Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесі талқыланып жатыр. Құжаттың басты мақсаты - кен өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындардың мүддесін теңестіріп, ел ішінде мыс өңдеуді дамытуға және жаңа өндірістік қуаттарға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін ортақ ереже қалыптастыру, деп хабарлайды Malim.kz.
Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесін талқылау біртіндеп кен өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар арасындағы пікірталасқа ұласып келеді. Бір тарап шығынның өсуінен қауіптенсе, екінші тарап металлургиялық қуаттарды жаңғыртуға қаржы қажет екенін алға тартады. Алайда формулалар мен коэффициенттер төңірегіндегі техникалық талқылаудың тасасында ең маңызды мәселе қалып қоюы мүмкін: Қазақстан алдағы 10–20 жылда мыс өнеркәсібін қандай деңгейде көргісі келеді?
Бүгінде еліміздің минералдық-шикізат қоры мол және мыс концентратының едәуір көлемі экспортқа шығарылады. Алайда өндірістің келесі кезеңі - шикізатты ел ішінде өңдеу - әлдеқайда баяу дамыды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда заманауи кеніштер мен байыту фабрикалары іске қосылғанымен, солармен ауқымы жағынан салыстыруға келетін жаңа ірі мыс балқыту кәсіпорындары іс жүзінде салынған жоқ.
Өнеркәсіптің мұндай құрылымын өзгерту қажеттігін Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи өнеркәсіптік негіз қалыптастырып, өңдеуші өнеркәсіпті қолдауды күшейту қажеттігін нақты айтты. Сондай-ақ ол бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген дайын тауарларды импорттау тәжірибесі «біртіндеп тоқтауға тиіс» екенін мәлімдеді. Қазір мемлекет осы міндетті нақты экономикалық тетіктерге айналдыруға тырысып отыр.
Нарыққа Әдістеме не үшін қажет болды?
Әлемдік нарық концентраттың бағасын айқындай алады. Бірақ Қазақстанның өнеркәсіптік даму міндетін шешуге міндетті емес.
Егер шикізатты ел ішінде өңдеу экономикалық жағынан тартымсыз болса, концентрат бұрыннан ірі әрі бәсекеге қабілетті өндірістік қуаттары бар елдерге жөнелтіледі. Жеке компания үшін бұл тиімді шешім болуы мүмкін. Бірақ мемлекет үшін оның салдары басқаша: шикізатпен бірге өндірістің келесі сатысы да шетелге кетеді. Соның нәтижесінде инвестицияның, жұмыс орындарының, салық түсімдерінің және технологиялық құзыреттердің бір бөлігі елден тыс жерде қалыптасады.
Сондықтан мемлекеттің міндеті — кен өндіруші және өңдеуші компаниялардың арасынан әкімшілік жолмен бір тарапты қолдау емес. Негізгі мақсат - кен өндірудің бәсекеге қабілеттілігін сақтай отырып, ел ішіндегі өңдеу өндірісінің жұмыс істеуіне және дамуына мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық жағдай жасау.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп жатқан Әдістемеге де осы тұрғыдан қараған жөн. Оның мәні бір ғана тариф мөлшерін белгілеуден әлдеқайда кең. Әңгіме нарық қатысушыларына өңдеу экономикасын алдын ала есептеп, жоспарлауға мүмкіндік беретін бірыңғай әрі ашық ережелер қалыптастыру туралы болып отыр.
Зауытты тек ағымдағы шығын есебінен жаңғырту мүмкін емес
Ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі - тариф құрамына инвестициялық шығындарды енгізу мүмкіндігі. Концентрат өндірушілердің алаңдаушылығы түсінікті: кез келген қосымша төлем олардың шығынын арттырады. Сондықтан инвестициялық құрамдас бөліктер экономикалық тұрғыдан негізделіп, ашық есептеліп, нақты жобалармен байланысты болуы керек.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар.
Металлургиялық зауытты ондаған жыл бойы тек күнделікті қызметіне қажетті қаражат есебінен дамыту мүмкін емес. Жабдықтарды қайта жаңарту, экологиялық жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа өндірістік қуаттар салу үшін қомақты капитал қажет.
Егер мемлекет терең өңдеуді дамытуды мақсат етсе, экономикалық модель қарапайым сұраққа жауап беруі тиіс: өңдеу саласына салынған инвестиция қандай қаражат есебінен қайтарылады?
Бұл мәселені елемеу жаңғыртудың құнын арзандатпайды. Тек оны кейінге шегереді.
Жаңғыртудың созылуы тағы бір тәуекелге әкеледі - қолданыстағы өңдеу қуаттарының біртіндеп қысқаруы. Мұндай үрдіс әлемдік нарықта қазірдің өзінде байқалып отыр. TC/RC мөлшерлемелерінің төмендеуіне байланысты Жапония мен Филиппиндегі жекелеген кәсіпорындар мыс концентратын өңдеу көлемін қысқартып немесе толық тоқтатып жатыр, ал Намибиядағы бір зауыт консервация режиміне көшірілді.
