Смайловтың шүйлігуі әкімдерді шошыта ала ма?
Бүгін Үкімет отырысында көлікпен жүк тасымалдау саласы бойынша мәселесі қаралды. Осы жиында перемерь-министр Әлихан Смайлов жол бойындағы сервистерді әлі күнге дейін дамыта алмай отырғандарына ашынды.
Смайловтың сөзінше, сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдер созып жіберген. Соның кесірінен инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұрған көрінеді.
- Жол бойындағы сервис бойынша сұрақтар бар. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген,- деді Үкімет отырысында Әлихан Смайлов.
Премьер-министрдің мәліметінше, Қазақстанда сегіз халықаралық автомобиль дәлізі бар. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды. Оның қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, Трасека бар.
-Шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуі, инфрақұрылым сапасы, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығы сын көтермейді. Көлік иелерінен осыларға қатысты шағым көп түседі. Жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Оның үстіне, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет, - дейді Әлихан Смайылов.
Ол халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар барын айтады. Сөзінше, сервис объектілерінің көбі стандартқа сәйкес келмейді. Смайлов Көлік министрлігі сауда, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керектігін айтты. «Жергілікті атқарушы органдар сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, екі ай мерзімде жүргізулері тиіс» деді Үкімет отырысында Әлихан Смайлов.