16 қыркүйек күні сағат 10:00-де Құрылтайдың кезекті отырысы өтеді. Депутаттар ратификациялауға қатысты екі заң жобасын бірінші оқылымда қарастырады, деп хабарлайды Malim.kz.
Күн тәртібінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттемелер тізбесіне өзгерістер енгізу мәселесі бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім талқыланады.
Бұдан бөлек, депутаттар Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру мәселесін қарайды.
Отырыстың тікелей трансляциясы quryltai.kz ресми сайтында, Құрылтайдың YouTube арнасында, сондай-ақ 24KZ және Jibek Joly телеарналарында көрсетіледі.
Жиын қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифингтер өткізу жоспарланған. ДСҰ аясындағы міндеттемелерге енгізілетін өзгерістер жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, депутаттар Динара Райханова мен Алмат Әбдікешов пікір білдіреді.
Ал Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру мәселесіне қатысты депутаттар Айдос Сарым мен Тілектес Адамбеков брифинг өткізеді.