тендерді  SCAT тоқтатып тастаған еді. Анығында әуе компаниясы қала әкімдігін сотқа беріп, тендерді тоқтатуға, оның қорытындысын заңды деп мойындамауға шағым түсірген-ді.

Компанияның шырылдайтындай жөні бар еді. Өйткені біріншіден SCAT жаңа терминал салу арқылы Шымкент әуежай кешенін басқаруды жоспарлаған. Сондай-ақ, инвесторды қорғау ережесі бойынша, әуежай кешені сатып алу құқығы бар сенімді басқару иелігіне берілсе, онда стратегиялық аймақтан шығарылатын 6 гектар жер инвесторға яғни, жаңа терминалды салушыға берілуі тиіс болған.

Сонымен, сот ісі созылып келіп, былтыр сәуірде аяқталды. Онда Мұрат Әйтеновтің қарамағындағы қызметкерлері ұтылып қалды. Шымкент қаласының мамандандырылған аудан аралық әкімшілік соты қалалық әкімдіктің әуежайды сатуын заңсыз деп таныды.  Сот тендер кезінде әділ бәсекеге жағдай болмаған деген баға берді.

Осылайша, 1932 жылы салынған Халықаралық деген дардай атауы бар ескі әуежайды қала әкімі Мұрат Әйтенов не уақытында жаңарта алмай, не уақытында жекешелендіре алмай, не жаңа әуежайдың құрылысын дер кезінде бітірте алмай жүріп жатыр. Әуежай десе болды,  "уезжай" сөзін естігендей күле береді, әйтеуір...

 

Байланысты жаналықтар

Жоғары аудиторлық палата: Қазақстанға әкелінетін медициналық техниканың бағасын бақылау күшейтілді

13.08.2024

Елімізде құны 280 миллион теңгеге жуық дәрі-дәрмектің мерзімі өтіп кеткен

15.07.2024

«Қазақстан темір жолы» қалт-құлт етіп тұр: Компания банкрот болуы мүмкін екені айтылды

12.06.2024

Тоқаев кеше ғана жаңа лауазым иеленген Әлихан Смайыловты қабылдады

02.04.2024

Әлихан Смайлов жаңа қызметке тағайындалды

01.04.2024

Смайловтың шүйлігуі әкімдерді шошыта ала ма?

05.12.2023
MalimBlocks
Жоғары аудиторлық палата: Қазақстанға әкелінетін медициналық техниканың бағасын бақылау күшейтілді

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Қазақстанда сатып алынатын медициналық технологиялық жабдықтың құнын бақылау күшейтілді.

Елімізде құны 280 миллион теңгеге жуық дәрі-дәрмектің мерзімі өтіп кеткен

Бұл заң бұзушылықты Жоғары аудиторлық палата анықтады.

«Қазақстан темір жолы» қалт-құлт етіп тұр: Компания банкрот болуы мүмкін екені айтылды

Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.

Тоқаев кеше ғана жаңа лауазым иеленген Әлихан Смайыловты қабылдады

Кездесу барысында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлихан Смайлов жаңа қызметке тағайындалды

Бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайлов Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.

Смайловтың шүйлігуі әкімдерді шошыта ала ма?

Бүгін Үкімет отырысында көлікпен жүк тасымалдау саласы бойынша мәселесі қаралды. Осы жиында перемерь-министр Әлихан Смайлов жол бойындағы сервистерді әлі күнге дейін дамыта алмай отырғандарына ашынды.