Сондықтан талқылаудың өзегі инвестицияның өңдеу экономикасына енгізілу-енгізілмеуі емес, оны есептеудің ашықтығы, негізділігі және бөлінген қаражаттың шын мәнінде өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталуын бақылау тетігі болуы керек.
Әлемдік баға ішкі өнеркәсіп міндетіне әрдайым сәйкес келе бермейді
Тағы бір пікірталас әлемдік Treatment Charge көрсеткіштеріне қатысты. Олар нарықтағы маңызды бағдар болғанымен, негізінен әлемдегі концентрат көлемі мен балқыту қуаттарының арақатынасын көрсетеді. Өңдеуші кәсіпорындар шикізат үшін қатты бәсекелескен жағдайда бұл мөлшерлемелер күрт төмендеуі мүмкін.
Әлемдік нарыққа Қытайдағы мыс балқыту қуаттарының мемлекеттік қолдау есебінен қарқынды ұлғаюы ерекше әсер етті. Бұған өндіріс ауқымының артықшылықтары, күрделі және операциялық шығындардың деңгейі, жабдықтардың жаңалығы, энергия тиімділігі және өзге де факторлар ықпал етті.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттары өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. Ал 2025 жылға қарай бұл елдің үлесі әлемдік көлемнің шамамен жартысына жеткен. Нәтижесінде өңдеу қуаттарының өсу қарқыны концентрат ұсынысынан едәуір асып, зауыттардың шикізат үшін бәсекесін күшейтті және TC/RC мөлшерлемелеріне қысым түсірді.
Алайда бұл металлургиялық кәсіпорындардың нақты өндірістік шығындары жоғалды дегенді білдірмейді. Электр энергиясы, жөндеу жұмыстары, қызметкерлердің еңбекақысы, экологиялық инфрақұрылым мен жабдықтар нарықтағы жағдайға қарамастан шығынды талап етеді.
Сондықтан халықаралық көрсеткіштерді ескеру қажет, бірақ оларды қазақстандық нақты кәсіпорынның экономикасына өзгеріссіз көшіру мәселені тым қарапайым түсіндіру болар еді.
Кен өндірушілердің мүддесі де қорғалуға тиіс
Концентрат өндіруші компания не үшін ақы төлеп отырғанын анық білуі, өңдеу қуаттарына қол жеткізудің ашық шарттарына ие болуы және өз шығындарын ұзақ мерзімге жоспарлай алуы керек.
Әдістемені талқылаудың маңызы да осында. Нарық қатысушыларының ұсыныстары мен ескертулері тетік түпкілікті бекітілгенге дейін оның қаншалықты орнықты екенін тексеруге мүмкіндік береді.
Алайда жекелеген параметрлер бойынша пікірталастың болуы тәсілдің өзі қате дегенді білдірмейді. Керісінше, министрліктің қазіргі міндеті - экономикалық тұрғыдан негізді екі мүдденің арасындағы тепе-теңдікті табу: бір жағынан кен өндіру саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтау, екінші жағынан ел ішіндегі өңдеуді дамытуға жағдай жасау.
Қазақстанға өз тепе-теңдігі қажет
Түптеп келгенде, Әдістеме төңірегіндегі пікірталас концентраттың әр тоннасына қосылатын бірнеше доллар кімге тиесілі болатыны туралы дау емес. Бұл - елдің болашақ өнеркәсіптік моделіне қатысты мәселе.
Егер Қазақстан шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшуді көздесе, өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және жаңаларын ашуға экономикалық жағдай жасау қажет. Бірақ мұндай ережелер шикізат өндірушілерге де, өңдеушілерге де ашық, түсінікті әрі болжамды болуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда бірыңғай Әдістеменің әзірленуі қисынды қадам. Ендігі міндет - министрлік пен нарық қатысушылары оны жекелеген кәсіпорындарды жасырын субсидиялау тетігіне де, ел ішіндегі өңдеуді экономикалық жағынан тиімсіз ететін құралға да айналдырмай, теңгерімді түрде әзірлеуі.
Өңдеу экономикасын өндірісті жаңғыртумен және жаңа қуаттар салумен байланыстыратын түсінікті тетік болмаса, терең өңдеуге көшу жөніндегі мақсат қағаз жүзіндегі ұран күйінде қалуы мүмкін.
Егер Қазақстан шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнім экспортына тәуелділікті біртіндеп азайтқысы келсе, ел ішінде өңдеуді экономикалық тұрғыдан тұрақты әрі инвестиция үшін тартымды ететін ұзақ мерзімді ережелер қажет. Әдістеменің стратегиялық мәні де осында.
Күшті өнеркәсіптік саясат мемлекет бір тарапты жеңімпаз етіп таңдаған кезде емес, өндірістің келесі сатысына ел ішінде инвестиция салуды экономикалық тұрғыдан тиімді ететін ережелер қалыптастырған кезде басталады.