Актер Алмат Сақатов әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, айтыскер ақын Мақсат Ақановқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Актер видеосын қазақ қоғамындағы сын мен табалауға қатысты өлең жолдарымен бастады.
"Жетіміңе қарамайтын,
Жесірлерін алалайтын.
Лауазымың бар болғанда, бауырым деп жағалайтын,
Ешкім болмай тұрған кезде адамға сені деп санамайтын.
Атың шықса бағалайтын,
Құлағанда жерден алып, жерге салып табалайтын қазақ, ассаламағалейкум", – деді Алмат Сақатов.
Одан кейін актер соңғы уақытта сынға қалған Мақсат Ақановқа тікелей үн қатып, бір қателік үшін адамды жаппай сынаудың қажеті жоқ екенін айтты.
"Мақсат бауырым, ақын бауырым сүрініп еді, жалынан алып, жанбасына дейін жыртып жатырсыздар ма? Мақсат, сен сүріндім деп ойлама. Сен кімнің жаман, кімнің жақсы екенін бір-екі күннің ішінде айырып алдың. Қандай жақсы. Болашақта білесің кімнің кім екенін", – деді актер.
Алмат Сақатов қоғамда белгілі адамдарды сынау мен табалау бұрыннан бар құбылыс екенін айтып, Мұқағали Мақатаевты мысалға келтірді.
"Мұқағалиды да “алқаш, алқаш” деп, өлімге қарай итерген қазақпыз. Қайтесің, табалайды, бар ондай", – деді ол.