Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қарасай аудандық соты оны 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырып, сот залында қамауға алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша қаралған. Аталған норма онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.
Жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокатының мәліметінше, сот Жақсыгенді кінәлі деп танып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуді белгіледі.
Сондай-ақ сот Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырған. Нәтижесінде актерден оның пайдасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылданды. Үкім жарияланғаннан кейін Жақсыген сот залында қамауға алынды.
Сот шешімінен кейін Фариза Сабырәлиева әлеуметтік желіде пікір білдіріп, ар-намысының қорғалғанына көңілі босап, жылап қалғанын көрсетті.
Бұған дейін Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайы арасында сот дауы жалғасып келген. Сабырәлиева әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын мәлімдеген. Ал Жақсыген бұған дейін өзінің атынан жалған парақша ашылғанын айтып, тағылған айыппен келіспейтінін жеткізген.