Әнші Роза Әлқожаның қызы Ақбота Мәскеуде 72 күн бойы Ресейдің жаңа сериалына түсіп, елге оралды. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Роза Әлқожаның айтуынша, Ақбота "Горничная" атты ресейлік сериалда қырғыз қызы Айкөлдің рөлін сомдаған. Кейіпкері мигрант ретінде өмірдің түрлі қиындығын бастан өткереді.
"Кеш жарық! Мәскеуден Ақ ботамыз келді! 72 күн сериалға түсіп, енді келе жатыр. “Горничная” деген Ресей сериалында қырғыз қызы Айкөлдің рөлі бұйырған екен. Мигрант болып барып, өмірдің қиындығын көп көрген Айкөлді ойнау оңай болмады", – деп жазды әнші.
Ол түсірілім барысында қызының физикалық тұрғыдан да қиындық көргенін атап өтті. Кейбір көріністерден кейін Ақботаның қолдары қып-қызыл болып, жарақаттанғанын көргенде уайымдағанын жеткізді.
Роза Әлқожа түсірілім жұмыстары кей күндері кешкі сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жалғасқанын да айтты.
"Кешкі алтыдан таңғы алтыға дейін түсірілім алаңында жүрген қызымның бәле-жаладан аман болуын Алладан ғана тіледік!" – деді ол.
Әнші қызының бүгінде Түркістан музыкалық театрының актрисасы екенін айтып, оның шығармашылық жолындағы жаңа жетістігіне қуанышын білдірді. Сондай-ақ Ақботаның Okko жобасында басты кейіпкер атанғанын жазды.